​Инстаграмдағы ең ТАБЫСТЫ әрі СҰРАНЫСҚА ие 7 мамандық

0
7 938

Инста әлемінде мыңдаған сатушылар саудасын жүргізіп, табысын тауып, қалтасын қомпайтуда.


​Инстаграмдағы ең ТАБЫСТЫ әрі СҰРАНЫСҚА ие 7 мамандық


Сіз Инстаграмда не істеп отырсыз?

  • Блогерлердің, таныстарымның парақшасын бақылаймын;
  • Гив, конкурстарға қатысамын;
  • Киім-кешек, дүние-мүліктің онлайн сауда алаңын аралаймын;
  • Мастер-класс, курс, марафондарға қатысып, пайдалы дүние үйренемін;

Егер осының бәрін жасайтын болсаңыз, онда сіз – тұтынушысыз. Сізден бөлек, Инста әлемінде мыңдаған сатушылар жүр. Және олар сіз арқылы саудасын жүргізіп, табысын тауып, қалтасын қомпайтуда.

Бәлкім, сіздің бұл жайлы хабарыңыз бар. Өзіңіздің де солар сияқты Инстаграм көмегімен кәсіп жасап, ақша тапқыңыз келер. Бірақ, қалай екені – құпия, жолы – жұмбақ.

Ендеше, ең алдымен Инстаграм алаңында тұтынушыларға қандай мамандар қызмет жасауда, соны біліп алыңыз. Назарыңызда – ең табысты және үлкен сұранысқа ие инста-мамандықтар.


Блогер

Бұл кісілердің кім екенін бәріміз білеміз. Немен айналысатыны, қалай ақша табатыны – бәрі айқын. Біреуі тауар сатады, бірі ақыл-білім сатады. Енді бірі конкурс, гив, лотерея өткізеді. Бір сөзбен айтқанда, блогерлердің табыс көзі мен жұмыс барысы бізге біршама мәлім. Өйткені, өздері бәрін болмаса да, тыныс-тіршілігіінң басым бөлігін ашық түрде жариялап жүреді.

Бірақ, бәріміздің бірдей блогер болғымыз келмейді. Жүрген-тұрғанымызды жалпақ жұртқа жария ете беруге қысыламыз. Блогер болу үшін танымалдылықтың жолында талай нәрсені құрбан етуге тура келетіні тағы бар. Сондықтан, танымалдыққа ұмтылмай, тасада жүріп-ақ талай іс тындырып, табысын да тауып жүрген мамандықтарға кезек берсек.


Инстаграм-маркетолог

Инстаграм-маркетолог блогерлердің парақшасын сауатты жүргізуіне бағыт-бағдар береді. Парақшаның мақсатты аудиториясын анықтайды, жарнамасын жасайды, күнделікті салынатын пост пен сториз мазмұнын жоспарлайды.

Бұл қызметті атқару үшін парақша стратегиясын жоспарлауды, парақшаны дамыту жолдарын, аналитика жасауды, таргет жарнамасын жасауды, Инстаграмның жай адамдар үшін жұмбақ көптеген құпияларын білуге тиіс.


Маска жасаушы

Сториз жүргізгенде маска қолданбайтын блогер жоқ деуге болады. Бар болса да, өте аз. Блогер болмай-ақ, жай қолданушының өзі сторизге шыға қалса, мінетті түрде маска іздейді. Енді біреулер өз атымен не бренді, логотипі бейнеленген арнайы маскаға тапсырыс береді. Инстаграмда өтімді тауардың бірі болғандықтан, маска жасаушылардың да мұрты майланып тұр.

Маска жасау үшін жаңалық ойлап табудың қажеті жоқ. Тек, дизайн теориясын, анимациялық, графикалық редакторлар баптауының тетіктерін, ЗД және Javascript бағдарламаларымен жұмыс жасауды білсе болғаны.


Контент-менеджер

Блогерлердің брендін қалыптастыруға, парақшасын дұрыс жүргізуіне көмектесетін кезекті маман. Профильдің басқы бетін, Инстагарм тілімен айтқанда «шапкасын» жасайды, жалпы дизайны қалай болғаны дұрыс екенін анықтап, қандай түстерге басымдық беру керегін анықтайды. Пост мәтінін жазады, жарияланым үшін сурет не видео дайындайды, кейде сториз материалын да әзірлейді, контент-жоспар жасайды. Парақшаға аналитикалық талдау жасап, дамыту жолдарын айқындайды.

Білікті контент-менеджер болу үшін мақсатты аудиторияны анықтау, дұрыс хэштег таңдау, сауатты, түсінікті әрі бірден баурап алатын текст жазу, сурет-видео өңдеу бағдарламаларымен, графикалық редактормен жұмыс істеу, талдау-сараптау құпияларын білу қажет.


Таргетолог

Таргет – Инстаграмда сауда-саттық жасаушылардың ең негізгі жарнама құралы. Оның көмегімен белгілі бір тауарды қажет ететін тұтынушыны дәл тауып, парақшаны соның көз алдынан көлбеңдеп кетпей қоятындай етіп жасауға болады. Бірақ, оны қалай жасайтынын бәрі біле бермейді. Тиісті аймақтан, жас мөлшері мен өмір салты, іздегені мен қажеттілігі тура келетін тұтынушыны баптаудың барлық құпиясын меңгерген кәсіби таргетолог қана таба алады.


Копирайтер

Копирайтер – тапсырысқа мәтін жазушы маман. Мәтін жазу деген – тек сөйлем құрап жаза беру емес. Парақша иесі ұсынатын ақпарат болсын, тауар болсын, басқа да қызметтің тұтынушыға өтімді болуы үшін оның ой-санасына сөзбен әсер ете алу керек. Бір оқығаннан ойға тоқыла кететін, көкейге қонып, көңілден ойып тұрып орын алатын, ақпаратты дұрыс жеткізіп, оқырманның келіспеске шарасын қалдырмай, айтқанына сендіре, дегеніне көндіре алатын мәтін жазудың мыңдаған құпиясы бар. Оның бәрін меңгерген копирайтер кез келген тауар не қызметтің саудасын әп-сәтте-ақ қыздырып жібереді. Сондықтан да Инстада сатылымдық ұсыныс жасаушылар ақысын төлеп, п


Фотограф, видеограф

Инста әлемі – көздің жауын алатын сұлулыққа тұнып тұр. Себебі, ол – бірінші кезекте көзбен қабылданатын ақпарат. Бір қарағанда сурет не видео тартымды болып көрінсе, әрі қарайғы мәлімет те жақсы өтеді. Сондықтан, шебер фотограф пен видеографтың да қызметі маңызды.

Бұл мамандықты меңгеру үшін керегі – фото-видеоаппараттарды қолдана алу, суреткерлік, дизайнерлік қабілет, фото-видеоматериалдарды түрлі бағдарламаларда өңдеу, монтаждау сияқты жұмыстарды игеру.

Әлбетте, әлемдік инста алаңында бұдан да басқа мамандықтар мен кәсіп, қызмет түрлері толып жатыр. Біздің атағанымыз – ең негізгілері және бастапқы сатылары ғана. Бел шешіп кірісем десеңіз, кіріспесін осылардың бірінен бастаңыз. Тереңдеген сайын танымыңыз да кеңейіп, табысыңыз да арта түсетініне күмәніңіз болмасын.

Дайындаған: Бауыржан ЕРМАН,

ERNUR.KZ

ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:

ҚЫСТА жанға да, бойға да ЖЫЛУ беретін гаджеттер

TikTok арқылы танылып, ТАБЫС тапқыңыз келсе...