Көптеген адамдардың өмірі бірқалыпты, күнделікті күйбең тіршілікпен өтіп жатады. Әлбетте, «Тірі адам тіршілігін жасайтыны» түсінікті, алайда бос уақытта ойын-сауыққа немесе жаңа технологияларға көңіл бөліп, қолайлысын қолданып тұрған дұрыс.
иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден
Қазіргі жаңа технологияларды көріп, пайдалану үшін арнайы орталыққа барудың қажеті жоқ. Себебі, гаджеттердің арасында үй тұрмысына арналғандары да жеткілікті. Олар өмір сүруді жеңілдетіп, ерекше әсер сыйлай алады.
1. Ыдыс жуатын құрылғы
Midea MCFD42900 BL MINI құрылғысы асхана ханшайымдарының жұмысын жеңілдетеді. Оның өлшемі ықшам болғандықтан қолдануға өте ыңғайлы және су құбырына жалғауды да қажет етпейді. Тұрмыстық техника бір рет ыдыс жуу үшін 6,5 литр суды пайдаланады, ал су екі ыдысқа бөлініп құйылады. Сондай-ақ, алты түрлі режимде жұмыс істейтін машина кептіру функциясымен жабдықталған.
2. Жайлы төсек
Ұйқы жақсы болу үшін төсек орынның түр-түрін таңдауға болады. Ал, мына матрастың мүмкіндігі жайлылықпен ғана шектелмейді. Жақында ған пайда болған The Pod төсек орны матрастың арасында арасында жүргізілген су құбырларымен ерекшеленеді. Олардың көмегімен төсекті қажетті температураға дейін жылыта аласыз және бұл функцияны оятқыш ретінде де қолдануға болады. Оның барлығын басқару смартфонға енгізілетін қосымша арқылы жүзеге асырылады.
3. «Ақылды» есік құлпы
August Smart Lock Pro деп аталатын жаңа есік құлпын «ақылды үйге» де, қарапайым есіктерге де орнатуға болады. Ол Bluetooth арқылы қосылған смартфон иесінің орналасқан жерін бақылап, үй иесі есікке жақындағанда автоматты түрде ашып-жабады. Оған қоса, жүйеге қосылатын мобильді қосымша арқылы құлыптың ашылып, жабылғанын әлемнің кез келген нүктесінен қадағалауға болады.
4. Жасанды интеллекті бар кір жуғыш машина
Кейде адамдар белгілі бір киімдерді жууға арналған режимді таңдауда қателесуі мүмкін. Ал, өзі шешім қабылдай алатын, жасанды интеллектпен жабдықталған Hoover Axi AWMPD610LH8‑80 атты кір жуғыш машинаңыз болса, бұл мәселені ойламасаңыз да болады. Иесінің дауысын танып, оған жауап беретін бұл құрылғы киімнің ластану деңгейін анықтауға және жуу үшін қажетті режимді көрсетуге қабілетті. Сондай-ақ, гаджет ауа-райы болжамын өздігінен талдап, егер жаңбыр жауатын болса, киімдерді сыртқа кептіру-кептірмеу жайлы кеңес бере алады.
5. Ақылды «тумбочка»
Смартфонның көмегімен басқарылатын sobro Smart Side Table атты сенсорлы тумбочканы көпфункциялы деп атауға болады. Өйткені ол қажетті сәтте жарықты қосып-өшіретін, оятқыш рөлін атқарып, құрылғыларды қуаттауға арналған бөлшектермен және сусындарды салқындататын жүйемен жабдықталған.
6. Сенсорлы айна
Қазіргі жаңа технологиялар тіпті қарапайым айнаны дамытуға мүмкіндік беріп отыр. Ол айналар видео мен музыка ойнатып, жаңалықтар мен ауа райы болжамын көрсете алады. Басқару әдеттегідей сенсорлы экран арқылы, сондай-ақ қажет болған жағдайда дауыспен де жүзеге асырылады.
7. Мысық дәретханасы
Мысықтарға арналған iKuddle құылғысы үй иесінің жұмысын едәуір жеңілдетеді. Өйткені, ол өз бетінше мысықтың дәретін тазалап, ауаға жағымды иіс бөліп отырады.
8. Ақылды гүл құтысы
Lua атты құты бөлмені гүлдермен безендіруді ұнататын, бірақ бірақ әрқашан суару режимін қадағалауға үлгермейтін адамдар үшін тамаша таңдау. Өйткені, құтының арнайы функциясы топырақтың ылғалдылығын, ауа температурасын және күн сәулесінің мөлшерін қадағалап, алынған деректерге байланысты гаджеттің шағын экранына жағдайдың жақсы немесе жаман екенін білдіретін смайлик шығарады. Яғни, ылғал мол болса, күлімсіреп, құрғап қалса мұңайған түр көрсетеді.
Дайындаған: А.Мейірхан,
Смартфонмен САПАЛЫ СУРЕТ түсіру үшін қажетті 5 ҚҰРЫЛҒЫ