Ақмола облысында 620 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді

0
247

Облыста тұрғын үй құрылысына ерекше көңіл бөлініп отыр.


Ақмола облысында 620 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді

иллюстрациялық сурет: ашық дереккөзден

Құрылыс саласы Қазақстан экономикасындағы барынша қарқынды дамып келе жатқан салалардың бірі. Қазіргі таңда еліміздің барлық өңірінде көптеген жаңа нысандар салынуда. Сәйкесінше, құрылыс саласындағы бәсекелестік те жоғары. Өз кезегінде, бұл жұмыстар ел экономикасының одан әрі дамуына септігін тигізері анық.

Бүгінде халықты баспанамен қамту еліміздегі негізгі мәселелердің бірі екені даусыз. Осы ретте барлық облыстарда тұрғын үй құрылысына ерекше көңіл бөлініп отыр.


ТҰРҒЫН ҮЙ МӘСЕЛЕСІ



(фото: ашық дереккөзден)
Ендеше Ақмола облысының құрылыс саласының дамуы туралы сөз қозғайық.
Ақмола облысында тұрғындарды баспанамен қамту жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Тарқатып айтар болсақ, биылғы жылдың наурыз айының өзінде Көкшетау қаласының 40 тұрғыны баспаналы болды. Ал, өткен жылы 620 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.
Сондай-ақ, облыс жастарын тұрғын үймен қамту мәселесіне де басымдық беріліп отыр. Оның ішінде жас отбасыларға баса назар аударылған. Осы мәселелерді шешу мақсатында "Ақмола жастары" жаңа өңірлік бағдарламасы іске асырылуда. Бағдарлама аясында 35 жасқа дейінгі жастарды жеке тұрғын үймен қамтамасыз ету негізге алынған.
Аталған жоба ең алдымен жастардың басым бөлігі тұратын Көкшетау қаласынан басталмақ. Одан бөлек, жобаға денсаулық сақтау және білім беру салаларында жұмыс істейтін азаматтарды қосу мүмкіндігі қарастырылуда.
Айта кетейік, облыстағы жастардың үлесі 153 мың адамнан асады, бұл облыс халқының жалпы санының 20 пайызын құрайды. Оның ішінде 68 510 жас қалада, 84 872 жас ауылдық жерлерде тұрады.
2021 жылы облыс бойынша облыстық және жергілікті бюджет қаражаты есебінен 20 елді мекен бойынша қала құрылысы жобалары әзірленді. Одан бөлек, облыстық бюджеттен келесі қала құрылысы жобаларын әзірлеуге қаражат бөлінді:
- Ақкөл ауданының Урюпинск және Кіші Барап ауылдарын дамыту және құрылыс салу схемалары;
- Аршалы ауданы Жалтыркөл ауылын дамыту және құрылыс салу схемасы;
- Бұланды ауданы Журавлевка ауылын дамыту және құрылыс салу схемасы;
- Зеренді ауданының Жолдыбай, Қошқарбай, Красиловка ауылдарын дамыту және құрылыс салу схемалары;
- Егіндікөл ауданы Полтавское ауылы дамыту және құрылыс салу схемасы;
- Көкшетау қаласының бас жоспары;
- Қосшы қаласының бас жоспары;
- Целиноград ауданы Талапкер ауылының бас жоспарын түзету.
- Жарқайың ауданы Шойындыкөл ауылын дамыту және құрылыс салу схемасы;
Облыс аумағында жылумен жабдықтауды жақсарту және желілерді жаңғырту жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Атап айтатын болсақ, биыл Бурабай, Бұланды, Целиноград аудандарында қазандықтар мен жылу желілерін салу және реконструкциялау бойынша үш нысанның құрылысы аяқталды. Сондай-ақ, жылумен жабдықтау сапасын жақсарту мақсатында Біржан Сал ауданы мен Көкшетау қаласында жылу желілерінің 6 учаскесін салу және жаңарту бойынша тиісті жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде қосымша 30 көпқабатты тұрғын үй мен 260 жеке және әлеуметтік нысан орталық жылумен қамтылды.
Ал, биылғы жылы Шортанды ауданының Дамса кентінде жылу желілерін салу жұмыстары басталады.
Одан бөлек, Ақмола облысының облыс орталығында жеке инвестициялар есебінен жабық мұз аренасы салынды. Ауданы шамамен 2 300 шаршы метр спорт кешенінде балалар шайбалы хоккей, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек және керлингпен айналыса алады. Аталған ғимаратта бес киім ауыстыратын бөлме, жаттықтырушылар және медициналық кабинет қарастырылған. Сондай-ақ, спорт кешені мұзды құюға және өңдеуге арналған кәсіби жабдықтармен, мұз алаңын салқындату жүйесімен және арнайы машиналармен жабдықталған.
Облыс аумағында сумен жабдықтау желілерін салу жұмыстары жүзеге асырылып жатыр. Атап айтатын болсақ, тұрғындарды ауыз сумен қамту мақсатында 330 км сумен жабдықтау желілері салынады деп жоспарлануда. Нәтижесінде 2025 жылы облыс халқы толық ауыз сумен қамтылады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша ауылдардың орталықтандырылған сумен қамту көрсеткіші 89,7 пайызға жетті.
Бұдан бөлек, өткен жылы облыс аумағында оңалту орталығы салынды. Сондай-ақ, Президенттің тапсырмасы бойынша заманауи облыстық аурухананың құрылысы басталады.
Ал, бұқаралық спортты дамыту мақсатында Красный Яр ауылында 70 адамға арналған спорт кешені салынып жатыр. Аталған нысанның жалпы аумағы 2,3 мың шаршы метрден асады. Жаңадан салынып жатқан спорт кешені А және Б деген екі блоктан тұрады. Оның "А" блогында ересектер мен балаларға арналған екі бассейн болады деп жоспарлануда. Ал, бірінші қабатында баскетбол алаңы, күрес залы, кеңсе бөлмелері, киім ауыстыратын бөлмелер болады.

АЗ ҚАМТЫЛҒАН ОТБАСЫЛАРДЫ МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУ ШАРАЛАРЫ

Ақмола облысында аз қамтылған және толық емес отбасыларды мемлекеттік қолдау шаралары жүзеге асырылуда. Тақырыпқа кеңінен тоқталатын болсақ, облыста қолданыстағы заңнама шеңберінде табысы кедейлік шегінен төмен аз қамтылған отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек көрсетіледі. Бүгінге дейін 12,5 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Оның ішінде 8 мың бала, 827 көп балалы отбасы бар.
Атаулы әлеуметтік көмек төлеуге 2021 жылы республикалық бюджеттен 784 миллион теңге, аудандар мен Көкшетау және Степногорск қалаларының бюджеттерінен 124 миллион теңге бөлінді. Одан бөлек, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардан шыққан 1 жастан 6 жасқа дейінгі балалар кепілдендірілген әлеуметтік пакетпен қамтылды. Оған республикалық бюджеттен 165 миллион теңге бөлінді. Сондай-ақ, 7,5 мың адамға 497,4 миллион теңге сомасына біржолғы әлеуметтік көмек көрсетілді. Оның ішінде жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен мыңға жуық отбасы жергілікті бюджет есебінен 38,8 миллион теңге сомасында материалдық көмек алды. Одан бөлек, қатерлі ісіктері бар 4661 азаматқа, туберкулезбен ауыратын 946 адамға АИТВ жұқтырған 382 адамға қаржылай көмек көрсетілді.
Сонымен қатар, АИТВ-инфекциясы бар 14 бала ай сайын екі ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде төлем алады. Жыл басынан бері барлығы 11,1 миллион теңге төленді. Оған қосымша табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан зиян шеккен 200-ге жуық отбасыға және аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан жоғары оқу орындары мен колледждердің 180 студентіне оқу ақысын төлеу бойынша әлеуметтік көмек көрсетілді.
Облыс аумағында отбасыларды өмірлік қиын жағдайдан шығару және олардың табыстарын ұлғайту мақсатында еңбекке қабілетті отбасы мүшелерін жұмыспен қамту шаралары қабылданды. Нәтижесінде 400-ге жуық адам жұмыспен қамтылды.


ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА БИЗНЕС



Шағын және орта бизнесті дамыту-кез келген ел экономикасының негізі деп айтуға болады. Өз кезегінде шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі артқан сайын халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы да жақсара түсетіні анық. Елімізде осы мақсатта бизнесті қолдаудың кешенді жоспарлары жүзеге асырылуда.

Бұл бағыттағы жұмыстар Ақмола облысында да қолға алынған. Бүгінде облыс аумағанда 60 мыңға жуық шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркелген. Қазіргі таңда 51 826-сы тұрақты жұмыс істеп тұр. Оның ішінде 8 953 шағын және орта кәсіпкерлік, 36 688 жеке кәсіпкерлер, 6 185 шаруа қожалықтары бар. Өткен жылы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінде 6 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды. Нәтижесінде 140 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылды.

2022 жылдың қорытындысы бойынша шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінде өндіріс, жұмыс және қызмет көрсету көлемі 226,6 миллиард теңгені құрады. Ал, 2022 жылы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің қосылған құны 147,6 миллиард теңгеге жетті. Сонымен қатар, өткен жылы шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау мақсатында 54,4 миллиард теңгеге кредит берілді.

Бұдан бөлек, өңірде «Бизнестің жол картасы 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы да сәтті жүзеге асырылып жатыр. Нақтырақ айтатын болсақ, «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында 2010 жылдан бастап жалпы сомасы 248,939 миллиард теңгеге 4 593 жоба мақұлданды.Бағдарламаны іске асыру кезеңінде 2010-2020 жылдары 1 782,2 миллиард теңге сомасына өнім өндірілді. 20,6 мың жұмыс орны сақталып, 5,7 мың жаңа жұмыс орны құрылды.
Өткен жылы жылы «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасын іске асыруға 8 278,5 миллион. теңге бөлінді. Оның ішінде 5 379 миллион теңге субсидиялауға бөлінді.
Бүгінде 300-ге жуық жаңа жоба бойынша 11 716,2 миллион теңге несие сомасына субсидиялау басталды. Одан бөлек, несиелерді кепілдендіруге 1 820,2 миллион теңге, гранттық қаржыландыруға 139 миллион теңге, өндірістік инфрақұрылымды жүргізуге 940,275 миллион теңге бөлінді.

СЫРТҚЫ САУДА АЙНАЛЫМЫ



Ақмола облысында ел экономикасының ажырамас бөлігіне айналған сыртқы сауда айналымы да қарыштап дамып келеді. Тарқатып айтар болсақ, өткен жылы сыртқы сауда айналы 774,9 миллион АҚШ долларын құрады. Оның ішінде экспорт 321,7 миллион АҚШ долларын, ал импорт 453,2 миллион АҚШ долларына жетті.
Айта кетейік, өңірдегі экспорттың негізгі үлесінің 39,4 пайызын бидай, 15,1%-ын подшипниктер, 12,1 пайызын зығыр тұқымдары, 6,1%-ын ұн, 2,1 пайызын арпа, 2,8 пайызын рапс тұқымдары құрайды. Ал, импорт құрылымында негізгі үлесті 10,6% жер үсті көлігі құралдары, 4,9% темірден немесе легирленбеген болаттан жасалған шыбықтар, 4,1% өсімдіктерді қорғау құралдары, 3,3% этилен полимерлері, 1 пайызын мұнай өнімдері алады.
Бұдан бөлек, облыс аумағында өңдеу өнеркәсібінде 40 жоба, ауыл шаруашылығында 210 жоба, көрсетілетін қызметтер саласында 11 жоба мақұлданды. Сондай-ақ 1 300-ден астам жұмыс орнын құру жоспарлануда.
Ал, өткен жылы құны 47,5 миллиард теңгеге 32 жоба пайдалануға берілді. Атап айтар болсақ, 2022 жылы іске асырылған ең ірі жобалардың тізімінде «SG Brick» ЖШС кірпіш зауыты, «Эталон Power» ЖШС жел электр станциясы, «RG Processing» ЖШС алтын өндіру фабрикасы, «Макинск құс фабрикасы» ЖШС құс фабрикасының үшінші кезегі бар.
Еске сала кетейік, Ақмола облысында өндірістік қуаттылығы жылына 87,5 мың тонна ет өңдейтін 15 кәсіпорын, жылына 137,0 мың тонна сүт өнімдерін өндіретін 14 кәсіпорын, өндірістік қуаттылығы жылына 794,8 мың тоннаны құрайтын 36 ұн тарту кәсіпорны, өндірістік қуаттылығы жылына 49,3 мың тонна майлы дақылдарды өңдейтін 8 кәсіпорын бар. Тамақ өнімдерін өндіру құрылымында негізгі үлесті ет өңдеу саласы – 53,0%, сүт – 15,3%, астық өңдеу – 13,9%, нан мен нан-тоқаш өнімдері – 3,0%, өзге салалар – 14,8% алады.
2022 жылы өңірдегі ет өңдейтін кәсіпорындар мен цехтар 14,6 мың тонна, ал 2021 жылы 83,5 мың тонна ет өндірді. 2021 жылы өңделген сүт өндірісінің көлемі 82,0 мың тоннаны құрады. Оның ішінде сары май 8,5 пайызға өсті, ірімшік және сүзбе 25,0%- ға төмендеді, ашымал сүт өнімдері, 8,8% - ға өсті. Ал, өткен жылы 12,7 тонна өңделген сүт өндірілді. Бұдан бөлек, 2021 жылы өндірілген өсімдік майының көлемі 39,7%-ға өсті. Ал, өткен жылы 4,9 мың тонна өсімдік майы өндірілді. Сондай-ақ, 2022 жылы 35,3 мың тонна, 2021 жылы 231,4 мың тонна ұсақ тартылған ұн тартылды.


АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛАСЫ




Облыс аумағында ауыл шаруашылығы саласының даму көрсеткіштері де жоғары. Атап айтатын болсақ, өткен жылы ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 1 075 124 миллион теңгені құрады. Оның ішінде өсімдік шаруашылығы 751 429,6 миллион, теңге, мал шаруашылығы 322 282,7 миллион теңгеге жетті.
Ал, биылғы жылдың қаңтар айында ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы шығарылымы 26 047,5 миллион теңгені құрады. Қазіргі таңда өңірде 1996 заңды тұлғалар, 774 жеке кәсіпкерлер, 6399 шаруа-фермерлік қожалықтары, жалпы алғанда 9169 агроқұрылымдар бар.
2022 жылы ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі 3 268,1 мың теңге, ал, инвестициялар 97,3 миллиард теңгені құрады.Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы өнімінің экспорты 381,0 миллион АҚШ долларын құрады. 2023 жылдың қаңтар-ақпан айларында ауыл шаруашылығына арналған 200-ден астам техника сатып алынды. Оған барлығы 8,6 миллирд теңге бөлінді. Оның ішінде 14 астық жинау комбайны, 48 трактор, 30 тұқым септкіштер, 15 егіс кешендері және 100-ден астам өзге де техникалар алынды. Ал, 2022 жылы 73,9 миллиард теңгеге 2 мыңға жуық техника алынды. Оның ішінде 326 астық жинау комбайны, 467 трактор, 227 тұқым септкіш, 87 егіс кешендері, 802 өзге де техникалар бар.
Одан бөлек, облыстың ауыл шаруашылығында 116,1 мың адам жұмыспен қамтылған.
Биыл 5252,7 мың га алаңда ауыл шаруашылығы дақылдарын себу жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде дәнді және дәнді бұршақты дақылдар 4662,6 мың га, майлы дақылдар 366,7 мың га, жемшөптік дақылдар 206,7 мың га. Сондай-ақ, 14,5 мың гектарға картоп, 2,2 мың гектарға көкөністер егілді.
Нәтижесінде 4662,6 мың га жинау алаңынан 5455,2 мың тонна астық жиналды. Ал, 2,4 мың гектардан 28,3 көкеніс жиналып, жоспар 105,6 пайызға орындалды. Майлы дақылдардың жалпы түсімі 240,7 мың тоннаны құрады. Сонымен қатар, 103 мың гектардан 202,2 мың тонна картоп жиналды.
Ақмола облысында ауыл шаруашылығымен қатар, мал шаруашылығы да жүйелі түрде дамып келеді. Өңірде мал шаруашылығын дамыту мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыру мен асыл тұқымды мал шаруашылығын субсидиялау бағыты бойынша жүзеге асырылуда.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыс шаруашылықтарының барлық санаттарындағы ірі қара мал басының жалпы саны 455,1 мың ды құрайды. Оның ішінде сиыр 232,9 мың бас, жылқы 232 мың бас, қой мен ешкі басы 573,4 мың, 71,1 мың шошқа бар.Облыста 190 мың тонна тірі салмақтағы сойылған ет, 406,7 мың тонна сауылған сүт 736,9 миллион дана жұмыртқа өндірілді.
Бұдан бөлек, Ақмола облысында агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдау шаралары да іске асырылуда. Өткен жылы агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдау көлемі шамамен 54,9 миллиард теңгені құрады. Оның ішінде өсімдік шаруашылығы саласын субсидиялауға 15,4 миллиард теңге, тұқым шаруашылығын қолдауға 789,0 миллион теңге, тыңайтқыштар құнын субсидиялауға 3171,4 миллион теңге, басым дақылдардың өндірісін дамытуды субсидиялауға 700,0 миллион теңге, азық-түлік астығын өткізу кезінде агроөнеркәсіптік кешен саласындағы ұлттық компанияның шеккен шығыстарын өтеуді субсидиялауға 182,7 миллион теңге қаралды.
Ақмола облысында ел экономикасына әсер ететін салалардың жүйелі дамып жатқаны көңіл қуантады. Өз кезегінде бұл көрсеткіш облыс тұрғындарының өмір сүру сапасына да тигізер ықпалы зор. Ақмола облысының даму көрсеткіштері алдағы уақытта бұдан да жоғары нәтижелерге жетеді деген сенім мол.

ERNUR.KZ.