"86 адам қайтыс болды": маман елдегі қауіпті жол учаскесін атады

0
542

​Елімізде жол апатының негізгі себебі - жылдамдықты асыру. Статистикаға сәйкес, 30 проценті осыған байланысты.


ERNUR.KZ. "Нұр-Сұлтан - Щучинск" тасжолында жылдамдықты шектен асыру жағдайлары жиі болады. Бұл туралы "Жол активтері сапасының ұлттық орталығы" РМК бас директоры Замир Сағынов айтты, деп жазады Sputnik Қазақстан.

Биыл 9 айдың ішінде осы жол учаскесінде 8 280 тәртіпбұзушылық тіркелді. Көлік жүргізушілері жылдамдықты сағатына 140 шақырымнан асырған.

"Ал 58 жүргізуші жылдамдықты 200-ден асырып жіберген. Бір жүргізуші сағатына 238 шақырыммен жүрген. Бүгінде осы жолда жылдамдықты тіркеу камералары Әкімшілік полиция комитетінің ақпараттық базасына қосылмаған. Соның салдарынан жол ережесін бұзатындар жауаптан оңай құтылып кетеді. Негізі, олар өз өмірін ғана емес, басқа адамдардың өмірін де тәуекелге байлап отыр", - деді Сағынов орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.

Орталық басшысы тасжолдарда орнатылған бейнебақылау жүйесін Әкімшілік полиция комитетінің ақпараттық базасымен интеграциялау қажеттігін жеткізді. Сонда тәртіп ұзушылықтар азаяды. Бұдан бөлек, "орташа жылдамдықты анықтау" әдісін енгізген жөн. Ондайда белгілі бір аралықта тұрған камералар көлік жүргізушінің өткен жолы мен уақытты тіркеп, орташа жылдамдықты шығарады. Оны асырған жағдайда айыппұл салынады.

"Бүгінде жол апаттары ауа-райының қолайсыздығы мен сапасыз жол салдарынан болып жатыр. Алайда елімізде жол апатының негізгі себебі - жылдамдықты асыру. Статистикаға сәйкес, 30 проценті осыған байланысты", - деп атап көрсетті Сағынов.

Айта кетейік, "Нұр-Сұлтан - Щучинск" тасжолын пайдалануға берген жеті жыл ішінде осы учаскеде
279 апат болған. 86 адам қайтыс болды, 437 жолаушы жарақат алды.