​Таңертең шаршап оянудың 5 себебі (терапевт кеңесі)

0
4 782

Сіз де ұйқыңыз қанбай, төсегіңізден әрең тұрасыз ба?


​Таңертең шаршап оянудың 5 себебі (терапевт кеңесі)

Фото: pbs.twimg.com

Телефоныңызды сөндіріп, «перезагрузка» беріп қайта қосқанда оның жұмыс істеуі жылдамдайды, жақсарады. Дәл сол сияқты ұйықтап тұрғанда бүкіл ағзаның қуаты қайта қалпына келеді. Әйтсе де ұйқыдан шаршап тұратындар бар.


Сонымен бірге, түскі уақытқа дейін ұйқысын аша алмай есінеп отыратындар да, қуаты тез таусылып уһілеп жүретіндер де көп. Себебі не?

Тәжірибелі терапевт-дәрігер Бақыт Меруерт Дарханбекқызы (@dr_darkhanbekovna) шаршағыштық синдромының негізгі 5 себебі бар дейді. Олар мыналар:



1-себеп: Ұйқыға кеш жату

Сергек ояну үшін, ең бірінші дұрыс ұйқы қажет. Дұрыс ұйқы дегеніміз – уақытылы, қараңғы әрі алдын ала желдетілген бөлмеде ұйықтау. Киім, төсек орны бәрі жайлы болуы керек. Яғни, кітап оқып жатып немесе сериал көріп жатып, қисайған жерде ұйықтап қалу дұрыс емес. Ұйқыға да дайындалыңыз – жуынып-шайынып, шашты босатып, киімді ауыстырып...

Ұйқыға кетудің ең идеалды уақыты – сағат 22-23. Нақтырақ айтқанда, сағат 23-ке дейін ұйықтап кету қажет. Өйткені түнгі сағат 22-де эндорфин және СТГ (жасушаларды қалпына келтіретін өсу гормоны) гормондары бөліне бастаса, сағат 23 пен 3 аралығында өте қажетті – мелатонин бөлінеді. Бір қызығы, бұл гормондар ұйықтап жатқан түнгі уақытта 70 пайыз көп бөлінеді екен.

Есте сақтаңыз: қанша сағат ұйықтағаныңыз емес, қай уақыт аралығында ұйықтағаныңыз маңызды.

КЕҢЕС: «Адам ұйқыға жатқанда гормондар оянады» деген фразаны жаттап алыңызшы. Бұл гормондар сіздің күні бойы сергек, қуатыңыз тасып жүру үшін қажет. Сондықтан түнде ұйықтаңыз, күндіз жұмыс істеңіз. Түнгі 23-24-те істейтін жұмыстарыңызды ерте таңғы уақытқа қалдырсаңыз болады.



2-себеп: Дұрыс тамақтанбау

Сергек жүруге тамақтану да қатты әсер етеді. Ал дұрыс тамақтану бұл – уақытылы әрі ағзаны «тыңдап» тамақтану. Сондықтан таңғы асқа жеңіл сіңетін көмірсуларды (жемістер, ботқа, смузи, тәттілер) қолданбай, майлы, ақуызды тағамдарды қабылдаған дұрыс. Себебі, көмірсуларды көп қолдану ағзамыздың ұйқышылдығына жауапты орексин деп аталатын гормонның көп бөлініп, сіздің ұйқысырап жүруіңізді күшейтеді. Сондықтан да қаншалықты көмірсу қабылдайсыз, сонша ақуыз бен май қабылдау арқылы күндізгі шаршағыштықты азайта аласыз.

Қарныңыз ашпаса, тамақтанбаңыз. Тамаққа тойып алып ұйықтау да таңертең шаршап тұруыңызға себеп болады.

КЕҢЕС: Таңғы асты тастамаңыз. Ал кешкі астың мөлшерін кемітіңіз. Ұйықтардан екі-үш сағат бұрын тамақтануды тоқтатыңыз.



3-себеп: Гормондар бұзылысы

Үнемі шаршағыштық гормондарды тексеруді талап етеді. Ең бірінші кезекте әрине, қалқанша безі гормондарының жай-күйін тексеріңіз.

Қалқанша безі гормондарының жетіспеушілігі (гипотиреоз) – созылмалы шаршағыштық, салмақ қосу, тоңып жүру, шаш түсу, ісіну сияқты белгілермен көрініс береді. Бұл кезде міндетті түрде ТТГ, бос Т4, Т3, антиТПО гормондарына анализ тапсырыңыз. Қажетті дәрумендер мен дәрі-дәрмекті қабылдау арқылы гормондар мөлшері реттелсе, шаршағыштық, ұйқышылдық та реттеледі.

КЕҢЕС: Эндокринолог маманына жүгініп, тиісті ем-домды алыңыз.



4-себеп: Темір жетіспеушілігі

Біздің ағзамыздағы темірдің қызметі көп. Оның ағзада тиісті мөлшерде болмауы: үнемі шаршап қала беруге, жүректің кейде қатты соғуына, шаштың түсуіне, терінің бозғылттануына, бастың айналуына, әлсіздікке алып барады.

Темірдің орнын дер кезінде толтырмасаңыз, ол темір тапшылықты анемияның дамуына ықпал етеді. Жасырын темір тапшылықты анемия да кездеседі. Бұл да шаршауға, ұйқының қанбауына алып баратын себеп. Анықтау үшін гемоглобин, темірмен қоса міндетті түрде ферритинге анализ тапсыру керек.

КЕҢЕС: Міндетті түрде дәрігер кеңесін алыңыз.



5-себеп: Ағзада паразиттің болуы

Келесі бір себеп – ағзада қоректенуші паразит құрттардың болуы. Өкінішке орай байқамай құрттардың жұмыртқаларын түрлі тағамдар: жуылмаған жемістер, аскөктер, тіпті суши жеп, мысық, күшіктерді сүю арқылы да қабылдап қоюыңыз мүмкін. Қалыпты жағдайда асқазанның қышқыл сөлі бұларды өлтіреді, ал егер сізде стресс болса сөл бөлінуі азаяды да, паразаиттер көбейе береді. Паразит құрттар сіз немен тамақтанасыз соның барлығын жейді де, ағза қажетті А және В12 дәрумендерін, микроэлементтерді «ала алмай қалады».

КЕҢЕС: Жеміс-жидекті, көкністерді тазалап жуып пайдаланыңыз. Стрестен, күйзеліске түсуден аулақ болыңыз. Спортпен айналысуға, көңілді жүруге тырысыңыз.


Терапевт-дәрігер осылай дейді. Оқырман, қалай ойлайсыз, сіздіңше шаршағыштығыңызға қайсысы себеп боп жүр?

Дайындаған: Ж. Смағұлова,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:


Бүкіл ағзаны жасартатын йога жаттығуы


ЛОГОМАССАЖ баланың сөйлеуіне КӨМЕКТЕСЕ МЕ? (Маман жауабы)