ТҮССІЗ, МӨЛДІР ТЕХНОЛОГИЯЛАР: түрлі-түстілерден қандай артықшылығы бар?

0
1 376

Едені мөлдір шыны ұшақпен ұшар ма едіңіз?


ТҮССІЗ, МӨЛДІР ТЕХНОЛОГИЯЛАР: түрлі-түстілерден қандай артықшылығы бар?

Заманауи ғылым мен технологияның жетістіктері өте көп. Әрбірі жоғары бағаға лайық. Алайда, мына үлгілер тіпті өзгешелігімен таңдай қақтырады.


Мөлдір дисплейлі ноутбук жасап шығарды


Lenovo компаниясы Mobile World Congress 2024 электроника көрмесінде түссіз дисплейлі ноутбукты таныстырды. Экраны ашулы күйінде мөп-мөлдір шыны секілді. Ал компьютерді жапқанда дисплей астындағы пернетақта анық көрінеді. Көрмеге келушілер жаңа үлгіге айрықша қызығушылық танытып, оның қалай жұмыс істейтінін, мүмкіндіктері мен өлшемдерін зерттеуге кірісіп кетті. Қызығушылар арасында сатылымға қашан шығады деген сауал да қойылмай қалған жоқ. Алайда, компания бұл өнімді сату жоспарында жоқ екенін мәлімдеді. Түссіз ноутбукты сатылым үшін емес, жай ғана өз мүмкіндіктерін паш етіп, шеберліктерін көрсету үшін жасап шығарыпты.


Түссіз теледидарға 4 жыл


Бұл ноутбук түссіз технологиялар мен гаджеттер тарихындағы алғашқы үлгі емес екен. Xiaomi әлемдегі алғашқы сериялық мөлдір теледидарды сонау 2020 жылы шығарып, көпшілікке ұсынып қойыпты. Теледидар кадр жиілігі 120 Гц болатын 55 дюймдік диагональды OLED экранымен жабдықталған. Дизайн ерекшеліктері ретінде мөлдір экраннан басқа, дөңгелек негізді атап өтуге болады. Бұл компания алдыңғысы сияқты тек көрме үшін ғана жасап қойған жоқ. Көпшілікке таныстыра салысымен онлайн платформалар арқылы да, бөлшек сауда дүкендерінде де сатылымға шығарған.

Оны ұнатушылар мен сатып алушылар қатары аз болмаса керек. Себебі, қазіргі уақытта осындай түссіз экранды теледидарды үш түрлі компания жасап шығарып жатыр екен.


Және, әрине, смартфон!

Тайваньдық Polytron Technologies компаниясы көптеген инженерлер мен өндірушілердің мөлдір экраны бар ұялы телефон жасау арманын бірінші болып жүзеге асырды. Бұл құрылғы жарық шығаратын сұйық кристалдарды пайдаланатын Switchable Glass технологиясына негізделген. Ұялы телефон жұмыс істеп тұрған кезде шыны бойымен нано-компоненттер таралады. Солайша олар жанасуға жауап береді, нақты кескіндерді шығарады. Бір сөзбен айтқанда, смартфон экранын толыққанды сенсорлық интерфейске айналдырады.

Рас, бұл ұялы құрылғының батареяларын, басқа да кейбір техникалық компоненттерін түссіз етіп жасау мүмкін емес. Бірақ коммерциялық өндірісте оларды мөлдір емес жақтаудың артына жасырудың да жолын тапқан.


«Түссіздер» тақырыбын мына өнертабыстармен жалғауға болады.

Шыны еденді ұшақ


Әйгілі Virgin Atlantic әуе компаниясы биіктіктен қорықпайтын адамдар үшін Airbus A320 ұшағын құрастырып шығарды. Бұл ұшақтың ерекшелігі – оның мөлдір едені. Ұшақ еденін түссіз етіп жасау үшін инженерлер көп жұмыс істеуге мәжбүр болды. Барлық коммуникацияларды ұшақтың түбінен жылжытып, шыныдай мөлдір еден жасап шықты. Ол арқылы ұшу кезінде жерге бірнеше шақырым биіктіктен қарап, төмендегі сұлулықты тамашалауға болады. Әрине, жүрегіңіз дауаласа.


Теңіз сұлулығын кедергісіз тамашала


Түссіз мөлдір қайық – теңіз жағалауындағы жылы елдер үшін тамаша көлік. Онымен жүзе отырып, су астының байлығын – маржандар мен жартастар, балықтар мен балдырларды еш кедергісіз тамашалай аласың. Мұхиттың ең тұнық тұстарында аквалангтың орнын алмастыра алады. Түссіз еденді ұшаққа қарағанда қорқыныш аздау әрі әлдеқайда әсерлі.


Шыны велосипед


Бір қарағанда мына адам шыныдан жасалған мүсіннің үстінде отыр деп ойлауыңыз мүмкін. Иә, ол шыныдан жасалған затта отыр. Алайда, бұл мүсін емес, кәдімгі әрі-бері жүре алатын велосипед. Invisible деп аталатын велосипед толығымен дерлік берік, мөлдір шыныдан жасалған.Тек педаль, шынжыр, бұрылу механизмі және велосипед шиналары ғана аздап көзге түседі. Әйтпесе, үстіндегі адамды ұшып бара жатыр деп ойлауымыз да бек мүмкін ғой.

«Көрінбейтін велосипед» те жаппай шығарылатын өнім емес, әйгілі американдық суретші Джимми Куэнлдің түпнұсқа туындысы.


Неге бәрі түссіз етіп шығаруға құмартып кетті? Себебі, мөлдір өнімдердің сәні ғаламшарды жаулап жатыр. Тек киім-кешек, гаджеттер ғана емес, тіпті түссіз болып жасалған көліктер мен көпірлер, шыны еденді ғимараттар де тез арада танымал болып кетуде.

Дайындаған: Бауыржан ЕРМАН,

ERNUR.KZ

ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:

ПАУЭРБАНКтің сапалысын қалай таңдау керек?