Адамдардың ой-санасын жаулаған әлеуметтік желілердің пайдасы мен зияны жайлы не білесіз?
иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден
Әлеуметтік желілердің пайдалы жақтары:
1. Іздеу жылдамдығы. Әлеуметтік желілерде сіз қажетті бейнені, музыканы, адамды оңай таба аласыз. Сонымен қатар, пікірлес адамдарды да сол жақтан табуға болады. Одан бөлек, әлеуметтік желі арқылы өзіңіз іздеген адамның аты–жөнін, оқу орны немесе қызметін, байланыс телефонын анықтауға мүмкіндік бар. Егер ол пайдаланушы мәліметтерді өз парақшасына жүктеген болса. Бұл өте маңызды артықшылық.
2. Байланыс пен ақпарат алмасудың қолжетімділігі. Қазір әр адамда ұялы телефон бар. Сол арқылы хат-хабар алмасу деген проблема түбегейлі жойылғандай. Ол аз десеңіз, ақпаратты әлеуметтік желіге жүктеу, электродық почтада алу да қиындық тудырмайды. Әлемнің түкпір түкпірінде болып жатқан оқиғаларды да осы әлеуметтік желіден таба аласыз.
3. Пікірлестер шеңберін құру. Адамның қандай қызығушылығы болса да, ол әлеуметтік желіден өзінің пікірлестерін табатынына күмән жоқ. Ол үшін қызықты қауымдастықтар мен топтарға қосылып, өз мүддеңіз үшін әрекет етесіз. Тіпті, өзіңізге қажетті нәрсені сатып алып, сатуға да болады.
Әлеуметтік желінің жағымсыз жақтары:
1. Уақыт шығындау. Біреу үшін әлеуметтік желілер пайдалы әрекет ету айдыны болса, енді біреулер түкке қажеті жоқ ақпараттарды ақтарып, бос уақытын құр өткізеді.
2. Шын әлемнен ажырау. Әлеуметтік желілерде біз өзімізді шынайы өмірдегіден басқаша сезінеміз. Интернеттегі байланыс саласын зерттеушілердің сөзіне сүйенсек, әлеуметтік желілерге кіргендердің 70 пайызы өз өмірлерін күшті етіп көрсеткісі келеді. Соның арқасында әлеуметтік желіден бай және табысты болуды көздейді. Нәтижесінде, жасалған виртуалды кескінге үйрену қаупі бар, сондықтан жерге уақытында оралу әрдайым мүмкін емес.
3. Ой-сананың бұзылуы. Егер сіз әлеуметтік желілердегі белсенді пайдаланушылардың негативті, мағынасыз пікірлеріне назар аударатын болсаңыз, ой-санаңыз да төмендейді.
4. Әлеуметтік қарым-қатынас дағдыларын жоғалту. Шынайы өмірдегі қарым-қатынасты желідегі қарым-қатынасқа ауыстыру шындық сезімі мен әлеуметтік қарым-қатынас дағдыларын жоғалтуға соқтырады. Өйткені, көзбе-көз айтылған әңгімеде смайлик қоя алмайсыз ғой. Бұл тұрғыда адамдарды құттықтау, көңіл айту сынды әрекеттердің де әсерінен айырыласыз.
5. Тәуелділіктің ықтималдығы. Әлеуметтік желілер тәуелділіктің үлкен әлеуетіне ие. Егер сол тәуелділікке ұрынсаңыз, интернет жоқ кезде психологиялық ауруға шалдығуыңыз да мүмкін. Әсіресе, жасөспірімдер.
6. Әлеуметтік желілерде алаяқтар мен қаскүнемдер де отырады. Көптеген адамдар әлеуметтік желідегі парақшасына фотосуреттерін шамадан тыс жүктеп, тіпті отбасы жайлы ақпараттарды да бөлісе береді. Бірақ, бұл қателігі өздеріне таяқ болып тиюі әбден мүмкін.
7. Денсаулыққа зиян. Әлеуметтік желіні тым жиі пайдалану денсаулыққа белгілі бір дәрежеде зиян келтіруі мүмкін. Мысалы, экранға бірнеше сағат бойы қарап отырған адамның көру қабілеті төмендеп, физикалық белсенділігіне де кері әсер етуі мүмкін.
8. Жұмысқа деген ынтаның жоғалуы. Әлеуметтік желілерге тәуелді адамның белсенділігі төмендейді. Сол үшін қазір көптеген кәсіпорындар қызметкерлерінің жұмыс уақытында ғаламторға кіруіне шектеу қойған.
Жоғарыда айтылғандардың бәріне сүйене отырып, былай қорытынды жасауға болады: егер сіз оларды қалыпты жағдайда қолдансаңыз, әлеуметтік желілер зиян тигізбейді. Ал, ақпаратты електен өткізбей, шектен тыс қолдану әйтеуір бір зардап шектіреді.
Дайындаған: Б.Мейірханұлы,
Тағы оқыңыз:
КЕРЕК КЕҢЕС: Ер адамдарға осы құрылғылар ҰНАЙДЫ!
Сымсыз қуаттағыштың ПАЙДАСЫ мен ЗИЯНЫ