"Өзі қонақта отырып, мен үшін сарқыт салып жіберген көршіме ризамын"

0
328


"Аштықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпейді" деген сөз бар ғой қазақта. Расында солай екен. Құйқаның дәмі ғана емес, оны берген адам да еш ұмытылмайды. Мен аштықта емес, жүктілік кезінде көрші келіншектің жасаған жақсылығын үнемі айтып жүремін. Қатты токсикоздан қиналып, ас батпай жүрген кезім ғой" деп ақтарылған келіншек көршісіне алғысын ERNUR.KZ порталы арқылы жеткізгісі келетінін айтты.


"Аяғым ауыр, жүктілігімнің 24-аптасы өтіп жатыр. Токсикоздан әрең құтылып, енді ғана бас көтеріп, ас-ауқатқа қарап жүрген жайым бар.

Асылған ет тамағын жегім кеп жүрген. Бірақ, өзім жасағаныма тәбетім тартпайды. Туыстарым да ет асып шақырып жатыр. Неге екенін білмеймін, олардың дайындағанын жесем де, көңілім көншімей жүргені. Дәмі ме әлде түрі ме, әйтеуір ойымдағыдай емес.

Көз алдымда ет толы астаудың суреті бар. Ортасында сүрленген қап-қара ет кесектері, тұзы сыртына шығып, дәмінен хабар беріп тұр. Еттің майы сары алтындай жылтырайды. Дөңгелектеп кесілген қазы тілімдері астаудың шетін айнала көмкерген. Бәрінің бетінде молынан салынған пияз бен сәбіз, тәтті бұрыш, қызанағы бар тұздық тәбетіңді ашады. Тура сондай етті жегім кеп, сілекейім шұбырғаны басылмай-ақ қойды. Тіпті жүйкеме тиетін болды тап сондай тамақтың табылмағаны.

Бірде танысымның ватсаптағы статусынан бір астау ет тамақтың суретін көріп қалдым. Біраз уақыт бұрын қаланың басқа ауданына көшіп кеткен. Тура менің көз алдымнан көлбеңдеп кетпей жүрген суретті көре сала, статусына реакция жібердім. Амандасып, жағдай сұрастық. Қонақта отыр екен. Статусындағы ас – қонаққа барған үйінікі боп шықты.

Жағдай сұрасып отырып, сөз арасында жүкті екенімді айтқаным сол еді, «Сәлден кейін сарқыт беріп жіберемін» демесі бар ма көршімнің.

Ойбу, ұят-тағы. Өзінің де үйі емес, қонақта отырған жерінен сарқыт сұрауға мәжбүрлегендей болдым ба деп қатты қысылдым. «Қоя бер, ниетіңе рақмет» деп жазсам да, іштей суреттегі еттен жеуді армандап тұрмын.

Айтқанындай-ақ, сәлден кейін жеткізу қызметінің таксиі келіп тұр үйге. Көршім ет ауқаттан, басқа да тәттілерден салып, таксидің ақшасын да төлеп жіберіпті. Ысытып жіберіп, ешкімге, ештеңеге қарамай, апыл-ғұпыл жеп алдым. Жаным жай тапқандай болды.

Жүкті әйелдің жағдайын айтқызбай түсініп, бөтен үй болса да жағдайды түсіндіріп, сарқыт салып жіберген көңілінен айналдым. Осында тұрғанда да жақсы араласып едік. Сол кездегі сыйластықтың оты өшпей, жылуы суымаған болып тұр ғой. Осындай ойлармен көзіме жас алып қалғаным да бар. Арада қанша жыл өтсе де, әлгі келіншекке деген ризашылық сол кездегіден азайған емес.

Көршіме, жалпы осындай жүкті әйелдерге мейіріммен қарайтын, қайырым қылып жүретін жандарға деген алғыс, ризашылығымды жеткізгім келді."