Оған лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланып, жер учаскелерін өз бағасынан төмен сатты деген айып тағылған болатын.
ERNUR.KZ. Ақтөбе облысының бұрынғы әкімі Ермек Имантаев аштық жариялады, деп жазады sputnik.kz.
Имантаев өзіне тағылған айыппен келіспей отыр. Ол жерді заңсыз сатқаны үшін жауапқа тартылып жатыр. Қазіргі кезде экс-әкім тамақтан да, судан да бас тартты. Жұбайының айтуынша, Имантаевтың нәр татпағанына жеті күн болған. Денсаулығы да нашарлай бастағаннан сот отырысына да келе алмаған. Осыған байланысты кешегі отырысты кейінге қалдыруға тура келген.
"Бүгін мен тергеу изоляторына күйеуім Ермек Имантаевқа бардым. Оны зембілмен алып шыққанын көрдім. Жағдайы өте нашар, әрең сөйлеп жатыр. Бірақ есін біледі, қылмыстық іс бойынша қосымша тергеу жүргізуді талап етіп отыр", - дейді Лейла Имантаева.
Оның айтуынша, экс-әкім істің жан-жақты қаралғанын қалайды. Барлық адам заң алдында жауап беруі керек.
Айта кетері, биыл ақпан айында Ақтөбе облысының бұрынғы әкімі Ермек Имантаев қызметтік өкілеттігін теріс пайдаланған деп айыпталды.
Оған лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланып, жер учаскелерін өз бағасынан төмен сатты деген айып тағылған болатын. Салдарынан мемлекетке 199,4 млн теңге залал келтірілген.
Ермек Имантаев 2002 жылдың сәуірінде Ақтөбе облысының әкімі қызметіне тағайындалған болатын. Осы лауазымда 2004 жылдың шілдесіне дейін болды. Одан кейін президент әкімшілігіне ауысып, мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру бөлімінің инспекторы болды. Есеп комитетінде еңбек етті.
2019 жылдың қараша айынан бастап 2021 жылдың наурызына дейін "Ақтөбе" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясын басқарды.