Ол көпқабатты үйдің шатырына тауық асырап, күнкөрістің қамын істеген.
ERNUR.KZ. Ақтаудағы 12-шағынауданда көпқабатты үйдің шатарына шағын қора салып, тауық асыраған ер азаматты полиция қызметкерлері жазалады деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Ол шиттей бала-шағасын асырай алмағандықтан осындай қадамға барған.
Руслантауық қора салуды 1 ай бұрын ойлаған. Бұл ойын ПИК басшыларына айтып, шатырдың кілтін де алыпты. Кейін құс пен қоян өсіруді қолға алған.
«Шатыр қоқысқа толып жатқан. Мен бәрін тазаладым, бетон құйдым, тесіктерін жамап, жылы қора жасадым», - дейді ол.
Алғашқы уақытта үйдің тұрғындары Русланға жем-шөппен көмектескен. Алайда, 10 қараша күні оның үйіне полиция келіп, айыппұл салып кетіпті. Көмектескен көршілері құстың дауысынан мезі болса керек, полицияға арыз жазған. Оған қатысты Әкімшілік кодекстің 408 және 505-ші баптары бойынша хаттама толтырылды. Көпбалалы әке енді 65 мың теңге көлемінде айыппұл төлеуі мүмкін.
Русланның өзі болса шатырдағы құстары мен қояндарын үйіне кіргізуге мәжбүр болды. Алдағы уақытта бәрін өзгелерге таратып бермек.