Ұсталған телефонды ҚАЛАЙ тексеріп алу керек?

0
18 652

Қазір барлығына сене берсеңіз, өзіңіз опық жеп қалатын заман.


Ұсталған телефонды ҚАЛАЙ тексеріп алу керек?

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Пайдаланылған смартфонды сатып алар кезде кез келген адам күмәнмен қарайды. Әсіресе, бейтаныс адамнан сатып алатын кезде. Сондықтан мүмкін болғанша сенімді, алдамайтын адамнан алған дұрыс. Өйткені, ұсталған телефонның басым бөлігінде ақау не «ауру» болады.


Смартфон – бұл көпфункционалды, мыңдаған бөлшектерден құралатын күрделі құрылғы. Тіпті, ұсталған телефонның қыр-сырын жақсы білетіндердің өзі кейбір кемшілігін байқамай қалады. Сосын, қолдан сатып алған құрылғысы көп уақытқа шыдамай, істен шығады. Сол себепті оларды тексерудің тиімді әдістерін білу артық болмайды.


Ұсталған телефонды сатушылар гаджеттің өздігінен өшіп қалатынын, батареясы дұрыс жұмыс істемейтінін, ішіне су кіріп кеткенін немесе ауыр соққы тигенін жасырып қалып жатады. Мұның барлығы сіз алған телефонның көп ұзамай жарамсыз болып қалуына соқтыруы мүмкін. Оның үстіне алып-сатарлар қандай да бір мерзімге кепілхат бермейді.

Жалпы, жаңартылған телефондар алып-сатарлар мен алаяқтар үшін пайдасы мол бизнес болып саналады. Олар сіз көрген құрылғыны сатар кезде тауарына шаң жуытпай, «кез келген жерін тексере беріңіз» деген сияқты сөздер айтып, адамның сеніміне кіріп алады. Бірақ, ондай сөздердің басым бөлігі жалған екені анық. Өйткені, жөндеу көрген телефондардың қандай да бір кемшілігі болады. Мысалы, құрылғының экраны ауыстырылған болса, онда жаңа экраның сапасына кепілдік болмайды. Себебі, ешқандай ауыстырылған дисплей өндіруші компания салған түпнұсқа экранға жетпейді.



Егер, сіз айтылған қауіптерге қарамастан, оны сатушыға қайтара алмайтыныңзды біле тұра тәуекелге барып, пайдаланылған телефон сатып алуға дайын болсаңыз мына кеңестерге құлақ асыңыз:

1. Ұсталған телефон болса да, оның қорабы барын алуға тырысыңыз. Сосын смартфонға *#06# пәрменін теріп, қоңырау тұтқасын бассаңыз, экранға IMEI нөмірі шығады. Одан кейін, экрандағы IMEI нөмірі мен қораптағы нөмірдің сәкес келетінін анықтап алыңыз. Олар 100% сәйкес келуі керек. Сәйкес келмесе, ол телефонның ұрланғанын немесе күрделі бөлшектерінің ауысқанын білдіреді. Бірақ, нөмірлердің сәйкес келуі "бәрі жақсы" дегенді білдірмейді, ол тексерудің бір сатысы ғана. Толықтай тексеріңіз және сатушының сөзіне сенбеген абзал.

2. Бірнеше рет қоңырау соғып және өзіңізге қоңырау соққызып, 30 секундтан астам уақыт бойы сөйлесіңіз. Осылайша сіз динамик пен байланыс сапасын тексересіз;

3. Смартфон мәзірінің әр тармағына кіріп көріңіз. Бұлай жасаған кезде сенсордың дұрыс жұмыс істейтінін, түсінің өзгеруін, экранның өшіп, қосылуын, дақтар мен сызаттардың бар не жоқ екенін анықтайсыз. Егер экран дұрыс қызмет атқармаса, ол құрылғыға қызықпай-ақ қойыңыз;

4. Құрылғының 3, 4G және Wi-Fi желісіндегі жұмысын тексеріңіз. Өйткені жақында кейбір смартфондардың ғаламторға дұрыс қосылмайтыны жайында ақпарат тарады. Кейде wi-fi желісіне алғашқы тіркелгенде жап-жақсы жұмыс істеп, қайтадан шығып-кіргенде істемей қалатын смартфондар да кездесіп жатады;

5. Құлаққапты қосып, дауысын тыңдап көріңіз. Музыкадан бөлек, қоңырау шалып, микрофонын да тексеріңіз;

6. Құрылғының түймелерін тексеріп, зақым келмегенін анықтаңыз;

7. Қуаттау процессін бақылау қажет. Тек тоқ көзіне емес, автомобиль немесе қосымша батарея арқылы да тексеру керек.

8. Фото және бейне камераларын тексеру. Осы тармақта сіз фокустың жұмысын және бейнежазбаға дыбыс жазудың жұмысын да бақылауыңыз қажет. Камера линзасының бүтін және суреттің анық болуына назар аударыңыз;

9. Ұсталған телефонды дәл сондай жаңа гаджетпен салыстырып көруге де болады. Экран, корпус, жұмыс жылдамдығы және т.б. тұстарын тексеріңіз. Ескі мен жаңаның сыртында ешқандай да ерекшелік болмауы тиіс. Сонымен қатар, корпуты бекітіп тұрған бұрандалардың жан-жағына сызық түспегенін анықтаңыз. Егер бұранда бұралған болса, құрылғы күрделі жөндеу көрген деген сөз.

10. Жалпы, гаджетті ғаламтор желісіне қосыла алатын немесе Wi-Fi байланысы бар жерлерде тексеру керек. Ал, тексеру барысында сатушы кез-келген жасырын психологиялық әдіспен кедергі келтірсе, күмәнді әрекет ретінде есептей беріңіз.


Әлбетте, біз оқырмандарға пайдаланылған смартфон сатып алуды ұсынбаймыз. Дегенмен, сондай әрекетке бару қажет кездер де болып болып қалады ғой. Біздің айтпағымыз – қолданылған құрылғыны барынша тексеру. Соның өзінде ондай гаджеттерді толық зерттеу мүмкін болмайды.


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


Жиналмалы смартфон, қос экранды ноутбук және т.б. – 2021 жылы ерекше гаджеттер жарыққа шығады


Компьютердің зияны тимес үшін мына ЕРЕЖЕЛЕРДІ сақтау керек