Оқушыларға сыбайлас жемқорлықтың зиянын түсіндіріп, оған қарсы тұру мәдениетін қалыптастыру мақсатында жасалған ойын квест форматында әзірленген.
Фото: Оқу-ағарту министрлігі
ERNUR.KZ. Абай облысы Бородулиха ауданындағы Жезкент мектеп-лицейінің 9-сынып оқушысы Нұрали Амангелдиев сыбайлас жемқорлыққа қарсы "Сатылмайтын Алпамыс" атты компьютерлік ойынды жасап шығарды, деп жазады inbusiness.kz.
Оқушыларға сыбайлас жемқорлықтың зиянын түсіндіріп, оған қарсы тұру мәдениетін қалыптастыру мақсатында жасалған ойын квест форматында әзірленген. Мұнда ойыншы өзіне жасырын агент немесе журналист рөлін таңдай алады.
Сондай-ақ тергеуді кімге қатысты жүргізетінін де өзі шешеді: сот, прокурор немесе мемлекеттік қызметші.
Ойын барысында ол әртүрлі эпизодтардан өтіп, жемқорлыққа қарсы әрекеттердің қыр-сырын меңгереді және ойын соңында жемқорлықты әшкерелейді.
Қазіргі уақытта ойын мектепте құқық негіздері сабағында тәжірибе ретінде қолданылып жүр. Автор болашақта бұл жобаны ұялы телефондарға арналған тегін қосымша ретінде үш тілде ұсынуды жоспарлап отыр. Осы мақсатта Нұрали өткен жылы І республикалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы жобалар байқауында жеңіп алған 1 млн теңге сыйақысын ойынды дамытуға жұмсаған.
Сонымен бірге ойынның әр кезеңіне Абайдың қара сөздерін қосу арқылы оның рухани мазмұнын байытуды жоспарлап отыр.
"Ойын Қазақстандағы нақты оқиғаларға негізделген көркем роман форматында жасалған. Әр эпизодта Қылмыстық кодекске түсіндірме беріліп, оқушылардың құқықтық сауаты арттырылады. Ал ойын соңында көп ұпай жинаған ойыншы жеңімпаз атанады", – дейді Нұрали.
Ол сөз арасында "Сатылмайтын Алпамыс" оқушылардың құқықтық сауатын арттырып, жемқорлыққа қарсы мінез-құлықты қалыптастыруға арналған ерекше жобаға айналатынына сенетінін жеткізді.