АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі "Борат" фильміне қатысты пікір білдірді

0
619

Саясаткер АҚШ-та талантты қазақстандықтардың бар екенін, олар елдің шынайы бейнесін танытып жүргенін айтты.


АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі

ERNUR.KZ. АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Уильям Мозер "Борат" фильмінің екінші бөлімінің шығуына қатысты ойымен бөлісті, деп жазады sputniknews.kz.

"Шынымды айтсам, үзінділерін көргенім болмаса фильмді толық көрген емеспін. Ал екінші бөлімге келер болсақ... бұл – фильм. Адамдар киноға барады, көреді, осымен болды. Мен АҚШ-та тұратын ондаған қазақстандықтың маңыздылығы туралы айттым, олар нағыз елшілер. Қай елге болса да адамдар бармай-ақ, жеке байланыстар негізінде ой қалыптасады", – деп атап өтті елші Kazakh TV арнасына берген сұқбатында.

Ол АҚШ-та талантты қазақстандықтардың бар екенін, олар елдің шынайы бейнесін танытып жүргенін айтты.


"Көрген немесе көре алмаған кез-келген фильмге қарағанда олар ұзақ есте сақталады", – деп қорытындылады Мозер.


Жуырда ғана "Борат" фильмінің жалғасы АҚШ-тағы президент сайлауы қарсаңында Amazon платформасында шығатыны белгілі болған. Фильмнің пандемия кезінде жасырын түрде түсірілгені хабарланды.

Айта кетейік, бұған дейін 2006 жылы Борат Сағдиев есімді қазақстандық "журналистің" Америкаға сапары туралы фильм кең таралды. Фильмге 18 миллион доллар жұмсалып, 261,5 миллион доллар табыс әкелді. "Алтын глобус" сыйлығын алып, "Оскарға" ұсынылды.

Ал Қазақстанда фильмге деген теріс пікірлер пайда болып, туындыны түсіргендер елді қаралады деп айыпталды.

Екінші бөлімнің сюжеті бойынша ойдан шығарылған кейіпкер, қазақстандық журналист Борат тағы да АҚШ-та болады. Ол президент сайлауы қарсаңында елдің саяси өмірін зерттеп, америкалықтардың өмір салтын мазақ етеді.

Фильмнің трейлері жарияланғаннан кейін көптеген қазақстандық оны тағы да қорлау деп таныды. Әлеуметтік желіде фильмнің шығуына қарсы флешмоб басталды. Оған әлем бойынша желі қолданушылары қосылды, олар #CancelBorat хэштегімен өздерінің наразылығын білдіруде.