ҚЫСТА жанға да, бойға да ЖЫЛУ беретін гаджеттер

0
5 602

Суыққа селсоқ қарауға болмайды, денені жылытудың жолдарын қарастыру керек


ҚЫСТА жанға да, бойға да ЖЫЛУ беретін гаджеттер

Күздің соңғы күндері әлі түгесіліп болмады. Алайда, қыс хабарын жіберіп, құрсауына алып үлгерді. Ал сіз жанмен қоса, тәннің де жылуын қамдап үлгердіңіз бе?

Үлгермесеңіз, асығыңыз. Себебі, суық – ойнауға, селсоқ қарауға келетін нәрсе емес. Бір ұрынсаңыз, бірнеше сырқатқа душар боласыз.

Өкінішке орай, қаһарлы мезгілде барлық үйлер мен кеңселер, қоғамдық орындар ұядай жылы болады деу қиын. Кей ғимараттарда таңнан-кешке дейін аяқ-қолымыз қатып отыруға, енді біреулер тіпті, күні бойы ашық далада жаурап-жасынап жұмыс істеуге мәжбүр. Жаңадан шығып жатқан келесі гаджеттер осындай кісілердің бойларын жылытуға көмегі тиетіні сөзсіз.


Lasko #100 – сіздің жеке жылытқышыңыз


Суықтан сақтану үшін қалың киімді қабаттай кию жеткіліксіз. Тыныс алатын ауаның да жылы болуы маңызды. Егер сіз көп уақытыңызды өткізетін жердің ауасы салқын болса, бұл мәселені Lasko #100 жылытқышын сатып алу арқылы шеше аласыз. Көлемі кішкентай, салмағы да жеңіл, сондықтан өзіңізбен алып жүруге әбден болады. Есесіне, кішігірім аумақтың ауасын тез әрі жақсы жылытады.


Еденді жылыту енді тіптен оңай


Үй еденіне «жылы еден» орнату – жанның рахаты. Алайда, жұмысы көп. Оның үстіне, үлкен, жеке үйлерге болмаса, көпқабатты үйдің пәтерлеріне орнатылмайтыны тағы бар. Бірақ, соңғы уақыттары «жылы еденнің» электр қуатымен жұмыс істейтін жаңа түрі жасалып, сатылымға шықты. Оны орнату, қолдану ережесі оңай әрі көпқабатты тұрғын үй пәтерлеріне де еш қиындықсыз орнатуға болады. Жылудың деңгейін жеке өзіңіз қадағалап, қаласаңыз, көбейтіп, қаласаңыз, азайта алатыныңыз – тағы бір артықшылық. Еденге төселіп, тоқ көзіне жалғанған соң оны арнайы басқару пультімен, мобильді құрылғының, тіпті Wi-Fi роутердің көмегімен де басқаруға болады.


Суық аяқтан кіреді


Аналарымыз жиі айтатын осы сөз жүз пайыз ақиқат. Сондықтан, суық мезгілде ең бірінші кзекте аяқтың жылы болуын қадағалау қажет.

Егер үйіңізде не жұмыс орнында еден жылы болмаса, ауаны қанша жылытқанмен, пайда аз. Сондықтан, өз қамыңызды өзіңіз жасаңыз. Мәселен, өздігінен жылу бөліп тұратын шұлықтар не сүйретпелер алсаңыз болады. Осындай жаңа заман шұлықтарының бірі Hot Booties Foot Warmers деп аталады. Нағыз үй ханшайымдарына арналған сүйкімді дизайнымен ғана ерекше емес. Бұл сүйретпенің тұла бойынан ешқандай желілік сымдар, батарейка, қуаттауға арналған usb-порт таппайсыз. Сонда қалай жылытады дейсіз ғой? Микротолқынды пеш арқылы! Иә, сүйретпе жылы болып тұры үшін СВЧ-пешке 30 секундтай салып алсаңыз болғаны, бірнеше сағат бойы аяғыңыз жып-жылы болып жүреді. Онымен қоймай, жүйкені тыныштандыратын да қасиеті бар екен.


Жол үстінде


Үйде, кеңседе отыратындар суыққа аса шалдыға қоймайды. Қыста ең қатты қиналатындар – көлік айдаушылар, ашық далада, жол бойында, басқа да ғимараттан тыс орындарда жұмыс істейтін кісілер. Келесі гаджет дәл осындай жандарға арналғандай. Ол - Lectra Sox деген атаумен өндіріліп жалқан жылы шұлықтар.

Шұлықты үйден шықпас бұрын тоқ көзіне жалғап қуаттап қойсаңыз болғаны. Кейін сыртта жүргенде жылуын қосып не өшіріп қоюға болады. Бұл қуатты үнемдеу үшін әрі тым ыстықтатып, терлетіп жібермеу үшін, бір сөзбен айтқанда бірқалыпты температураны ұстап тұру үшін өте ыңғайлы. Сырт көрінісі тым әдемі болмауы мүмкін. Алайда, аналарымыз тоқым берген тшқыма шұлыққа қатты ұқсайды. Жинақы әрі жұқалау болып келетіндіктен, аяқкиім ішінен кию де қиындық туғызбайды.


Ең ыңғайлы аяқ жылытқыш


Егер жоғарыда айтылған шұлық та көңіліңізден шықпаса, назарыңызға «ыстық» ұлтарақты ұсынамыз. Бәлкім, көпшілігіңіз үшін аяқты жылытуда ең ыңғайлысы осы болар. Ендеше, ThermaCell аталатын ұлтарақты іздеп көріңіз. Оны да үйде болған уақытта тоққа жалғап қуаттап алсаңыз болғаны. Кейін аяқкиімге салып алып кете бересіз. Қашықтан басқарылатын тетігін үйде ұмыт қалдырмаңыз. Оның көмегімен ұлтарақтың жылу бөлу деңгейін үш түрлі температуралық режимнің біріне ауыстырып жүре бересіз.


Аналарға таптырмас сыйлық


Күнұзақ жаурап-жасынаған денеден суықты шығаруда аналар мен әжелеріміздің өз әдісі бар. ол – аяқты ыссылау не жылы суға салу. Бірақ, мұның да аздап ыңғайсыздау болатын тұсы бар. Айталық, ыдысқа құйып, аяқты салғаннан соң судың тез суып қалуы. Мұндайда жиі-жиі үстінен ыстық сумен үстемелеп отыруға тура келеді. Егер оларға «ақылды шылапшынды» сыйласаңыз, осы бір әурешіліктен құтқарар едіңіз.

«Ақылды шылапшынның» ақылы суды суытпай тұруға ғана емес, аяққа массаж жасауға, суды үнемі тазартып тұруға да жетеді.

Жаңа заманның барлық жетістігі – адамзаттың игілігі үшін. Қажет деп тапсаңыз, неге кәдеге жаратпасқа? Жоғарыдағы жылу беретін гаджеттердің бірін қазір алып алсаңыз, бір емес, бірнеше қыс бойы рахатын көресіз.

Дайындаған: Бауыржан ЕРМАН,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

TikTok арқылы танылып, ТАБЫС тапқыңыз келсе