2021 жылы "Болашақ" бағдарламасы бойынша қанша квота бөлінеді

0
2 724

​2021 жылы "Болашақ" президент стипендиясын тағайындау бойынша конкурс уақыты мен құжаттарды қабылдау мерзімі қашан бекітілетіні хабарланды.


2021 жылы

ERNUR.KZ. "Болашақ" білім беру бағдарламасының операторы "Халықаралық бағдарламалар орталығы" АҚ осы жылы шетелде білім алуға қанша квота қарастырылғанын хабарлады, деп жазады sputniknews.kz.

"Жақын уақытта "Болашақ" білім алу бағдарламасы бойынша 2021 жылға арналған квота саны бекітіледі. Сәйкес шешімді білім және ғылым министрлігінің жанындағы "Болашақ" халықаралық стипендиясын тағайындау үшін әлеуеті жоғары мамандықтар тізімін және стипендияның шекті санын бекіту комиссиясы шығарады", - дейді халықаралық бағдарламалар орталығы.

Орталық директоры Айнұр Қарбозованың айтуынша, биылғы жылы 555 көлемінде стипендия бөлу қарастырылып жатыр.

Бұдан бөлек ол Де Монфорт британ университетінің филиалы ашылуына байланысты "Болашақ" стипендиаттарының саны қысқармайтынын жеткізді.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Де Монфорт (Лестер) британ университеті осы жылдың шілдесіне дейін Алматыда өз филиалын ашуды жоспарлап отыр. Оқу тек ағылшын тілінде жүреді.

"Де Монфорт британ университетінің филиалы ашылуына байланысты квота санын қысқарту жоспарда жоқ", - деді орталықта.


Пандемия және "Болашақ"

Халықаралық бағдарламалар орталығының ақпаратына сәйкес, коронавирус пандемиясына байланысты 75 стипендиат қазір қашықтан оқып жатыр.

"2021 жылдың 12 наурызындағы мәлімет бойынша 610 стипендиат шетелде білім алуда. Ал 75-і Қазақстанда қашықтан оқып жатыр", - деп хабарлады орталық мамандары.


"Болашақ" бойынша білім алуға құжат тапсыру қашан басталады

Орталықтың хабарлауынша, 2021 жылы "Болашақ" президент стипендиясын тағайындау конкурсын өткізу және құжаттарды қабылдау мерзімі осы жылдың екінші екінші тоқсанында бекітіледі.

"Құжаттарды қабылдау және конкрус өткізу мерзімін жыл сайын білім және ғылым министрлігі бекітеді. Тиісті ақпарат құжаттар қабылдау күніне он күн қалған уақытта "Халықаралық бағдарламалар орталығы" АҚ сайтында, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады", - деді олар.

Сонымен қатар қазіргі уақытта Словакия, Польша, Беларусь пен Әзербайжандағы оқу орындарына түсуге мүмкіндік беретін үкіметаралық грантқа құжат қабылдау жүріп жатыр. Үкіметаралық грант бойынша оқитындарға барлық елде стипендия төленеді. Бірақ оның көлемін қабылдаушы тарап белгілейді.