Қайғылы жағдай Зеренді ауданына қарасты Садовое ауылынан 10 шақырым шалғай жерде болған.
ERNUR.KZ. Ақмола облысы, Зеренді ауданында орналасқан шаңғы базасында қауіпсіздік талаптары сақталмағандықтан қылмыстық із қозғалды, деп жазады exk.kz.
Бұған дейін айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазының 16 жастағы Әлихан есімді ұлы шаңғы теуіп жүріп, қайтыс болғанын жазғанбыз.
Қайғылы жағдай Зеренді ауданына қарасты Садовое ауылынан 10 шақырым шалғай жерде болған. Зеренді аудандық полиция бөліміне шаңғы базасының басқарушысы хабарласып, кәмелетке толмаған баланың қайтыс болғанын айтқан. Оқиға орнына бірден жедел тергеу тобы барады.
"Кәмелет жасқа толмаған баланың шаңғы базасына ата-анасымен бірге демалуға келгені анықталды. Жерде жатқан жас жігітті сонда демалған екі адам тапты. Ол шаңғы трассасымен төмен түскенде ағашқа соғылған. Сол жерде есін жимастан қайтыс болды", - дейді полицейлер.
Қазіргі кезде қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет немесе жұмыс орындау фактісі бойынша іс қозғалған. Ол үшін 4 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза қарастырылған.