Ақмола облысының даму көрсеткіші жоғары

0
1 001

Барлық салада оң өсім бар.


Ақмола облысының даму көрсеткіші жоғары

Қазіргі таңда елімізде халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын арттыруға бағытталған түрлі жобалар іске асырылуда. Оның ішінде денсаулық сақтау мен білім беру қызметтерін жақсарту, халықты баспанамен қамту, инфрақұрылымды дамыту және жолдардың сапасын арттыру негізге алынған.

Бүгінде барлық өңірде осы бағыт бойынша тиісті жұмыстар қолға алынған. Осы арқылы облыстардағы ең өзекті мәселелерді кезең-кезеңімен шешу жоспарлануда.
Өздеріңізге белгілі, біраз уақыттан бері осы тақырып аясында мақала жариялап келеміз. Ал, бүгін мыңдаған жылдарға тамыр жайған тарихы бар Ақмола облысының дамуы туралы сөз қозғайық.
Ақмола облысы — Қазақстан Республикасының солтүстігінде орналасқан облыс. 1939 жылы 14 қазанда құрылған. Әкiмшiлiк орталығы — Көкшетау қаласы. Жер аумағы 146,2 мың км². Солтүстігінде Солтүстік Қазақстан, шығысында Павлодар, оңтүстігінде Қарағанды, батысында Қостанай облыстарымен шектеседі.

2023 ЖЫЛЫ 10 МЕКТЕП САЛЫНАДЫ



(фото: ашық дереккөзден)

Сапалы білім – қазіргі заманның басты талабы. Оның ішінде білім алушыларға қолайлы жағдай жасау және заманауи мектептер қатарын көбейту негізге алынған. Аталған мәселелер бойынша Ақмола облысында да тиісті жұмыстар жүзеге асырылып жатыр.
Қазіргі таңда Ақмола облысының білім беру жүйесінде 1 325 білім беру ұйымы жұмыс істейді. Ал, мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту саласында 602 ұйым бар.
Ақмола облысында 2023-2025 жылдары «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы аясында 26 500 оқушыға арналған 20 мектеп салу жоспарлануда. Оның 13-і ауылдық жерлерде салынады. Атап айтатын болсақ, 2023 жылы 10 мектеп, 2024 жылы тағы 10 білім беру нысаны бой көтереді.
Білім беру саласының бюджеті өткен жылы 169,1 миллиард теңге, ал 2023 жылы 212 миллиард теңгені құрайды.
Бұдан бөлек, облыс аумағында заманауи мектептер қатарын арттыру жұмыстары жүргізілуде. Атап айтатын болсақ, биыл IQanat әлеуметтік-білім беру жобасы аясында жаңа нысанның құрылысы басталды. "Freedom House" деп аталатын жаңа кампустың құны 2,5 миллиард теңгені құрайды. Аталған нысан осы жылы пайдалануға беріледі. Аталған нысанның кампус планетарийі, 420 орындық амфитеатры, STEAM зертханасы және 7 мың кітапқа арналған кітапханасы болады.
IQanat жобасының тағы бір ерекшелігі – IQanat олимпиадасының 500-ден астам ауыл балалары қосымша білім алу үшін жыл бойы мектепке келе алады.
Айта кететін жайт, IQanat әлеуметтік-білім беру жобасы ауыл оқушыларын қолдау мақсатында қолға алынған. Ал, аталған жобаға 100-ден астам қазақстандық кәсіпкерлер қолдау көрсетеді.
Сондай-ақ, облыс аумағында балаларды балабақшамен қамту жұмыстарына да ерекше көңіл бөлініп отыр. Қазіргі таңда өңірде 1426 орындық 6 балабақшаның құрылысы жүргізіліп жатыр. Атап айтатын болсақ, Шортанды ауданында 140 орындық, Қараөткел ауылында 280 орындық, Қосшы қаласында 280 орындық, Көкшетау қаласында 280 орындық, Красный яр ауылындағы Нұрлыкөш ауылында 280 орындық, мобильділігі төмен топтар үшін 166 орындық балабақша құрылысы жалғасуда.
Ал, өткен жылы Целиноград ауданы Қоянды ауылында 280 орындық балабақшаның құрылысы аяқталды. Жаңадан пайдалануға берілген орталықта баланың жан-жақты дамуы үшін барлық жағдай жасалған. Заманға сай салынған балабақшада топтық бөлмелер, музыка залы, дене шынықтыру залы және асхана бөлмелері бар. Олардың барлығы заманауи құрал жабдықтармен жабдықталған. Сондай-ақ, аталған балабақшада мемлекеттік тілде оқытатын 13 топ жұмыс істейді. Негізгі тәрбиешілерден бөлек, дене шынықтыру нұсқаушысы, логопед және хореограф сияқты бейінді мамандар бар.
Қазіргі таңда Ақмола облысында 600-ден астам мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Оның ішінде 258 балабақша, 344 шағын орталық бар. Нәтижесінде 1 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың - 81 пайызы, 2 жастан 6 жасқа дейінгілердің 86%-ы, ал 3 жастан 6 жасқа дейінгілер толық қамтылған.
Биылғы жылы 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі ұйыммен қамту көрсеткішін 88 пайызға жеткізу мақсатында 11 970 орынға лайықталған 6 мемлекеттік және 5 жекеменшік орталық ашу жоспарлануда. Сондай-ақ, 62 орынға арналған үш мемлекеттік және 3 жекеменшік мектепке дейінгі ұйым ашу көзделуде.


КӨПБЕЙІНДІ ОБЛЫСТЫҚ АУРУХАНА САЛЫНБАҚ


Ендігі кезекте облыстың денсаулық сақтау саласы туралы сөз қозғайық. Ақмола облысында тұрғындарды сапалы әрі қолжетімді медицинамен қамту шаралары жүргізілуде. Облыс аумағында 562 денсаулық сақтау нысаны жұмыс істейді. Олардың қатарында 13 - облыстық, 2 - ауданаралық 16 – аудандық, 7 - қалалық және 524 - ауылдық нысан бар.
Өңірде 10 мың тұрғынға шаққанда дәрігерлермен қамтамасыз ету 19,8 және орта медицина қызметкерлерімен қамту көрсеткіші 74,1 пайызды құрайды. Облыста 2 мыңға жуық дәрігер және 6 мыңнан астам орта медициналық қызметкерлер жұмыс істейді.
Алдағы уақытта медициналық көмекке қолжетімділікті арттыру мақсатында Көкшетау қаласында 630 орынға арналған көпбейінді облыстық аурухана салынады. Сонымен қатар, облыс аумағында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында 38 объекті салынып, бірқатар ауданаралық ауруханада күрделі жөндеу мен жаңғырту жұмыстары жүргізіледі.
Өткен жылы облыстың денсаулық сақтау саласының шығыстарына 1,5 миллиард теңге бөлінді. Оның ішінде медициналық ұйымдарды жарақтандыруға 1,4 миллиард теңге, күрделі шығыстарға 129,2 миллион теңге қаралды.
Сондай-ақ, өңірдің медицина саласын одан әрі дамыту мақсатында ҚР Президенті Іс Басқармасы Медициналық орталығымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Аталған ортақ келісім қала тұрғындарына дәрігерлердің тегін консультацияларын, санаторийлік-курорттық емдеу және медициналық оңалту бойынша қызметтерді алуға, ал қажет болғанда жағдайы ауыр науқастарды емдеуге мүмкіндік береді. Одан бөлек, өңірдің медициналық мекеме қызметкерлеріне инновациялық технологияларды оқыту, жаңа медициналық технологиялар мен оқытудың инновациялық әдістемелерін дамыту саласында тәжірибе алмасуды көздейді.
Жалпы алғанда облыс аумағында 2021 жылы өлім-жітім көрсеткіші 29%-ға төмендеген. Ал өткен жылы, өлім-жітім көрсеткіші 20,2 пайызға төмендегені байқалды. Оның ішінде қатерлі ісіктерден болатын өлім-жітім 14,8%-ға, қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім 21,8%-ға, жазатайым оқиғалардан улану және жарақат алу жағдайлары 7,9 пайызға төмендеді.
Одан бөлек, облыста қан айналымы жүйесі ауруларымен сырқаттанушылықтық деңгейі 0,1 пайызға төмендеген. Ал, нәрестелер өлім-жітімінің көрсеткіші 1000 адамға шаққанда 17,2%-ға артты. Өңірде бала туу көрсеткіші 12,3 пайызға төмендеген.
Айта кетейік, 2023-2025 жылдары ел өңірлерінде және шалғай ауылдарда 650 медициналық-санитариялық алғашқы көмек объектісі салынады. 2023 жылы медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсетудің 300-ден астам объектісінің құрылысы басталады. Сондай-ақ 30-дан астам орталық аудандық ауруханада күрделі жөндеу және реконструкциялау жұмыстары жүргізіледі деп жоспарлануда.

БҰҚАРАЛЫҚ СПОРТ ДАМЫП КЕЛЕДІ


Өзге өңірлер секілді Ақмола облысында да бұқаpалық споpтты одан әpi дамыту жұмыстары қолға алынған. Басты мақсат – өңірдегі жастар мен жасөспірімдер арасында спортты дамыту және тұрғындар арасында спортпен шұғылданатын адамдар санын көбейту.
Бүгінде өңірде осы мақсатта халықтың спортпен шұғылдануына жағдай жасау, спорттық ғимараттар желісін кеңейту және спорт секцияларының санын арттыру жұмыстары белсенді жүргізілуде. Нақтырақ айтатын болсақ, облыс аумағында 2444 спорт нысаны бар. Оның 1711-і ауылда орналасқан. Өткен жылы спорт ғимараттарының саны 36-ға артты.
Қазіргі таңда Ерейментау және Біржан сал аудандарында жүзу бассейнінің құрылысы мен Біржан сал ауданындағы стадионды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, "Ауыл – Ел бесігі" арнайы жобасы аясында Аршалы кенті, Целиноград ауданы Ақмол ауылында жүзу бассейні бар дене шынықтыру-сауықтыру кешендері мен Шортанды кентіндегі стадионға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұдан бөлек, Есіл ауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу жұмыстарына қаражат бөлу бойынша бюджеттік өтінім қарауға жіберілді. Ал, Бурабай ауданының Щучинск қаласында спорт сарайының құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.
Облыс аумағында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың спортпен айналысуына қолайлы жағдай жасау жұмыстары да назардан тыс қалмаған. Атап айтатын болсақ, Қорғалжын ауылында мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы жағдай жасалған жаңа спорт залы ашылды. Аталған нысан барлық заманауи талаптарға сәйкес салынған. Сондай-ақ, азаматтардың жеке қабілеттерін ескере отырып, спорттық құрал жабдықтармен қамтылған. Аталмыш орталықта бір уақытта 20 адамға дейін спортпен шұғылдана алады.


МӘДЕНИЕТ НЫСАНДАРЫНЫҢ САНЫ АРТТЫ



Соңғы жылдары елімізде мәдениет саласының дамуына да ерекше көңіл бөлініп отыр. Сәйкесінше, барлық өңірде мәдениет нысандарының саны да күн санап артып келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар Ақмола облысында да белсенді түрде жүргізіліп жатыр.

Кеңінен тарқататын болсақ, қазіргі таңда облыс аумағында 660 мәдениет нысаны жұмыс iстейдi. Оның 632-і мемлекеттiк. Сондай-ақ, облыста 270 клуб, 342 мемлекеттiк және 8 ведомствалық, 21 мемлекеттiк архив, 11 музей, 2 театр, Үкiлi Ыбырай атындағы филармония, тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы, халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығы және 3 мемлекеттiк емес кинотеатр бар. Оған қосымша Бiржан сал ауданы Уәлиханов ауылдық округiнiң Алға ауылында тағы бір ауылдық клуб ашылды.

Облыстың мәдениет саласын қаржыландыруға 7,8 миллиард теңге, оның iшiнде облыстық бюджеттен 3,5 миллиард теңге, аудандық бюджеттен 4,3 миллиард теңге қарастырылған.
Бұдан бөлек, 2020 жылы мәдени іс-шараларға қосымша 636,3 миллион теңге бөлiндi. Аталған іс-шаралар тізімінде Ресей мен Қазақстанның XVII өңiраралық ынтымақтастық форумы, Алтын Орданың 750-жылдық мерейтойы, Абай Құнанбайұлының 175-жылдық мерейтойы, Әл-Фарабидiң 1150 жылдық мерейтойы, Астана қаласының мәдениет күндерi, Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейiнiң 100 жылдығы, Мәлiк Ғабдуллин музейiнiң 100 жылдығына арналған мерейтойлар бар.
Өңірде 11 музей жұмыс iстейдi. Оның жетеуі Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейiнiң филиалдары. Музейде 420 экскурсия, 75 дәрiс өткiзiлдi және 70 көрме ұйымдастырылды. Ал, облыс театрларымен 146 спектакль қойылды. Сондай-ақ, Ақмола облыстық орыс драма театры алғаш рет «Панночка» спектаклiмен «Кипрдегi бес кеш» V Халықаралық театр фестивалiне қатысты. Ал, Ақмола облысында 1 793 тарих және мәдениет ескерткiштерi бар. Оның iшiнде 4 республикалық маңызы бар, 1032 — жергiлiктi және 757 тарихи — мәдени мұралар. Сонымен қатар, облыста ктапхана саласын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.
Бүгінде өңірде 70 модельдi кiтапхана бар, оның 47-і ауылдық кiтапхана. Облыс кiтапханаларында 700-ден астам компьютер бар. Сондай-ақ, интернет желiсiне қосылған кiтапханалар қатары да едеуір артқан. Бұдан бөлек, облыс аумағында коворкинг орталықтарының саны артып келеді. Мемлекеттiк жүйе кiтапханаларының кiтап қоры 4 774 648 дана, оның iшiнде мемлекеттiк тiлде — 1 341 738 кітап бар.
Осы ретте облыс өнерпаздарының жетістіктеріне тоқтала кетейік. Өңір таланттары көптеген республикалық және халықаралық байқауларда жүлделі орындардан көрініп жүр. Тарқатып айтар болсақ, "Шалқыма" халықтық би ансамблi "Astana global fest" халықаралық хореография және вокал байқауында I орынға ие болды. Сондай-ақ, елiмiздiң 70 хореографиялық ұжымы қатысқан байқауда ансамбль жетекшiсi "Үздiк тәлiмгер" номинациясына ие болды.
Ал, Ресейде өткен «ТВОЙ ШАНС» балалар шығармашылығының I Халықаралық қашықтық байқауында «Полянка» балалар үлгiлi хореографиялық ұжымы 9,6 балл жинап, «эстрадалық би» номинациясы бойынша I дәрежелi дипломмен марапатталды.

Қорытындылай келе, Ақмола облысының даму қарқынын жоғары деп бағаласақ артық етпес. Соның ішінде күн тәртібінен түспейтін біраз мәселелер шешімін тапқан сыңайлы. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да дәл осындай қарқынмен іске асады деген ойдамыз. Осы арқылы елімізде қуатты өңірлер қатары көбейе берсін.

ERNUR.KZ.