5G технологиясы қашықтықтан ота жасауға мүмкіндік бермек

0
967

Елордалық емхана медицинаның цифрлануын назарға ұсынды.


5G технологиясы қашықтықтан ота жасауға мүмкіндік бермек

ERNUR.KZ. Халықаралық электр байланысы одағының Бас хатшысы Чжао Хоулинь денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішевпен бірге елордадағы №10 қалалық емхананың цифрландырылу деңгейімен танысты, деп жазады inbusiness.kz.

Емхананың бас дәрігері Гүлнар Алпысбекова қонақтарды мекеменің цифрлану деңгейімен таныстырды. Бас дәрігер электонды жүйеге көшуге байланысты қағазбастылықтың азайғанын айтып, электронды денсаулық паспорты, дәрігер мен пациенттің жеке кабинетін және емханаға келушілердің қолайлылығы үшін орнатылған ақпараттық дүңгершекпен жұмыс істеп көрсетті.

Бас хатшы Чжао Хоулинь болса Қазақстандық емхананы жоғары бағалайтынын айтып:

«Емханада ақпараттық коммуникациялық технологиялар арқылы қызмет көрсетудің озық жүйесі бар. Бұл келушілердің қызмет алуын өте жеңілдетеді. Денсаулық сақтау саласын цифрландыруда Қазақстан озық ел. Тіпті Женева емханаларында осындай жоғары деңгейді көрген жоқпын. Денсаулық сақтау саласын цифрландырудың қазақстандық тәжірибесін басқа елдерге де тарату қажет. Бұл адамдардың өмірі үшін аса маңызды. Осындай цифрлық қызмет түрлерін ұсынуды жетілдіре беру керек. Қазақстан халыққа ақысыз медициналық қызметтерге кепілдік беріп қана қоймайды, сонымен бірге цифрландыру көмегімен медициналық қызметтердің сапасын жақсарту үшін онлайн режимінде көрсетілетін қызметтерді қадағалап отырады»,– деді.

Ақпараттық коммуникациялық технологиялар саласының маманы 5 G технологиясын медицинада қолдану мүмкіндігі туралы да пікір білдірді.

«Шындығында да 5G технологиясы медициналық қызметтер көрсетуді өзгертеді. Әсіресе, дәрігерлік мекемелері жоқ, медициналық құрал-жабдықтары мен білікті мамандары жетіспейтін шалғай аймақтардағы тұрғындарға қашықтан қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Мысалы, алыс ауылдағы науқасты астанаға әкелмей-ақ, қашықтан ота жасауға, ақыл-кеңес беруге болады»,– деді.

Сондай-ақ, ол заманауи озық технологияларды қолдана отырып, медицина саласында көптеген жетістікке жетуге болатындығын жеткізді.

«Қазіргі өздеріңіз білетін, 5G – жылдам интернет, 4К – тамаша көрініс, 3D – үшөлшемді графика сынды үш технологияның басы біріксе, медициналық қызмет көрсету алға қарыштай түседі. Дәрігерлер қашықта отырып науқасты толықтай қарай алады. Бұл озық технологияларды медицинада пайдаланудың бір мысалы. 5G жедел түрде жәрдем көрсету мүмкіндігін беретіндігі көп айтылуда. Дәрігер науқасты ауыруханаға немесе емханаға әкелмей-ақ, 5G көмегі арқылы оның жай-күйін қашықтан бақылауда ұстай алады»,– деді цифрлық технологиялар маманы.