"Аға, бір нәрсе сұғып алды": прокурор Шерзаттың өліміне не себеп болғанын айтты

0
186

Сотта Әскентайдың дүкенге не үшін барғаны, кәмелетке толмаған Шерзатпен қалай сөзге келгені толық баяндалды


фото: Пресс-служба полиции Алматинской области

ERNUR.KZ. Талдықорғанда өтіп жатқан Шерзат Полаттың сотында прокурор айыптау актісін бір сағаттан астам оқыды, деп жазады sputnik.kz.
Айыптау актісінде оқиғаның қалай басталғаны, қалай өрбіп, қалай ушыққаны бүге-шігесіне дейін айтылды. Әскентайдың дүкенге не үшін барғаны, кәмелетке толмаған Шерзатпен қалай сөзге келгені де толық баяндалды.
Баласы ер адамды ұрғанын көрген Қаржаубай Нұрымов Әскентайдан кешірім сұрап, айыбын өтейтінін айтқан. Алайда Әскентай достарына хабарласа бастаған.
"Нұрымов Әскентайдың адамдар шақырып жатқанын айтып, туысы Ғайыпбаевты шақырған. Сол уақытта Нұрымов пен Ғайыпбаев Тоқтаубаев пен Әскентайға Шерзат Полаттың кәмелетке толмағанын, балалық жасаған айтып, істі бейбіт жолмен шешпек болған. Тоқтаубаев пен Әскентай жағдайды түсініп, кетіп қалған. Алайда Тоқтаубаевқа Әскентайдың тауар ақшасын төлемегенін Нұрым айтқан. Ал жолда Әскентай досы Тоқтаубаевқа өзі алған тауардың ақшасын төлегенін айтқан. Тоқтаубаев дүкенге қайтып келіп, Нұрымовтан жағдайды бейбіт шешкісі келгеніне қарамастан, дүкенге кіріп, соңғы төлемдерді көрсетуді талап еткен. Бірақ ақша түспеген. Сол жерде досы Тоқтаубаев Нұрымовтың Kaspi нөміріне көзінше ақшаны аударып жіберген", - дейді прокурор.
Осы кезде Әскентай сыртта былапыт сөздер айтып, кіжініп жүрген. Мұны естіген Нұрымов ашуланып, кассадан пышақ алып, сыртта тұрған Әскентайға ұмтылған. Алайда баласы Шерзат Полат әкесін тоқтатып, дүкенге кіргізіп жіберген. Осы уақытта Нұрбол Тоқтаубаев Талғар қаласында дәмханада отырған таныстарын шақырады.
"Қоғамдық орында топтық төбелес болатынын біле тұра, әрі соны қалап, Әскентайды жас бала ұрып жібергенін, ал әкесі пышақпен оқталғанын айтып, таныстарын шақырған. Азамат Тоқтаубаев, Шынасыл, Белғожаев, Ілиясов, Сәкиев мас күйде бола тұра, бұзақылық жасау ниетімен алдын ала пышақтар дайындап, "Қамажай" дүкеніне бет алған", - дейді мемлекеттік айыптаушы.
Белғожаевтың басқаруындағы мерседес-бенц көлігімен Азамат Тоқтаубаев, Ілиясов, Сәкиев өздерімен бірге жүрген қыздар Нұрбекова және Жақсыкелдімен "Қамажай" дүкеніне бет алған.
Ал Шынасыл Әшірбаевтың басқарған көлігімен Тоқтаубаевтардың артынан еріп отырған.
"Бұл адамдар дүкенге келмей тұрып Шерзат Полат кәмелетке толмаған достары Сейсембай, Ахмет Махметті, Алдияр Махметті және Майтұрсынды "Қамажай" дүкеніне шақырған. Шерзат Полаттың достары жалдамалы көлікпен "Қамажай" дүкеніне келген. Сол уақытта сыра сатып алуға дүкенге Қалиахмет, Әбдіқадыр және Мұрат үшеуі көлікпен келіп тоқтаған. Олар топ-топ болып тұрған адамдармен амандасып, дүкенге кіріп кеткен. Осы уақытта мерседес-бенц көлігімен Белғожаевтар келеді", - дейді прокурор.
Оның айтуынша, Әскентайдың таныстары аса қатыгездікпен заңға қайшы әрекеттерімен қоғамға елеулі зиян келтіре отырып, пышақты қару ретінде қолданып, дүкен алдында тұрған Полатқа, әкесі Нұрымовқа, Ғайыпбаевқа Ахмет Махметке қарсы төбелес бастаған.
Прокурор оқиға кезінде жараланғандар туралы ақпарат берді.
"Қамажай" дүкеніне кіріп кеткен Нұрымов даладағы төбелесті естіп, пышақпен сыртқа ұмтылған. Осы кезде Белғожаев дүкеннің есігін ұрып, Нұрымовты дүкенге қайта кіргізіп жіберген. Осы сәтте "Қамажай" дүкені қасында өсіп тұрған ағаш жақтан аңшы мылтығын ұстаған адам Әскентайлар тұрған жаққа оқ атқан. Әрі қарай төбелес болып жатқан кезде, Шынасыл дүкеннің сол жақ бұрышында тұрған Полат пен Ғайыпбаевтан кек қайтару үшін қасақана қазаға ұшырату мақсатында өзімен алып келген сабы қоңыр ас пышағын қару ретінде пайдаланған", - дейді прокурор.
Шынасыл Шерзаттың жүрек кеуде тұсына пышақ сұғып алған.
"Полаттың кәмелетке толмағанын біле тұра, сол жерге көлікпен анасы Бишімбаева мен әжесі Кадированың жүргеніне қарамастан, өз әрекетінің қоғамға қауіпті екенін біле тұра, Полаттың сол жақ жүрек тұсына пышақты сұғып алған. Полат қаша бастаған, 45-50 метрден кейін денсаулығы нашарлап отырып қалған. Шынасыл Полатқа ауыр дене жарақатын түсіргенін біліп, оның алған жарақатынан қаза болғанына көз жеткізген. Әрі қарай топтық төбелеске қатысып жүрген Әскентай, Нұрбол Тоқтаубаев, Қалиахметов оқиға орнында қару қолданғанын естіп, өзінің сыбайластары Азамат Тоқтаубаев, Шынасыл, Белғожаев, Ілиясов және Сәкиевтің пышақ қолданғанын көріп тұрып, төбелесті жалғастырған", - дейді мемлекеттік айыптаушы.
Прокурор Ғайыпбаевты Шынасылдың сынған бөтелкемен жараламақ болғанын айтты.
"Дүкеннен шыққан Нұрымовтың бетінен бөтелкемен ұрған. Ал Тоқтаубаев тергеумен анықталмаған таспен Нұрымовты желкесінен ұрған. Сол кезде Полаттың әжесі Кадирова "Қамажай" дүкеніне қарай бара жатқанда алдынан Шынасыл шығып, итеріп арыққа құлатқан. Содан кейін Бишимбаева баласы Полаттың асфальтта отырғанын көріп, соған бармақ болғанда Ілиясов пен Шынасыл алдынан шығып, Бишимбаеваны білегінен ұстап алып, жібермей қойған. Сараптама қорытындысына сәйкес білегіне көгерген дене жарақаттары келтірілген", - дейді прокурор.
Шерзат ағасы Ғайыпбаевқа "Аға, маған бір нәрсе сұғып алды" деп айтып үлгереді. Сол жақ қолтық астындағы пышақ жарақатын көрген Ғайыпбаев "жедел жәрдем" деп айқайлап көмекке шақырған.
"Ары қарай Белғожаев, Әскентаев, Шынасыл, Ілиясов, Тоқтаубаев, Сәкиев, Ғайыпбаев пен Полатқа қарай барған. Сол жерде Бишімбаева баласы Шерзатқа бірінші болып жетеді. Отырған жерінде құшақтап, топ адамдардың әрекетінен қорғай бастайды. Белғожаев соған қарамастан Полаттың басынан аяғымен теуіп, өзімен алып келген пышақпен бірнеше соққы жасаған. Ал Ілиясов сол жерде жатқан 16 калибрлі аңшы мылтығымен Полатқа соққы жасаған, бірақ соққы анасы Бишімбаеваның қолына тиген. Сосын Ғайыпбаевтың басынан бірнеше рет ұрып-соққан. Бұдан кейін Белғожаев, Әскентаев, Шынасыл, Ілиясов, Тоқтаубаев, Сәкиев жерде жатқан Ғайыпбаев пен Полатты ұрып-соққан", - дейді прокурор.
Мемлекеттік айыптаушы Ғайыпбаевтың да бірнеше рет пышақталғанын айтты.
Кәмелетке толмаған Полатқа сол жақ өкпенің жоғарғы бөлігіне зақым келген, кеуде қуысына енген жарақаттың салдарынан қан жоғалтқан. Ағзасында ішкі және сыртқы қан кету болған. Денсаулығына ауыр жарақат келтірілген. Сот-медициналық сараптама бойынша кәмелетке толмаған Шерзат Полаттың денесінда жарақат көп. Жасөспірім ауруханада көз жұмды.