Абай облысында экологиялық ахуалды жақсартуға ден қойылған

0
535

Абай облысының аумағында өткен ғасырдың экологиялық апаттарының зардабы әлі де бар


Абай облысында экологиялық ахуалды жақсартуға ден қойылған

Елімізде экологиялық тұрғыдан мәселесі көп өңірлер бар. Солардың бірі – өткен ғасырда көптеген атом сынақтары өткізіліп, зардабын әлі де тартып келе жатқан Семей өңірі, қазіргі Абай облысы. Сәйкесінше аталған аймақта қоршаған ортаның күйі, жалпы экологиялық жағдай күн тәртібінен түскен емес. Осы ретте көптеген жылдар бойы жоспарлы түрде жұмыстар жүргізіліп келеді. Әсіресе соңғы бірнеше ай көлемінде тазалық, жасыл желек аумағын ұлғайту, экологиялық проблемаларды шешу іс-шаралары қарқын алып келеді.


Мәселен, сәуір айында өңір аумағында екі айға жоспарланған экологиялық науқан басталған еді. Ауқымды жоспар облыс орталығында ұйымдастырылған жалпыхалықтың тазалық іс-шарасымен басталды. Көлемді сенбілікке үш мыңнан аса кәсіпорын қызметкерлері мен он мыңнан астам тұрғын, мемлекеттік және бюджеттік қызметшілер, оқу ордалары мен бизнес саласының өкілдері атсалысты. Тиісінше, қала іші ғана емес, шет жақтарындағы бірнеше кент пен Бейбітшілік аралы да күл-қоқыстан тазартылған. Сенбілік жұмыстарына азаматтардан бөлек тоқсанға тарта техника жұмылдырылып, тиімді тірлік атқарылды.


Жалпы, 2024 жылдың сәуір және мамыр айларын қамтитын науқан шеңберінде ағаш көшеттерін егу, қоғамдық орындарда экологиялық тәртіпті сақтау, бұқаралық нысандарды ретке келтіру және заңсыз қоқыс алаңдарын жою жоспарланған.


Өңірдегі экологиялық екі айлық Республикалық «Таза Қазақстан» акциясымен ұштасып, көптеген жұмыс іске асырылды. Мәселен сәуір айның басында Курчатов қаласы аумағында жеті жүзден аса адамның қатысуымен сенбілік өтіп, 4500 текше метрге жуық күл-қоқыс шығарылып, өзге де тазалық жұмыстары жүргізілсе, Ақсуат өңірінде 100 мың шаршы метрден аса аумақтан жүз елу тоннадан астам қоқыс жиналып, 500-ден аса тұрғын көптеген көшені де ретке келтірді. Бесқарағай және Көкпекті аудандарында да сегіз мыңға жуық азамат акцияғаүлес қосып, қырықтан астам техниканың қызметімен жүз тоннаға жуық қалдықты тазалаған. Ең бастысы – осы уақтта облыс аумағында көгалдандыру жұмыстары да қатар атқарылып, мың түптен астам түрлі ағаш көшеттері отырғызылған.

Сонымен қатар, тұрақты түрде өткізілген сенбіліктер шеңберінде қалалар мен елдімекендер аумақтарын абаттандыру, аялдама аумағы мен ескерткіштерді жуып тазалау, ағаш түптерін ақтап, түптерін қобсыту жұмыстары атқарылып, Семейдегі орман алқабына қарасты алты алқапқа отыз мың түпке жуық ағаш егілді. Аталған іс-шараларға өңір басшысы да атсалысып, барша тұрғынды тазалық шараларына үлес қосуға және экологиялық сананы қалыптастыруға шақырып жүрді.


Абай облысында «Таза Қазақстан» акциясының бір бөлімі – «Киелі мекен» апталығы да жоғары дәрежеде өткізілген. Яғни, тарихи, мәдени жәдігерлер аумағы тазартылып, ретке келтіріліп жатты. Мәселен, осыдан 117 жыл бұрын шеге қағылмай, таза ағаштан салынған «Ақкөл мешіті», қазақ әдебиетінің теңдесіз жәдігеріне айналған Қозы Көрпеш пен Баян сұлудың құрметіне орнатылған ғашықтар ескерткіші, екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне арналған жиырмаға жуық саябақ пен бірнеше ескерткіш және «Алаш арыстары – М.Әуезов» үй–мұражайының аумағында тазалық, абаттандыру және ағаш егі жұмыстары атқарылды.

Сондай-ақ, мыңға жуық адамның қатысуымен «Семей орманы – жасыл аймақ» атты ағаш көшеттерін отырғызу науқаны ұйымдастырылып, бес гектар жерге жиырма мың түптен аса ағаш көшеті егілді. Жалпы, сәуір айында Семей орманы қоры елу мыңға тарта ағаш көшетімен толыққан. Одан бөлек, Үржар ауданына қарасты аумақтарда бес мың түптен аса ағаш көшеті отырғызылып, үш мыңнан аса ағаштың түбі әктелген. Абай ауданында да екі жарым мыңға жуық ағаш егілген. Мамыр айының алғаш күні тойланатын – «Қазақстан халқының бірлігі күні» де түрлі ұлт өккілдерінің қатысуымен өткен экологиялық акциямен басталды. Науқан шеңберінде бірнеше жүз ағаш көшеті отырғызылып, жиырмадан аса этнос өкілдері егілген көшеттерді күтіп-баптау, тұрақты суару жұмыстарын да өз міндеттеріне алды.


Абай облысының тұрғындары «Мөлдір бұлақ» апталығына да белсене атсалысып, Үржар аумағындағы бұлақтар мен өзендер, Ақсуаттағы су көздері, Шаған өзенінің бойы, тазаланған. Сонымен бірге, Бесқарағай ауданы аумағында көгалдандыру іс-шаралары жүргізіліп, екі жүзден аса ерікті сегіз мыңға жуық гүл екті. Ал, Семейде жиырма екі мыңнан аса ағаш-бұта түптерін отырғызу көзделген. Жалпы, 2024 жылы өңірде алпыс бес мың түп көшет отырғызу жоспарланған. Облыс орталығында аумағы 13500 шаршы метрді құрайтын гүлзар пайда болмақ. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасын тауып, экологиялық акциялар атқарылу үстінде.


Атап өтсек, осыған дейін тоқсан мыңға тарта абайлық тұрғын тазалық жұмыстарына үлес қосқан. Үш жарым мыңға жуық мекеме бастамаларға қолдау білдіріп, екі мыңнан аса техника жұмылдырылған. Нәтижесінде жетпіс мыңға жуық аула тазартылып, қоқыс алаңдарына қырық мың тоннадан аса қалдық жөнелтілген. Бес жүзге жуық саябақ пен ескерткіш маңы тазаланып, абаттандырылған. Акция аясында 135 мың түптен аса ағаш пен тоғыз мыңға жуық бұта көшеті отырғызылып, мыңға тарта 991 әлеуметтік нысан мен екі мыңнан астам өнеркәсіп және жеті жүзден аса су айдыны тазаланған.

Тағы бір айта кетерлігі – биыл көктемде өңірдегі қоқыс алаңдарын жаңғырту және жаңаларын салу мәселесі талқыланды. Облыстағы қоршаған ортаны қорғау бағытында 2025 жылға дейін түзілген жоспарға сәйкес, отызға жуық елдімекендегі полигондардың ескілері жаңартылып, бірнешеуі жаңадан салынатын болады. Жалпы, ресми дерек бойынша бүгінгі таңда облыс аумағында 360-қа жуық қоқыс алаңы бар екен.


Абай облысының аумағында өткен ғасырдың экологиялық апаттарының зардабы әлі де бар екені бәріне белгілі. Сондықтан қоршаған ортаны қорғау бағытында осыншама жұмыстың атқарылып жатқандығы заңдылық деп ойлаймыз.


Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ