Алты жасар баланың айғайлағанын, дүрсілдетіп есік қаққанын тірі жан естімеген.
ERNUR.KZ. Алматыда 1-сынып оқушысы мектептің терезесінен секіріп кетті. Мұғалімі кабинетте ешкім жоқ деп есігін құлыптап шығыпты. Іштен алты жасар баланың айғайлағанын, дүрсілдетіп қаққанын тірі жан естімеген. Жалғыз қалғанынан әбден қорыққан бүлдіршін сыртқа екінші қабаттан бір-ақ секіріпті. Қазір түрлі жарақатпен ауруханада жатыр. Ал, білім ошағының директоры қазақ тілі пәнінің мұғаліміне қатаң сөгіс жарияладым деп отыр, деп жазады Еуразия бірінші арнасы.
Кравченко әулеті кешелі-бері аурухананың есігін торауылдап жүр. Баласының мектепте екінші қабаттан құлағанын жұмыста кезде естіген. Әуелі ұстаздар абайсызда құлады депті. Бірақ жансақтау бөлімінен енді ғана шыққан ұлдары әдейі секіргенін айтқан. Өйткені, мұғалімі кабинетте қамап кеткен. Алты жастағы Геннадий қатты қорыққанынан сыртқа асығыпты. Жалғыз өзі сөмкесін құшақтап аңырап жылаған да. Тек тірі жан естімеген.
"Баламның айтуынша, оны кабинетте қамап кеткен. Мұғалімі аңғармады ма, білмейміз. Ол есігін іштен қаққан. Айғайлаған. Ешкім есітепті. Өз бетінше де аша алмаған. Сосын, терезеден секірген", - деді әкесі Виталий Кравченко.
Оқиға күні кеше сағат ондар шамасында қаладағы №80 жалпы білім беретін мектепте болған. Бірінші сынып оқушылары қазақ тілі пәнінде екі топқа бөлініп оқиды екен. Үшінші сабағы аяқталысымен мұғалім барлық баланы түгендеп, есігін құлыптап кеткен. Сынып жетекшісіне тапсырған кезде ғана 11 оқушының бірі жоғын аңғарыпты.
«Бұлар қайтадан сол кабинетке келсе, терезе ашық тұр дейді. Мұғалімнің столындағы принтерлер жылжытылған. Сол мезетте 1-кластың баласын медпункке әкелген. Бірден жедел жәрдем шақырылды. Мен мұғалімді қорғап отырған жоқпын. Өйткені, 8 жылдық өтілі бар. Балаларды қарап отыру керек», - дейді мектеп директоры Әйгерім Баекенова.
Директор оқушы мұғаліммен тығылыспақ ойнап, парта астында жасырынған дейді. Оны көрмей қалса да, балаларды түгендемеген ұстазға салғырттығы үшін қатаң сөгіс жариялапты. Ал, екінші қабаттан құлаған Генадийдің екі қолы сынып, миы шайқалып ауруханада жатыр.
«Диагноз қайылды қосарланған жарақат. Бас миының шайқалуы екі қолының сынуы. Іш пердесінің сынуы деген диагноз қойылып, кеше жансақтау бөліміне бір күн жатты», - деді қалалық балалар ауруханасының бас дәрігерінің орынбасары Дінмұхамед Рузиддинов.
Дәрігерлер жерге бала қолмен түскен дейді. Екі аяғына зақым келмеген. Әлі ауруханада бір аптадай ем қабылдайды екен. Ал, аяғы ауыр анасының тағы екі жасар баласы бар. Тұңғыштарының жанында әжесі жатыр. Әкесі ешқандай мұғалімге өкпеміз жоқ. Абайсызда болған бейнет деп отыр.
Айта кетейік, бұған дейін бірінші сынып оқушысы жоғары қабаттан құлап кеткені туралы жазған болатынбыз. Білім бөлімі оқиғаға қатысты жауап беріп, мұғалімнің кінәсі барын айтты.