​Варикозды «емдейтін» ӨТЕ ОҢАЙ 6 жаттығу

0
3 316

Бір орында отырып-ақ варикозды емдей аласыз.


​Варикозды «емдейтін» ӨТЕ ОҢАЙ 6 жаттығу

Суреттер ашық дереккөздерден алынды

Варикоз – бұл аяқтағы вена қан тамырларының кеңеюі, білеуленуі. Ол көзге оғаш көрінетін эстетикалық проблема ғана емес, сонымен бірге ауыртатын кесел. Асқынған жағдайда венаға қысым түсіп, қан тамыр ішінде ұйып қалады, түйінделіп ісік пайда болады. Тіпті қан тамырлары жұқарып тесілу қаупі де бар.

Сондықтан ауырсынусыз баяу басталатын варикозға бей-жай қарауға болмайды. Алғашқы сатыларында емдік жаттығулар, дәрумендер қабылдау, бандаж кию сияқты ем түрлерімен аурудың алдын алу қажет. Ал асқынған жағдайда хирургке жүгінуге тура келеді.



Белгілері

  • Тамыр түсі – қою күлгін немесе көк;
  • Тамыр көрінісі – бұралған немесе дөңес;
  • Аяқтағы ауырлық;
  • Аяқтың қызуы;
  • Пульсация;
  • Аяқтың жиі ісуі;
  • Аяқтың құрысып ауыруы;
  • Тамырлар айналасының қышуы;
  • Тобық аймағындағы жаралар.

Осындай белгілер байқалса, ең алдымен дәрігерге барыңыз. Өйткені дәрігер ғана нақты диагноз қоя алады, сондай-ақ ауру дәрежесіне қарай ем тағайындайды.

Жалпы дәрігер нұсқаған еммен бірге йога жаттығуларын орындауға болады. Қан тамырларының кеңеюі көбіне жүкті әйелдер мен қарт адамдарда кездесетіндіктен, бір орында отырып орындауға болатын йога жаттығуларын топтадық. Жаттығу емес, асана немесе қалып (поза) деген дұрыс болар. Білікті фитнес мамандары ұсынған бұл йога асаналары қарапайым болғанымен, емдік әсері зор. Орындаңыз!



Ардха матсиендрасана

Йога мамандары аяқтағы қан тамырлардың түйінделуі жоғары жақтан басталады дейді. Олардың айтуынша, жамбастағы қанайналымның нашарлауынан және бауырдың қызметі бұзылғаннан балтыр мен санның вена тамырларына ауырлық түседі екен. Осы орайда йога мамандары бауыр мен ұйқы безінің, жамбас қанайналымын жақсартатын – Ардха матсиендрасана жаттығуын міндетті түрде орындауға кеңес береді.

  1. Қатты төсенішке аяқтарыңызды созып отырыңыз.
  2. Сол аяғыңызды бүгіп жинаңыз. Балтыр, тобық еденге тиіп тұрғаны дұрыс.
  3. Оң аяғыңыздың табанын сол аяқ тізесінің қасына (суреттегідей) қойыңыз.
  4. Сол қолыңыздың шынтағын оң аяқ тізесінің сыртқы жағына қойып, оң қолмен еденді тіреп ұстаңыз.
  5. Басты барынша солға бұрып, терең-терең 6 рет тыныс алыңыз. Жалпы жаттығу барысында бірқалыпты демалған жөн.
  6. Бастапқы қалыпқа оралып, оң аяқ қалпын сол аяқпен, сол қол қалпын оң қолмен ауыстырасыз.
  7. Басты оң жаққа бұрып, 6 рет терең тыныс аласыз.



Випарита карани

  1. Шалқаңыздан жатып, аяғыңызды жоғары көтеріп қабырғаға тіреңіз.
  2. Балтырды, бөксені жайлап қабырғаға жақындатыңыз. Тізені бүкпеуге, ал бөксені қабырғаға тигізуге тырысыңыз.
  3. Бас пен белге кішкентай жастықша қойыңыз.
  4. Егер жаттығуды орындау бастапқыда қиындық тудырса, аяқты тым жоғары көтермесеңіз де болады.
  5. Еркін, терең тыныс алып, осы қалыпта 1-2 минут жатыңыз.



Навасана


  1. Жұмсақтау төсенішке отырыңыз.
  2. Аяқтарды алға созыңыз, омыртқаны тік ұстаңыз.
  3. Артқа қарай сәл шалқайыңыз, арқа мен еден арасы шамамен 60° болсын.
  4. Қолдарыңызды кеуде тұсында алға созып, еденмен параллель ұстаңыз.
  5. Жайлап аяқтарыңызды еденнен көтеріңіз. Тізені бүгіп жоғары көтерсеңіз де болады. Еденде тек жамбас қана қалу керек.
  6. Осы қалыпта 30 секунд тұруға тырысыңыз.



Баддха конасана

  1. Еденге немесе қатты төсенішке отырыңыз.
  2. Арқаны, омыртқаны, басты тік ұстаңыз.
  3. Тізені бүгіп, аяқтарыңызды алға тартыңыз.
  4. Табандарды жамбас тұсында бір-біріне жақын ұстаңыз.
  5. Тізені мейлінше еденге тигізіп ұстауға немесе жақындатуға тырысқан абзал.
  6. Қолмен тобық тұсынан ұстап отыруға болады. Осы қалыпта бірқалыпты тыныс алып 1-2 минут отырыңыз.



Уттанасана

  1. Тік тұрыңыз. Қолдарыңызды жоғары көтеріп ұстаңыз.
  2. Терең ауа жұтып, оны сыртқа шығару барысында еңкейіңіз.
  3. Қолдарыңызды аяқ ұшына тигізіңіз немесе жақындатыңыз. Мүмкіндік болса тізені бүкпей ұстап, мұрныңызды тізеге тигізген дұрыс.
  4. Тыныс алмай кідіріп, осы қалыпта шыдағаныңызша тұрыңыз.
  5. Тыныс ала отырып бастапқы қалыпқа оралыңыз.
  6. Жаттығуды 2-3 рет қайталаңыз.



Вирасана

  1. Тізерлеп төсеніште тұрыңыз.
  2. Қолды еденнен көтеріп, артқа қарай шалқайып тік отырыңыз. Жамбасты және балтырдың сыртқы жағы еденде болуы керек.
  3. Осы қалыпта 2-3 минут отыру қажет.


Нәтижеге жету үшін алты жаттығуды қатар орындау міндетті емес. Өзіңізге ыңғайлы біреуін-ақ таңдап алып, күнде орындасаңыз жеткілікті. Басты қағида – күнде жаттығу жасау. Сізге қай қалып ұнады?

Дайындаған: Ж. Смағұлова,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:


Диванда жатып-ақ орындауға болатын өте пайдалы 4 жаттығу


Тыныштандыратын ДӘРІНІ АЛМАСТЫРАТЫН 3 минуттық жаттығу