Ер адам жеті айдан бері өзімен бірге тұрмайтын әйелін қызғанып, жанжал шығарған.
ERNUR.KZ. Көкшетауда ер адам көпқабатты үйдің терезесінен секірмекші болды, деп жазады ҚазАқпарат.
Ведомствоның мәліметінше, Көкшетау қалалық полиция басқармасының «Тұран» кезекші бөліміне Ескі әуежай көшесі бойындағы көпқабатты тұрғын үйдегі пәтерлердің бірінде отбасылық-тұрмыстық жанжал болып жатқандығы туралы қоңырау түскен.
«Анықталғандай, ер адам жеті ай өзімен бірге тұрмайтын әйелін қызғанып, жанжал шығарған. Артынша, пәтердің терезесіне шығып, секірмек болған. Ешкімнің сөзін тыңдамаған оны ағасы келіп, райынан қайтарды», – деді ведомстводан.
Сонымен бірге ер адам әйелге дене жарақатын салып, ұялы телефонын сындырған. Осыған байланысты зардап шеккен әйелден полицияға арыз түсті.
«Биылғы жылдың маусым айында жұбайының шағымы бойынша қорғаныс ұйғарымы шығарылған. Ер адам мінез-құлқына байланысты профилактикалық есепте болған», - деп толықтырды ведомстводан.
Жалпы, Ақмола облысында суицидке оқталудың 142 фактісі тіркелген.