Айдарбек Қожаназаров Көкпар федерациясының президенті болып сайланды

0
253

Бүгін Республикалық «Көкпар» федерациясының кезектен тыс конференциясы өтті.


Айдарбек Қожаназаров Көкпар федерациясының президенті болып сайланды

Фото: Көкпар федерациясы

ERNUR.KZ. Елімізде Көкпар федерациясының жаңа президенті сайланды. Бауыржан Әбдірашитұлының орнына Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров келді, деп жазады inform.kz.

Бүгін Республикалық «Көкпар» федерациясының кезектен тыс конференциясы өтті. Отырыс барысында федерацияның өткен жылға қорытындысы тыңдалып, биылға жоспары айтылады. Сонымен қатар Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Еркебұлан Ілиясов Көкпар федерациясының жаңа Президентін таңдау туралы ұсыныс білдіріп, бұл лауазымға Айдарбек Қожаназаров сайланды.

– Бауыржан Әбдірашитұлы өз еркімен құзыреттілігін тоқтатты. Саланың дамуына қосқан үлесіңіз үшін алғыс білдіремін. Бұл қызметке қазіргі Мәжіліс депутаты, Көкпар Федерациясының құрметті Президенті, ұлттық спорттың басы-қасында жүрген азамат Айдарбек Қожаназаров сайланды. Көпшілігіміз жақсы танимыз, ол Қостанайда көкпарды дамытып, үлкен деңгейге көтере алды. Сіздің басқаруыңызда федерация да дами түседі деген сенімдемін, - деді Еркебұлан Ілиясов.

Көкпар федерациясының жаңа Президенті көпшілікке сенім білдіргені үшін алғыс айтып, саланың дамуы үшін қандай шараларды қолға алатынын айтты.

– Көкпар спортынан «Қазақстан Көкпар Лигасын» бастаймыз. Жүлде қоры 25 млн теңгені құрайды. Қазір басқа спорттық шаралар кестесін қарап, лиганы өткізу уақытын нақтылаймыз. Сонымен қатар көкпарды аймақтарда кеңінен насихаттау үшін барлық облыста федерация филиалдарын ашып, маркетинг, жарнама жағын күшейтеміз. Чемпионаттың жүлде қорын көбейтіп, жақсы ойын көрсеткен командаларға ынталандыру сыйлығын қарастырамыз, - деп атап өтті Айдарбек Қожаназаров.

Сонымен қатар ол чемпионат барысында жекелеген спортшылар мен жақсы дайындалған аттарға белгілі бір номинациялар арқылы ынталандыру беру көзделіп отырғанын атап өтті. Салым салған ат иесіне де жүлде қорының белгілі бір пайызын беру қарастырылған. Бұл ат иесі көкпаршыларға атын бермей қоятын жағдайлардың алдын алу үшін жасалып отыр.

Конференция қорытындысында Көкпар спортының бүгінгі ахуалы талқыланып, Жастар арасындағы Қазақстан чемпионатының жеребесі өтті.