Көлікте ҚАЛЫП КЕТКЕН телефон ЖАНЫП кетуі мүмкін

0
4 350

Ыстықта смартфонды ҚАЛАЙ қолданып, ҚАЛАЙ қуаттау қажет?


Көлікте ҚАЛЫП КЕТКЕН телефон ЖАНЫП кетуі мүмкін

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден


Кейде смартфондар қызып кетеді. Әсіресе жылдың ыстық мезгілінде осындай жағдай жиі орын алып жатады. Өйткені, жоғары температура әрдайым смартфонға кері әсер етеді. Ал, бұл ережені сақтамаған адам міндетті түрде жайсыз жағдайға тап болады. Сондықтан құрылғы қауіпсіз әрі дұрыс жұмыс істеу үшін жаздың ыстық күндерінде смартфонды дұрыс қуаттау және пайдалану керек.


Жоғары температураның батареяға әсері


Смартфондардың батареялары химиялық процестерге байланысты жұмыс істейді. Нақтырақ айтсақ, олардың ішінде айналасы тоқ өткізетін электролитпен толтырылатын екі электрод болады. Смартфон жұмыс істеп тұрған кезде литий иондары анодтан катодқа ауысады, ал батарея қуатталған кезде бұл процесс керісінше жүреді. Арнайы құрылғының көмегімен катод пен анод бір-бірінен бөлініп тұрады да, бір-бірімен байланысуына мүмкіндік болмайды. Егер анод пен катод қандай да бір себептермен байланысатын болса, онда батарея қыза бастайды.


Батарея қызған кезде электролитте химиялық реакция басталады да, бұл газдың шығуына әкеледі. Нәтижесінде батарея одан сайын қыза түседі. Бұл көбіне смартфонның жануына соқтырады.

Ал, белсенді жұмыс кезінде және ауыр қосымшаларды іске қосқанда құрылғының температурасы көтерілсе, бұл батареясының қызып кеткенін білдірмейді. Өйткені, смартфонда немесе планшетте ойын қосқанда немесе сапасы өте жоғары видео көргенде, процессордың температурасы +50°C-қа, егер жүктеме өте күшті болса, +90°C-қа дейін қызуы мүмкін. Сондай-ақ, күн сәулесі гаджетке тікелей түссе, оның батареясы қызады. Сондықтан смартфонды күн сәулесінде қалдырмаған дұрыс.


Смартфонды көлікте қалдырмаңыз


Әлемде балаларды, тіпті жануарларды көлкте қалдыруға тыйым салған елдер бар. Өйткені, кез келген көлік күн астында тұрғанда іші аз уақыттың ішінде ыстық пешке айналады. Ал, бұл қолайсыз жағдайларға душар етеді. Әрине, мобильді құрылғыны бала немесе үй жануарларымен салыстыра алмаймыз. Дегенмен, ақшаға алынған зат болғасын, смартфонға да мұқият қарау керек. Қысқасы, смартфонды салонға қалдырсаңыз, оның қызып, тіпті жанып кетуі де бек мүмкін.


«Чехолды» дұрыс таңдаңыз


Телефон қапшығы смартфонды қорғайды. Әсіресе қолдан түсіп кеткен кезде. Дегенмен, тығыз пластикалық немесе қымбат былғарыдан жасалған қапшықтар күн түскенде тез қызып кетеді. Сондықтан, жазда ауа кіріп тұратын тесігі жоқ «чехолды» қолданған тиімсіз болады.


Бағдарламаларды қолданып болғасын істен шығарыңыз


Bluetooth, LTE, Wi-Fi, GPS, видео, ойын сияқты кез-келген мобильді функция смартфонға шамадан тыс жүк түсіреді де, нәтижесінде қызып кетеді. Сондықтан, пайдаланып болған қызметтерді бірден өшіруге тырысыңыз.



Жұмсақ жерге қоймаған абзал


Смартфон диван, автомобильдің орындығы және кез-келген жұмсақ материалдың үстінде тұрғанда тез қызады. Яғни, ауа айналатын тесіктері жабылып, ауа айналмай қалады. Сондықтан смартфонды жұмсақ жерге қоймаңыз немесе, тесіктерінің ашық тұрғанына көз жеткізіңіз. Егер шөлді жерлерге барсаңыз, бір сөмкеге бірнеше құрылғы салмағаныңыз жөн. Ал, салуға мәжбүр болсаңыз, олардың беруі ғана қосылып тұруы қажет.


Смартфонның температурасын қалай төмендетуге болады?


Құрылғыны салқындатар кезде оның қызу себебін ескеріңіз. Мысалы, күн сәулесінен қызған телефонды салқындату үшін жәй ғана көлеңке жеткілікті. Ал, іске қосылған бағдарламалардың әсерінен қызса, белсенді қосымшаларды біртіндеп өшіріп, бірнеше минут демалдыру керек. Егер құрылғы батареяның зақымдалуына байланысты қызса, онда құрылғыны өшіріңіз. Сосын, смартфоныңыздың батареясы оңай алынатын болса өзіңіз, қиын болса мамандарға ауыстыртыңыз.


Гаджетті қызып тұрғанда қуаттау


Құрылғыны ыстықта қуаттау үшін құрылғының қызып кету қаупін барынша азайту керек. Ол үшін смартфонды күн сәулесінен қорғап, белсенді қосымшалары өшіру қажет болады.


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


Компьютердің зияны тимес үшін мына ЕРЕЖЕЛЕРДІ сақтау керек


Ұсталған телефонды ҚАЛАЙ тексеріп алу керек?