Дегенмен, еліміздегі астық өндірушілердің мәселесі де жоқ емес.
Алаш халқы үшін нан тағамының қасиеті бөлек. Өйткені, «Ас атасы – нан» деп нақыл сөз қалдырған қазақ жұрты ежелгі дәуірлерден-ақ осы өнімге құрмет көрсетіп, қиқымын да шашпайтын болған. Тиісінше бұл дәстүр ата-бабадан балаға жетіп, әлі күнге дейін сол қалпымыздан танбай келеміз. Тіпті, қазір Қазақстан Республикасының халқы 16 қазан күнін «Нан күні» ретінде атап өтеді.
Аталған мейрамның тарихына тереңдейтін болсақ, Дүниежүзілік нан күні 17 жылдан бері қоғамдық маңызға ие болып келе жатыр. Сәйкесінше, бұл мерекеде әлем халықтары түрлі нан өнімдерінің көрмелерін жасақтап, аспаздардың, наубайханалардың және кондитерлердің шеберлік сабақтары өткізіледі. Сонымен бірге, нан өнімдерінің жәрмеңкесі, ұйымдастырылып, мұқтаж азаматтарға тегін үлестіру сынды науқандар жүргізіледі. Одан бөлек, мерекелік жиындарға келген жұртшылық нанның түрлі сұрыптары мен түрлеріннен дәм татып, ас атасының пайда болуы жайлы ақпараттарға қанығып жатады.
Ал, Қазақстан Республикасында бұл мереке алған рет 2019 жылы аталып өткен. Дәлірек айтсақ, 2019 жылдың 16 қыркүйегінде ел Үкіметінің қаулысымен осы мереке бекітілген еді. Осы ретте, сол кезде Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері тұңғыш рет нан өндіретін кәсіпорындарға барып, осы салада еңбек етіп жүрген азаматтарға құрмет көрсеткен болатын.
Биыл да аталмыш ведомство нан өнімдерімен айналысатын еңбеккерлерді мерекемен құттықтап, Үкіметтің қаулысымен бекітілген бұл мейрам астықтан жасалатын өнімдердің дәрежесін көтеруге бағытталғанын айтты. Оған қоса бұл мейрам осы бір қастерлі тағамды дайындауға атсалысатын шаруалар, ұн үлестірушілер мен наубайлардың кәсіби мерекесі екендігің мәлім етті.
Министрліктің ресми мәлімдемесіне сүйенсек, бұл бағытта қызмет атқаратын адамдар әрдайым астыққа ие әрі азық-түлік айналымының маңызды бір бөлігі болып келе жатыр. Дегенмен, биыл нан өндірушілер қиындықтарға да тап болған. Десе де, табиғи және саяси факторларға қарамастан еіміздің ішкі нарығына қажетті бидай жинақталып, шет мемлекеттерге бағытталған экспорт жоспары да орындалған. Айта кетсек, биыл орташа өнімділік 9,3 ц/гектар болған кезде Отандық шаруалар 14,6 миллион тонна астық жинаған екен.
Сөз реті келгенде, нан өніміне тікелей әсер ететін астық өндірісі саласындағы жұмыстарды да атап өткеніміз дұрыс болар. Айталық, биылғы жылдың алғашқы жартысында Отандық шаруалар Ауғанстан мен Орталық Азия мемлекеттеріне 4 миллион тоннадан астам астық жөнелтіпті. Бұл жайында Ауыл шаруашылығы министрлігі мәлімдеп, аталған елдер қазақстандық бидай мен ұнды тұрақты түрде тұтынатынын баяндаған болатын. Сәзімізді қуаттар болсақ, аталған мерзімде елімізден көршілес мемлекеттерге 4 186 мың тонна ұн мен бидай, нақты айтсақ, Өзбекстанға 2,3 миллион, Тәжікстанға - 428 мың, Түрікменстанға - 259 мың, Қырғызстанға - 7,6 мың және Ауғанстанға - 1,1 мың тонна бидай экспортталған екен. Сондай-ақ, министрлік өткен жылы шет мемлекеттерге 6,1 миллион тонна бидай экспортталғанын баяндап, 2023 жылғы көрсеткіш бұдан кем болмайтынын жеткізген еді.
Сондай-ақ, биыл аталмыш ведомство еліміздегі қалалар мен облыстардың басшыларына астыққа арналған қамбаларды дайындап, жаңадан жиналған өнімді қабылдауға әзір тұрулары тиіс екенін жүктеген еді. Осы орайда қазіргі таңда республика бойынша 30 миллион тоннаға жуық астық сақтауға мүмкіндік беретін қоймалар бар екенін айта кеткеніміз жөн болар.
Алайда, бүгінгі таңда барлық саланың алдында тұратын мәселелер астық өндірушілерді де айналып өткен емес. Соның ішінде жауын-шашынның жиі орын алуы осы салаға кері әсерін көп тигізеді. Сол себепті жиын-терім қыза бастаған қыркүйек айында диқандардың жауын-шашын кезінде жинаған өнімдерін кептіру үшін қосымша 73 мың тонна көлемінде жанармай сұрап, аталған мәселе ведомство назарына ұсынылған болатын.
Тиісінше, ауыл шаруашылығы министрлігінде құрылған комиссия жұмыстарының қорытындысы бойынша шаруаларға қолдау жасау мақсатында келесі іс-шаралар қабылданды:
- Біріншіден – Энергетика министрлігімен бірлесіп, астықты кептіру үшін дизель отынын бөлу мәселесі пысықталған. Тиісінше, 18 қыркүйектен бастап ақпараттық жүйеде өтінімдерді қабылдау басталды. Әкімдіктердің деректері бойынша, дизель отынына жалпы қажеттілік 73 мың тоннаны құраған. Оның бағасы – литріне 250 теңгеден аспауы қажет.
- Екіншіден – барлық элеваторлардың күні-түні жұмыс істеуін қамтамасыз ету тапсырылды.
- Үшіншіден – «Бәйтерек» холдингі «ҚазАгроҚаржы» филиалдарына фермерлердің стационарлық және жылжымалы астық кептіргіштерді лизингке алуға арналған өтінімдерін жылдамдатып қарау тапсырылды.
Бұл жайында жария еткен ведомство ақпаратына сүйенсек, жиналған өнімнің сапасыз болуына байланысты тұқыммен қамтамасыз ету жайы да күн тәртібіне алынған. "Осыған орай «Азық-түлік корпорациясы» тұқым қорын қалыптастыру үшін қолда бар астық қорларының тұқым ретінде пайдалануға жарамдылығына сараптама жүргізуді бастады.«Азық-түлік корпорациясының» желісі бойынша астықты жеткізу мерзімі 1 қазаннан 1 қарашаға дейін ұзартылды», - деді министрлік басшысы бұл туралы.
Сондай-ақ, министр нан бағасына да қатысты пікір білдіріп, өнімнің құны әр дүкенде әртүрлі болатынын, нанның бағасы астық қымбаттаған тұста көтерілгенін айтқан. Алайда, астық бағасы қайта төмендесе де, на бағасы төмендемеген екен.
Одан бөлек, биыл кейбір қоғам өкілдері қамбаға түсетін астық ішкі нарықтың сұранысын қамтамасыз ете алатынына күмәнмен қараған. Тиісінше, елі ішіне тараған бұл сауалға Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова жауап беріп, азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты жағдайды баяндаған. Оның айтуынша, бұл мәселе еліміздің өңірлерінде орын алған ауа райының қолайсыздығына байланысты туындаған екен. Дегенмен, ел Президентінің бұйрығы бойынша тауар өндірушілерге қолдау көрсету шаралары қабылданып, астықты уақтылы кептіру мақсатында төмен бағамен 62,5 мың тонна дизель отыны бөлінген. Сонымен бірге, қаржы институттары айыппұл санкцияларын қолданбай, кредиттер мен берешектерді өтеу уақытын ұзартуды іске асырған.
Сондай ақ, елімізде «Азық-түлік келісімшарт корпорациясының» қорлары аясында тұқым қоры қалыптасады екен. Бұл туралы баяндаған Тамара Дүйсенованың сөзіне сүйенсек, бүгінде агроөндіріс кешенін субсидиялауға қосымша қаржы бөлу мәселесі де талдқыланып жатыр екен. Тиісінше, бұл шара ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілерді қолдау аясында астықты тікелей сатып алуды да көздейтін көрінеді.
Оған қоса, Қазақстанның ішкі нарығындағы бидай бағасын тұрақтандыру және «параллельді импорт» әкелудің алдын алу мақсатында келер жылдың 11 сәуіріне дейін Еуразиялық экономикалық одаққа мүше және басқа да үшінші елдерден Қазақстан аумағына теміржол көлігімен бидай әкелуге тыйым салу мерзімі ұзартылды. Сонымен қатар биыл жиналған астық қазақстандықтарды нанмен және ұнмен толық қамтамасыз етуге жеткілікті болатын көрінеді.
Соңғы деректерге сүйенсек, қазіргі уақытқа дейін елімізде 14,9 миллион гектар алқаптағы дәнді дақыл жиналып, жоспардың 86,2 пайызы орындалған. Сонымен бірге, Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауа райының салдарынан қиындыққа тап болған ауыл шаруашылығы өкілдеріне қолдау жасау жөніндегі тапсырмасы аясында төмендегідей шараларды қабылдау ұсынылған:
- форвардтық сатып алу шеңберінде «Азық-түлік корпорациясының» сатып алу бағасы 3-сыныпты бидай үшін 120 мың теңге және 4-сыныпты бидай үшін 105 мың теңге мөлшерінде белгіленсін;
- форвардтық сатып алу және тауарлық кредит бойынша фермерге айыппұл төлемей немесе 1,05 немесе 5% коэффициенті бойынша 3-сыныпты бидайды 4-сыныпқа ауыстыру жолымен ақшалай қаражатпен міндеттемелерді орындауға мүмкіндік беру;
- міндеттемелерді орындауға мүмкіндігі жоқ ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін 3% мөлшерінде банк сыйақысын өтей отырып, шартты орындау мерзімін 1 жылға ұзартуға мүмкіндік беру.
Сәйкесінше, бұл іс-шаралар астық нарығына айтарлықтай әсерін тигізіп, сол арқылы астық өндірушілердің қаржылық ахуалын жақсартуға септігін тигізеді деп жоспарланып отыр.
«Елде болса, ерінге тиеді» - демекші, бұл жаңалықтар астық саласына алаңдаған көпшіліктің көңіліне демеу болып отыр. Осы орайда, біз де «бүгінгі мерекенің арты берекелі болсын» деп тілейміз!
Дайындаған: Б.Мейірханұлы,