Ақтөбе облысының тұрғындары 2025 жылға дейін 100% таза ауыз сумен қамтылады

0
479

Жыл соңына дейін елдімекендердің 92 пайызын ауыз сумен қамту жоспарланып отыр.


Ақтөбе облысының тұрғындары 2025 жылға дейін 100% таза ауыз сумен қамтылады
Еліміз тәуелсіздік алғалы дамудың әртүрлі кезеңінен өтіп келеді. Осы мақсатта қаншама жоспарлар мен жұмыстар іске асырылды. Бүгінге дейін атқарылған жұмыстардың арқасында әлем таныған мемлекеттердің қатарындамыз десек артық айтпаған болар едік. Ал, дамыған елдердің қатарына қосылу үшін бұл бағыттағы жұмыстар әлі де өз жалғасын табуы керек.
Мемлекеттің толық дамуы әрбір облыс, ауыл-аймақ, өңірлердің тұтастай бір дәрежеде өркендеуімен өлшенеді. Яғни тек облыстарды ғана дамыту ешқандай нәтиже бермейді. Ал, барлық облыстың теңдей дамуына жағдай жасалса, қуатты өңірлер қатары да сөзсіз артады.
Соңғы жылдары Үкімет өңірлерді дамыту мәселесіне ерекше көңіл бөлуде. Осы арқылы барлық облыстардағы өзекті проблемаларды шешу көзделген. Оның ішінде халықтың өмір сүру сапасын арттыру негізгі міндеттердің бірі.
Қазіргі таңда еліміздің барлық өңірінде осы бағытта тиісті жұмыстар атқарылуда. Үкімет бекіткен жоспарға сәйкес, әрбір облыста тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай қалыптастыру жұмыстары қолға алынған.
Ендеше, аталған бағыт бойынша Ақтөбе облысында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталайық.
Ақтөбе облысы еліміздің алты облысы мен Ресей Федерациясының Орынбор облысы және Өзбекстан Республикасы құрамындағы Қарақалпақстанмен шектесіп жатыр. Облыс еліміздің 11 пайызын құрайтын 300,6 мың км² жер аумағын алып жатыр. Географиялық жағынан қолайлы орналасқан облыс аумағында көлік байланысының желісі жақсы дамыған. Орал және Маңғыстау, Орта Азия және Еуропаға қарай маңызды бағыттағы теміржолдар 1000-нан астам шақырымға созылып жатыр. Облыс территориясы арқылы Батыс Еуропа-Батыс Қытай халықаралық автокөлік магистралы өтеді.

Өңірде өзекті болып тұрған ауыз сумен қамту мәселесі қалай шешілмек?

(фото: ашық дереккөзден)

СУМЕН ЖАБДЫҚТАУ

Облыс аумағында коммуналдық инфрақұрылым мәселесіне ерекше көңіл бөлінген. Осы мақсатта өңірде тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы қабылданған. Аталмыш жоба тұрғын үй инфрақұрылымын дамыту мен коммуналдық секторды жаңғырту мақсатында қолға алынған.
Бекітілген тұжырымдамаға сәйкес, 2025 жылдың соңына дейін облыс тұрғындары 100 пайыз таза ауыз сумен қамтылады деп жоспарлануда.
Өткен жылы облыстың су құбыры желілерін салу және реконструкциялау жұмыстарына бюджеттен 5 594 859,8 мың теңге бөлінді. 2022 жылы Алға, Тоқмансай, Байғанин, Көкбұлақ, Қосарал, Қораши, Мұғалжар, Қожасай, Шеңгелді, Темір, Қалмыққырған, Шығырлы ауылдарын орталықтандырылған сумен жабдықтау жұмыстары жүргізілді.
2022 жылдың қорытындысы бойынша 323 елді мекеннің 263-і ауыз сумен қамтамасыз етілді. Ал, 2023 жылы 20-ға жуық ауыл орталықтандырылған сумен қамтылады. Сондай-ақ, жыл соңына дейін елдімекендердің 92 пайызын ауыз сумен қамту жоспарланып отыр. Қазіргі таңда ауыз су мәселесіне қатысты мәселелерді шешу бойынша кезең-кезеңімен тиісті жұмыстар жүргізілуде:
- Құндақтықыр су тартқыш сорғы станциясынан Сарыбұлақ су тартқышын салу бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде;
-1-ші және 2-ші көтергіш сорғы станциялары бар Моисеев су қабылдағышының құрылысы бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде;
- Ақтөбе қаласындағы қолданыстағы айдау сорғы станциясы, Құндақтықыр су қабылдағышын қайта жаңарту және кеңейту бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде;
- Құндақтықыр су қабылдағышының сорғы станциясынан Ақтөбе қаласындағы ВОС алаңына дейін 2-ші су құбырын салу бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде.
Жоғарыда аталған жобаларды 2024 жылы бастау жоспарлануда. Барлық жобалар сәтті іске асса, Ақтөбе қаласын тағы 40 жылға тұрақты сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.


ҚҰРЫЛЫС ЖҰМЫСТАРЫ

Өздеріңіз білетіндей Ақтөбе облысы Қазақстанда территориясы бойынша ең үлкен облыстардың қатарына кіреді. Осыдан-ақ, өңірде құрылыс саласына деген сұраныстың жоғары екенін аңғаруға болады.


(фото: Ақтөбе облысының әкімдігі)

«Ақтөбе облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы"» негізінен қаланың сәулеті мен құрылысын дамыту бағыттары бойынша жұмыс атқарады. Оның ішінде тұрғын үйді пайдалануға беру және орындалатын құрылыс жұмыстарының көлемінің орындалуы негізгі міндеттердің қатарына кіреді.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 107,7 пайызды құрады. Ал, құрылыс жұмыстарына 245,7 миллиард теңге бөлінген.
Сондай-ақ, құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасына бюджет қаражаты есебінен 300-ге жуық жобаға 38,7 миллиард теңге көлемінде қаражат бөлінді. Оның ішінде 101 нысанның жобалау-сметалық құжаттама әзірлеу жұмыстары жүргізіліп, 39 жобаның оң сараптама қорытындысы алынды. Қалған 60-тан астам нысанның жобалау-сметалық құжаттамасы 2023 жылға ауыспалы.
Бұдан бөлек, құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілген 83 нысанның 26-сы пайдалануға берілді.
Құрылыс саласы дегенде бірінші еске түсетіні ол тұрғын үй мәселесі екені анық. Ал, Ақтөбе облысында тұрғын үйге деген сұраныс күн санап артып келеді. Қазіргі таңда бұл тақырып еліміздің барлық өңірінде өзекті болып тұр. Осы мақсатта Үкімет халықты баспанамен қамтудың түрлі жолдарын қарастыруда.
Ақтөбе облысында да халықты баспанамен қамту мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Осы мақсатта биыл 20-ға жуық көппәтерлі үй жөндеуден өтіп, 100-ге жуық лифт ауыстырылады. Сондай-ақ, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, тағы 147 лифтіні ауыстырудың жол картасы бекітілді. Сонымен қатар, 11 проблемалық нысан құрылысы аяқталады деп жоспарлануда.
Облыстық әкімдіктің мәліметінше, биыл 1,2 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріледі.
“Бұдан өзге, жеке тұрғын үй құрылысына берілген, бірақ 2 жылдан астам уақыт бойы бос тұрған немесе мақсаты бойынша пайдаланылмаған жерлерді мемлекеттік меншікке қайтару міндеті қойылды”, - делінген әкімдік ақпаратында.

ЦИФРЛАНДЫРУ



Келесі кезекте бүгінгі күннің ең өзекті тақырыбына айналған цифрландыру мәселесі туралы сөз қозғайық.
Ақтөбе облысы әкімдігінің дерегінше, биыл 25 елдімекен интернетпен қамтылады. Ал, қазіргі таңда облыс аумағындағы 315 ауылдың 213-і интернетпен қамтылған. Тағы да 100-ден астам ауылды интернетпен қамту қажеттілігі туындап отыр.
Ақтөбе облысының цифрлық технологиялар басқармасы тек қана интернетпен қамтып қана қоймай, цифрлық технологияларды пайдалану арқылы халықтың өмір сүру сапасын жақсартуды көздейді. Сондай-ақ, облыстың ақпараттандыру және цифрлық технологиялар мәселелері бойынша мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын іске асыру, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы бірыңғай талаптардың, сондай-ақ ақпараттандырудың сервистік моделін іске асыру қағидаларының сақталуын қамтамасыз ету, мемлекеттік органдардың ішкі қызметін цифрландыру бағытында жұмыс атқарады.
Ақтөбе облысының цифрлық технологиялар басқармасы өңір тұрғындарына қолайлы жағдай жасау мақсатында түрлі цифрлық жобаларды іске асыруда.
Атап айтар болсақ, облыс аумағында «109» тәулік бойы біірыңғай байланыс орталығы жұмыс істейді. Аталған орталық өңірдегі проблемалық мәселелерді жедел анықтау және шешу үшін құрылған. Оның ішінде азаматтардың коммуналдық қызметтерге және өңір азаматтарының тыныс-тіршілігі мәселелері бойынша жауапты ұйымдарға жіберілген өтініштерін тіркеу және халықтың тыныс-тіршілігіне байланысты мемлекеттік, тұрғын үй-коммуналдық және басқа да қызметтерді алу мүмкіндігі бар. Сонымен қатар, «WhatsApp» мессенджеріне келген және әлеуметтік желіде жарияланған өтініштер де тіркеледі. Тіркелген барлық өтініштерді орталық қызметкерлері тіркеу кезеңінен бастап жауапты мемлекеттік органның орындауына дейін бақылайды.
Ал, біріңғай байланыс орталығының негізгі міндеттеріне:
- азаматтардың проблемаларын шешу, мемлекеттік органдардың жұмысын жетілдіру және қалыптасқан өмірлік жағдай контексінде ақпарат немесе қызмет алу қажеттіліктерін қанағаттандыру бойынша халықтың мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылын жақсарту;
- облыс әкімдігінің аппаратына халықтың сенім деңгейін арттыру;
- мемлекеттік органдардың қызметін проактивті жұмыс әдістеріне бағдарлау және өңір азаматтарының тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету, олардың қажеттіліктерін қанағаттандыру бойынша қызметтер көрсетумен байланысты проблемаларды шешу бойынша нақты нәтижелер беру;
- өтініштерді қарау бөлігінде мемлекеттік органдарға операциялық жүктемені төмендету.
Цифрландырудың тағы бір жетістігі ретінде қоғамдық көліктерге арналған "Avtobys" электронды билет жүйесін айтуға болады. Аталған жүйе негізінде барлық қоғамдық көліктерде жол жүру ақысын карточкалар арқылы төлеу мүмкіндігі қарастырылыған. Электрондық төлемнің стандартты, оқушы, әлеуметтік, жеңілдік деген тарифтік модельдері бар. Бүгінде облыс аумағында аталмыш жүйе жол ақысын төлеудің оңтайлы тәсіліне айналып үлгерген Ал, электронды төлемді пайдаланушылар саны күн санап артып келеді.
Интернетке қол жеткізу бүгінде аумақты цифрлық дамытудағы стратегиялық маңызды мәселе екені анық. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен байланыс операторлары арасында халық саны 250 және одан көп елді мекендерді мобильді кең жолақты қолжетімділікпен қамтамасыз ету туралы меморандумға қол қойылған. Осы меморандум шеңберінде Ақтөбе облысы бойынша 100 ауылды мобильді кең жолақты интернетпен қамту жоспарланған.
Бүгінгі дейін аудан әкімдіктері мен байланыс операторларының бірлескен жұмысының нәтижесінде 2020 жылы75 елді мекен, 2021 жылы 25 елді мекен интернетпен қамтылды. Алайда, мобильді кеңжолақты интернетпен қамтылған 100 ауылдың 33-і «3G» пайдалану мүмкіндігімен қамтылмаған. Осы 33 елді мекенді сапалы мобильді интернетпен қамтамасыз ету мақсатында қажетті инфрақұрылым салынды. Яғни электр желісін жүргізу, антенна-діңгек құрылыстарын салу және 22 елді мекенде спутниктік берілістен радиорелелік байланыс желісіне ауыстырылды.
Осылайша, өңірде 200-ге жуық ауыл мобильді интернетпен қамтамасыз етілді. 2023 жылы 8 ауылды мобильді интернетпен қамту жоспарлануда. Сондай-ақ, 2024 жылға дейін тағы да 16 елді мекенді мобильді интернетпен қамту көзделуде. Жоғарыда аталған жұмыстар жүргізілгеннен кейін елді мекендердің 75,6 пайызында «3G» стандарты ұялы байланыс қызметтері қолжетімді болады.

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ


Ақтөбе - Қазақстан Республикасының ірі ауыл шаруашылығы өңірі. Олай дейтініміз, өзге өңірлерге қарағанда Ақтөбе облысының табиғаты мен жерінің қолайлылығы тарапынан облыстың мүмкіндігі мол. Тіпті Қазақстанның батысындағы облыстардың халқын азық-түлікпен қамтамасыз етуге толық шамасы жетеді. Бір сөзбен айтқанда, ауыл шаруашылығы саласын дамытуда Ақтөбе облысының әлеуеті жоғары. Осы ретте облыс аумағында бәсекеге қабілетті ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісі мен саланың экспорттық әлеуетін арттыру қолға алынған.
Ақтөбе облысында 11 415,2 мың га ауыл шаруашылығы жерлері, оның ішінде 10 177,6 мың га жайылымдық, 133,1 мың га шабындық, 702,3 мың га егістік, 256,3 мың га тыңайған жер алқаптары бар.
“2020 жылы облыста 4 966 агроқұрылымдар, оның ішінде 4 522 шаруа қожалықтары және 444 заңды тұлғалар тіркелген. Олар негізінен астық, картоп, көкөніс пен бақша өсіру, ет-сүт бағытындағы мал және құс шаруашылығымен, өңдірілген өнімдерді қайта өңдеумен айналысады”, - делінген Ақтөбе облысы әкімдігінің ресми сайтында.
2017-2019 жылдары ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 46,9 миллиард теңгеге инвестициялар тартылды. 2019 жылы көрсетілген мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде ауыл шаруашылығының өнім көлемі 275,2 миллиард теңгені құрады.
Ал, 2018 жылы ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 228,2 миллиард, 2019 жылы 275,2 миллиард теңгеге жетті.
Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестициялардың нақты көлем индексі 2017 жылы 86,7%, 2018 жылы 156,1%, 2019 жылы 102,3 пайызды құрады. Нақтырақ тоқталатын болсақ, 2017 жылы 10 238,8 миллион, 2018 жылы 17 198,4 миллион, 2019 жылы 19 548,1 миллион теңге көлемінде ауыл шаруашылығының негізгі капиталына инвестициялар тартылды.
Сондай-ақ, 2019 жылы агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 12,5 миллиард теңге субсидия бөлінді.
Облыстық әкімдіктің мәліметінше, 2019 жылы «Сыбаға» бағдарламасымен 17 мыңнан астам бас асыл тұқымды ірі қара малы сатып алынған. Бекітілген жоспардың орындалу көрсеткіші 111,8 пайызды құрады. Ал, 2020 жылы аталған бағдарлама бойынша 13 000 бас ірі қара сатып алу жоспарланып, 11 286 бас сатып алынған. Нәтижесінде бекітілген тапсырманың орындалу көрсеткіші 86,8 пайызға жетті.

ЖОЛ МӘСЕЛЕЛЕРІ


Өзге өңірлер секілді Ақтөбе облысында да жолдарды жөндеу мәселесі қарқынды дамып келеді.
Атап айтатын болсақ, биыл өңірде 769.9 шақырым автомобиль жолын салу жоспарланған. Оның ішінде облыстық маңызы бар жолдар мен көше-жол желілерін жөндеу жұмыстары бар. Ал, қаржыландыру көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда екі есеге дейін ұлғайтылған. Осылайша, жергілікті маңызы бар жолдардың үлесін 78 пайызға дейін жеткізу жоспарлануда.
Облыс аумағында өткен жылы битумның жетіспеушілігінен жолдарды жөндеу қарқыны баяулаған болатын. Қазіргі уақытта аталған кемшіліктің алдын алу мақсатында қиыршық тас, құм-қиыршық тас қоспасы мен битум қорларын құру бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде.
Осы ретте облыс әкімі уәкілетті органдарға дайындық жұмыстарын қатаң бақылауда ұстауды және жоғары сападағы құрылыс материалдарымен қамтамасыз етуді, құрылыс маусымы басталғанға дейін мемлекеттік сатып алу рәсімдерін аяқтауды тапсырды.

ЭНЕРГЕТИКА


Ақтөбе облысы басқа өңірлермен салыстырғанда тұрғындарды электр энергиясымен қамту бойынша алда келеді. Қазіргі уақытта облыстың электр энергиясымен қамту көрсеткіші 100 пайызды құрайды.
Облыстық әкімдіктің дерегінше, өткен жылдың қаңтар айында қуаты 48 МВт жел электр станциясының екінші кезегі пайдалануға берілген. Бүгінгі таңда бұл электр станцияларының жиынтық номиналды қуаты 96 МВт құрайды.
2022 жылы «Энергосистема» ЖШС инвестициялық бағдарлама шеңберінде жалпы сомасы 962 780,68 мың теңгеге жұмыстар орындалды.
Өңірдегі энергия объектілерінің тозуын азайту мақсатында 2022 жылы 115,04 км электр беру желілері мен 19 қосалқы жабдықтарға жөндеу жүргізілді.
Ал, биылғы жылға бекітілген инвестициялық бағдарламаға және жабдықтарды жөндеу қорына сәйкес, 700 785,00 мың теңге сомасына іс-шаралар жоспарланған.
Бұдан бөлек, «Ақтөбе ЖЭО» АҚ-да жылу энергетикалық кешенді күшейту мақсатында құны 20,9 миллиард теңгені құрайтын газ турбиналық қондырғы орнатылды. Аталған нысанды толық іске қосу 2023 жылға жоспарланған.
Сондай-ақ, Ақтөбе облысының аумағында Қазақстандағы ең қуатты турбиналары бар жел электр станциясы орнатылды. Аталған жоба өңірдің экономикалық әлеуетін дамыту мен жасыл энергия өндірісін ұлғайту мақсатында қолға алынған. Құны 36 миллиард теңгені құрайтын электр станциясының жобасын итальяндық Eni компаниясы Arm Wind ЖШС жергілікті еншілес компаниясымен бірлесе іске асырды. Бұл жоба өндіріс сипаттамаларынан бөлек, экологиялық құрамымен де ерекшеленеді. Жел турбогенераторлары жыл сайын 200 ГВт/сағ дейін электр энергиясын өндіреді. Нәтижесінде 37 000 үй шаруашылығының энергия тұтынуына және жылына 173 000 тонна көмірқышқыл газының шығарылуын болдырмауға тең.
Аталған «Бадамша-2» электр станциясы 2021 жылдың қыркүйегінде пайдалануға берілді. Оның қуаты 2020 жылдың басында пайдалануға берілген «Бадамша-1» жел электр станциясының белгіленген қуатына тең. Ал, құрамына 20-да астам жел электр стансасы кіреді. Сонымен қатар, «Бадамша-2» - жел турбиналары көлемі бойынша Қазақстанда орнатылған ең ірісі.
Бұдан бөлек, «Бұқара-Орал» магистральды газ құбырынан бұрылатын құбырдың үшінші желісін салу жоспарлануда. Осы арқылы Ақтөбе қаласына іргелес елдімекендерді үздіксіз газбен жабдықтау және Ақтөбе облысында жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру көзделген. Аталған жобаның жалпы құны 43,4 миллиард теңгені құрайды. Биыл осы мақсатта бюджеттен құрылыс-монтаждау жұмыстарына 4,9 миллиард теңге бөлінді. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алулар рәсімдері өткізілуде.

ГАЗБЕН ЖАБДЫҚТАУ

Облыс аумағында табиғи газбен қамту жұмыстары да қарқын алған. Биылғы жылы 16 жобаны іске асыру жоспарлануда. Ол тізімде 7 жаңа жоба және 9 ауыспалы жоба бар. Ал, өткен жылдың қорытындысы бойынша халық саны 5,5 мың адамды құрайтын 11 елдімекен көгілдір отынмен қамтылды. Олардың қатарында Әйтеке би – Сарат, Үшқатты, Алға – Талдысай, Ырғыз – Кұтикөл, Қарғалы – Ащылысай, Мәртөк – Жаңатан, Мұғалжар – Қаракөл, Қобда – Жаңаталап, Жарсай, Терісаққан, Хромтау – Ақтасты елдімекендері бар. Нәтижесінде, 2022 жылы елді мекендерді газбен қамту көрсеткіші 93,4 пайызды құрады.
Бұл көрсеткішті 2023 жылы 94,4% немесе елдімекендердің 51,1 пайызын газбен жабдықтау жоспарланып отыр.
Биыл 9 мың халық тұратын 12 елдімекенді табиғи газбен қамту жоспарлануда.
Сондай-ақ, 16 елдімекенді газдандыру мақстатында 10 жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.
Сонымен қатар, Ақтөбе облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2022 – 2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес, 85 елдімекенді газбен жабдықтауды көздейтін 76 жобаны іске асыру жоспарлануда. Осы аталған жобалар іске асса халықтың 96,9 пайызы және елдімекендердің 70,2 пайызы газбен қамтылады.

Ақтөбе облысы өзге өңірлермен салыстырғанда өте жоғары деңгейде дамып келеді. Өңірдегі барлық сала бойынша оң өсім тіркелген. Бұл көрсеткішткер алдағы уақытта бұдан да жоғары нәтижелерге жетеді деп сенеміз.

ERNUR.KZ.