Ақтауда өртеліп жатқан қаңғыбас иттердің видеосы елді шошытты

0
408

Аталған оқиғаға байланысты тұрғындар өрттің түтінінен бөлек, айналаға жағымсыз иіс тарайтынын айтқан.


Ақтауда өртеліп жатқан қаңғыбас иттердің видеосы елді шошытты

ERNUR.KZ. Ақтауда қаңғыбас иттерді аулап, кейін оларды жою кезінде атқарылған жұмысқа тұрғындар шағым айтты, деп жазады inform.kz.

Жергілікті блогер Азамат Сәрсенбаев әлеуметтік желіде қала сыртындағы үй жануарларын өртеу дерегіне қатысты бейнежазбаны бөлісті.

Аталған оқиғаға байланысты тұрғындар өрттің түтінінен бөлек, айналаға жағымсыз иіс тарайтынын айтқан.

Алайда Маңғыстау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Бердібек Мархабаев бәрі тиісті нормаларға сәйкес атқарылып жатқанын мәлімдеді.

«Ақтау ветеринария станциясы қала аумағында қаңғыбас иттерді аулап, жою жұмысын тек қала тұрғындарының арызы негізінде жүзеге асырады. Ал өлген иттер арнайы қазылған шұңқырда өртеліп жатыр. Қаңғыбас иттер „Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы“ заңның 15-бабының 4-тармағына сәйкес тұрғындар өтініші негізінде ауланды. Оның барысында залалсыздандырылған иттер ауланбайды. Себебі олардың құлағында алыстан көрінетін сырғасы бар. Жоғарыда көрсетілген видеотүсірілімдегі өртелген иттер ішінде сырғасы бар иттер жоқ», — деді Бердібек Мархабаев.

Басқарма басшысының орынбасары қала аумағында қараусыз жүрген иттерді аулаған соң оларды ұстайтын орын әзірге дайын емес екенін айтып отыр. Қазір осыған қатысты тиісті жұмыс басталған.

«Қараусыз ит-мысыққа арналған панажай бойынша Ақтау қаласының әкімдігі 2021 жылы № 7 өндірістік аймақтың № 77 жер учаскесінде орналасқан қойма мен 1,8523 га жер учаскесі қарастырылды. Қалалық құрылыс бөлімі тарапынан 2023-2025 жылдарға арналған бюджеттік өтінімге қараусыз жүрген ит-мысыққа арналған панажай құрылысының жобалық сметалық құжатын жасауға конкурс жарияланып, „МастИнжПроект“ ЖШС жеңімпаз ретінде жұмысын бастады. Бөлінген қаржы көлемі — 14 318 937 теңге», — деді Б.Мархабаев.

Өлген үй жануарларын өртеуге тұрғындар шағым білдіріп отыр. Алайда өлексені өртейтін арнайы пеш әлі салынбаған.

«Ақтау аумағында типтік үлгідегі мал қорымы мен инсинератор пешін салу қажет екендігін ескере отырып № 7 өндірістік аймақтан жер бөлінді. Ақтау қалалық құрылыс бөлімінің тапсырысы бойынша 2020 жылы ЖСҚ жасалып, 2021 жылы 5 сәуірде тәуелсіз сараптамадан өткізілді. Жоба құны — 160 млн теңге. Мал қорымы және инсинератор пеші қондырғысын салатын мердігер — „АБТМ“ ЖШС. Аталған мекемемен 2023 жылдың 8 тамызында келісімшарт жасалды. Қазіргі таңда электр желілерін тарту жұмысы жүріп жатыр», — деді ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары.