Бүгінгі таңда елімізде өңдеу өнеркәсібінің экономикадағы үлесі тау-кен саласынан асып, тұрақты өсім көрсетіп отыр.
ERNUR.KZ. Еліміздегі машина жасау саласында 120 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев айтты, деп жазады baq.kz.
Біздің алдымызда жаңа өндіріс орындарын ашу, жаңа технологияларды енгізу, кадр даярлауды күшейту және экспортты ілгерілету арқылы отандық машина жасау саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыру міндеттері тұр. Біз 2028 жылға қарай отандық машина жасау өнімдерінің көлемін екі есеге арттыруды жоспарлап отырмыз, - деді Шарлапаев үкімет отырысында.
Министрдің сөзінше, бүгінгі таңда елімізде өңдеу өнеркәсібінің экономикадағы үлесі тау-кен саласынан асып, тұрақты өсім көрсетіп отыр. Оның ішінде машина жасау саласы өңдеу өнеркәсібінің жиырма пайыз үлесін алады.
Саладағы 4 мыңға жуық компанияда 120 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Халықаралық трендтерге сәйкес, машина жасау саласында ашылған бір жұмыс орны қосалқы салаларда шамамен 7-8 жұмыс орнының пайда болуына әсер етеді. Осылайша, машина жасау саласын дамытудың негізгі артықшылықтарының бірі оның зор мультипликативтік әсері бар. Осы жылдың 9 айында салаға шамамен 124 млрд теңге инвестиция тартылып, оның өсімі 2 есе болды. Өндіріс көлемі 3 трлн. теңгені құрады. Машина жасау саласында ең үлкен үлесті автомобиль (39%), теміржол (13%) және электротехникалық машина жасау (9%) секторлары алады, - деді ведомство басшысы.