Әблязовтың сыбайласы Грузиядан экстрадицияланды

0
703

Асылмұрат Рамазанов жалған төлқұжатын пайдаланып, Грузия аумағында жасырынып жүрген.


Әблязовтың сыбайласы Грузиядан экстрадицияланды

БТА банкінің бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязовтің сыбайласы Асылмұрат Рамазанов Грузиядан экстрадицияланды, деп хабарлайды ERNUR.KZ Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.


"29 қазанда бас прокуратураның, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкерлері Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жәрдемдесуімен "БТА банкі" АҚ бұрынғы басқарма мүшесі – басқарушы директоры Асылмұрат Рамазановты Грузиядан экстрадициялады", - делінген хабарламада.

Ол Мұхтар Әблязовтің ұйымдасқан қылмыстық тобының мүшелерімен бірлесіп, БТА банкінің 249 миллиард теңгеден асатын активтерін ұрлағаны үшін іздестірілген болатын.
Бас прокуратураның ақпаратынша, Рамазанов қылмыстық жауаптылықтан жалтару мақсатында Қырғыз Республикасы азаматының жалған төлқұжатын пайдаланып, Грузия аумағында жасырынып жүрген. Алайда Қазақстанның құқыққорғау органдары шетелдегі әріптестерімен жұмыс жүргізіп, нәтижесінде Грузияның ішкі істер министрлігі оны ұстады.
Қазіргі уақытта Рамазанов Алматы қаласында тергеу изоляторына қамалды.
Еске салсақ, 2018 жылы Жамбыл облыстық соты банкир Ержан Тәтішевті өлтіруді ұйымдастырғаны үшін Мұхтар Әблязовты өмір бойына бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.