"Осы көріністен өмірдің қарапайым, бірақ терең философиясын түсінгендей болдым"
Сурет: in.pinterest.com
"Жұрттың сөзінен қорқып, айналаңдағы барлық адамның көңілін табам деп, ал өзің әркімнің қарызын жауып, төленбеген несиесіне ашуланып жүргенде өміріміз өтіп кетеді екен ғой. Осы жылдан бастап басқаша өмір сүрем деп өзіме уәде бердім" деген ERNUR.KZ оқырманы өзіндегі өзгеріске себеп болған жағдаймен бөлісті.
"Бұл жағдай қыста болған еді. Көлігім бар. Қала ішіндегі автобусқа мінбегеніме бес жылдан асты. Темір тұлпарымды автосалоннан жап-жаңа күйінде алғанмын, сондықтан болар, осы уақытқа дейін бірде-бір рет бұзылған емес. Бірақ өткен айда сіңлімнің туған күніне барайын деп кілтті бұрағаныммен, көлігім оталмады. Аккумуляторы отырып қалыпты. Бір апта бойы мүлде мінбегеннен болар?!
Аулада жүрген бір ер адамнан көмек сұрадым. Ол аязды күндері аккумулятор жиі оталмай қалатынын, күн жылынса өзі-ақ қалыпқа келетінін айтты да, асығыс кетіп қалды. «Аккумуляторыңыздың орнына қойып зарядтап беріңізші» дегенімді тыңдамады да.
«Адамдар не боп кеткен? Көмектесе салса қайтеді?» деп ашуым келді. Дәрменсіздігіме жылағым кеп, тамағыма өксік тығылды. Бұндай сәтте біреудің ақыл-кеңесі, жөн сілтеуі, тым болмағанда сөзіңді тыңдағаны да үлкен көмек екенін түсіндім. Артынша өзімнің тәкаппарлығым, аялдамада көршілерім тұрса қасынан көлігіммен өтіп кететінімді еске алдым. «Жаңа жылдан бастап жолымыз бір бағытта болса көрші-қолаңды, аялдамада тұрған балалы әйелдерді көлігіммен ала кетем» дедім өз-өзіме.
Такси шақырайын деп ойлағаным сол-ақ екен, кеше ғана Kaspi Gold-ым бұғатталғаны есіме түсті. Бұл жолы ашуымның соңы терең күрсінуге жалғасты.
Төрт ай бойы төленбеген несие кесірінен бұғатталған. Бұл несие менікі емес. Абысынымның кесірінен Каспиім бұғатталды. «Уақытылы төлеп отырам. Басқа вариант болмай тұр. Өтініш» деген соң өз атымнан алып бергем. Бір басында бірнеше несиесі барын біле тұра «жоқ» деп айта алмаған әлсіздігіме өкіндім. Абысынымды сыбап-сыбап алдым. Ашуым басылған соң «Бұдан былай ешкімнің қарыз, несие туралы өтінішін орындамаймын» деп өз-өзіме серт еттім.
Ақшам түгел Kaspi-де. Сөмкемде тек тиын-тебен ғана. Енді не істеймін? Осылай ойланып тұрғанда, аялдамаға жақындаған қоғамдық автобусқа көзім түсті. Биік өкшелі аяқ киіммен жүгірдім.
Терезеден сыртқа қарап отырып, ойға шомып кеттім. Қарым-қатынас емес, стрессіз күндер маңызды екен ғой дедім күбірлеп. Бұл – осы жылғы басты өмірлік сабағым болды.
Автобустамын. Бір сағат өтті, әлі орталыққа жетпедім. Анда-санда автобусқа мініп тұру керек екен, машинаның, уақыттың қадірін білесің деген өз ойымды құптап қоям.
Бір кезде қарама-қарсы қатарда отырған екеуге көзім түсіп кетті: бірі – қарт кісі, екіншісі – шамамен екі жасар сәби. Біреуінің өмірі енді басталып жатса, екіншісінікі межеге таяп жатыр. Ал менің ше, өмір жолым орта белден асып қалыпты. Көп күнімнің сериал көріп, әнші-жұлдыздардың инстаграм парақшасын ақтарумен пайдасыз өтіп жатқанына тағы бір күрсініп алдым.
Сәбидің былдырлаған тілі мен тәтті қылықтарына сүйсініп отырған қарияның жүзінен шаттықтың нұры төгіліп тұр. Ал қарттың әжім басқан саусақтарын кіп-кішкентай алақандарымен қысып ұстаған сәби мәз. Жылт-жылт еткен жанарынан қуаныштың ұшқыны байқалады. Екеуі де бейқам, бақытты.
Менің ашу-ызам, көлігіме деген өкпем, несие үшін ішіме сыймай тұрған ренішім – бәрі осы көрініспен бірге еріп кеткендей болды. Бір сәтке бәрін ұмыттым. Қарт пен сәбидің үнсіз қарым-қатынасы жүрегімді балқытты.
Осы көріністен өмірдің қарапайым, бірақ терең философиясын түсінгендей болдым. Адам балалар мен қарттардың қуанышын көргенде шын бақытты сезінеді екен. Мен бір қалада тұрып, әке-шешемнің үйіне айына бір рет қана барам ғой. «Бұдан былай әр демалыста балаларымды, ата-анамды қуантайыншы» деп ойша жоспар құрып үлгердім.
Тағы 20-25 жылда мен де қартаятынымды ойлап, өмірімнің көбі «жұрт не дейді?», «елден ұят» деп, әркімнің көңілін табам деп өткені еске түсіп, мұңайдым.
Жұрттың сөзінен қорқып, айналаңдағы барлық адамның көңілін табам деп, ал өзің әркімнің қарызын жауып, төленбеген несиесіне ашуланып жүргенде өміріміз өтіп кетеді екен ғой. Осы жылдан бастап басқаша өмір сүрем деп шештім."