Аймағамбетовтің айтуынша, бұл – Экономика министрлігінің (Ұлттық экономика министрлігі – ред.) төлем операцияларын ҚҚС-қа (НДС) салуға қатысты жоспары.
ERNUR.KZ. Елімізде бір шоттан екінші шотқа ақша аудару қымбаттауы мүмкін, деп жазады BAQ.KZ.
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желілердегі парақшасында осындай өзгеріс туралы әңгіме болып жатқанын жазды.
“Картадан басқа картаға ақша аударғаны үшін комиссия 150 теңге болды. Ал енді, жаңа Салық кодексі жобасында ұсынылған норма қабылданса, мұндай аударымдар шамамен 12%-ға қымбаттауы мүмкін, “- деді депутат.
Аймағамбетовтің айтуынша, бұл – Экономика министрлігінің (Ұлттық экономика министрлігі – ред.) төлем операцияларын ҚҚС-қа (НДС) салуға қатысты жоспары. Пластикалық карталарды пайдалану, картадан картадан аударымдар, шоттан шотқа аударымдар, төлемдер мен банктік қызметтер айтарлықтай қымбаттауы мүмкін.
“Экономика министрлігі бұл шығындарды банктер өздері жабады деп мәлімдейді, бірақ ашығын айтсақ – бұл шындыққа жанаспайды. Банктер ешқашан шығындарды өз есебінен жаппайды. Олар міндетті түрде бұл шығындарды клиенттердің мойнына артады. Өйткені банктер – қайырымдылық ұйымдары емес”, - деп жазды Мәжіліс депутаты.
Бұл нормаға қарсы Ұлттық банк, Қаржыгерлер қауымдастығы, сарапшылар, тіпті «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы да шыққан. Соған қарамастан, Экономика министрлігі бұл норманы Салық кодексі жобасына қосып отыр.
“Мұндай өзгерістер тек біздің шығындарымызды көбейтіп қана қоймайды, сонымен қатар қаржы жүйесіне деген сенімді де әлсіретеді. Бұл бастама әрбір азаматқа әсер етеді. Біз бұл норманы өзгерту үшін өз түзетулерімізді енгіздік. Халықтың мойнына осындай салық жүктеуді әділ деп санауға бола ма? Бюджет тапшылығы мәселесін шешу үшін ең алдымен бюджеттің басым емес шығындарын қысқарту, артық жеңілдіктерді жою, сондай-ақ артық табыс тауып отырған салаларға, оның ішінде банктерге салынатын корпоративтік табыс салығын арттыру арқылы әрекет ету қажет еді, - дейді депутат Асхат Аймағамбетов.