Адам ағзаларын заңсыз алды деген күдікке ілінген дәрігерге қатысты жаңа мәліметтер шықты

0
1 364

Қылмыстық кодекстің қос бабы бойынша күдікке ілінген дәрігер ісін Ішкі Істер Министрлігінің тергеу комитеті жүргізуде.


Адам ағзаларын заңсыз алды деген күдікке ілінген дәрігерге қатысты жаңа мәліметтер шықты

ERNUR.KZ. Қазақстанда адам ағзаларды заңсыз алу туралы қылмыстық істе тағы бір күдікті пайда болды. Қазақстандық трансплантолог Ғани Құттымұратовпен бірге донорларды тасымалдаған Қырғызстан азаматы да қамауға алынды. Бұл туралы адам ағзаларын заңсыз алды деп айып тағылып отырған танымал трансплантолог дәрігер Ғани Құттымұратовтың қорғаушысы айтты деп хабарлайды Stan.kz.

«Қазіргі кезде екі адам қамауда отыр. Біреуі Құттымұратов, ал екіншісі Қырғызстан Республикасының азаматшасы осы істе аудармашы болып қатысқан. Басқа адам ұсталған жоқ. Ол басқа елдің азаматы болғаннан кейін сол кісілердің арасында аудармашы болып қызмет жасаған. Қылмыстық кодекстің қос бабы бойынша күдікке ілінген дәрігер ісін Ішкі Істер Министрлігінің тергеу комитеті жүргізуде. Тіпті мемлекетаралық тергеу тобы да құрылған», – дейді заңгер Алдирза Қуанышкереев.

Телеарнаның хабарлауынша, шетелдік компания жұмыс жасаған схема бойынша дәрігерлер қазақстандық болған. Ал реципиент Израильден болса, донор – қырғыз және тәжік азаматтары болған.

2017 жылы Израиль компаниясы Құттымұратов бөлім меңгерушісі болып жұмыс істеген ұлттық онкологиялық және трансплантологиялық орталықтың басшылығымен Қазақстанда медициналық туризмді ұйымдастыру үшін тірі донордан бүйрек трансплантациясын жүргізу және осы орталықтың базасында ауыстыруға шетелдік пациенттерді тарту бойынша транспланттау келісімшартын жасаған.

Дәрігерлердің әріптестерінің айтуынша, Онкология және трансплантология орталығындағы әрбір операция бірнеше маманның, тіпті басшылардың келісімімен ғана жасалады екен. Ал мұндай келісім орталықпен шетелдік компания арасында болған көрінеді.

Қазақстан заңнамасына сәйкес, Қазақстан азаматтарына бүйректері мен бауырларын шетелдіктерге сатуға тыйым салынады. Тек резидент еместер арасындағы трансплантацияға рұқсат етілген. Жақында ғана Ішкі істер министрлігінде адам ағзаларын заңсыз алу туралы қылмыстық іс қозғады.

ҚР ІІМ ресми өкілінің баспасөз хатшысы Нұрділдә Ораздың айтуынша, Құттымұратовтың адам ағзасын заңсыз алу бойынша іске қатысы бары анықталған.

«Оның әрекеттері «екі немесе одан да көп адамға қатысты адамның мүшелері мен тіндерін заңсыз түрде алуға немесе тыйым салуға мәжбүрлеу» бабы. Сондай-ақ, 264-бап бойынша - Қылмыстық кодекстің трансұлттық ұйымдасқан топқа немесе трансұлттық қылмыстық ұйымға қатысу бойынша сәйкес келіп отыр», - дейді Нұрділдә Ораз.

Қазақстанда трансплантация жасау өзге елдермен салыстырғанда арзанырақ. Мысалы, Еуропа елдерінде бүйрек трансплантациясы 80 мың доллардан 150 мың долларға дейін жетеді. Ал шетелдік азаматқа мұндай операцияны Қазақстанда жасату үшін 7-8 мың доллар көлемінде қаржы қажет екен.

3 айға жуық уақыт қамауда отырған әріптестері әділ тергеуді талап етіп отыр. Олар еліміздің Бас прокуроры мен Ішкі істер министрінен Ғани Құттымұратовты тергеу амалдары аяқталғанша, уақытша босатуды сұрауда.
Күдікті тар қапаста отырып, әріптестеріне хат жолдаған екен. Онда ол "мені Израильдік компаниямен келісе отырып, шетел азаматтарына заңсыз ота жасады деп айыптауда" деп жазған көрінеді. Ал, елімізге белгілі ақхалаттылар күні кеше баспасөз мәслихатын өткізіп, Құттымұратов тек басшылардың айтқанын орындаушы, ол шетелдік компаниялармен жеке дара келісімге келмеген деп отыр.