Ақтөбеде әйелі мен қызын өлтірмек болған мектеп директоры қоғамдық жұмысқа жегілді

0
831

Сот 120 сағат мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту жазасын тағайындады.


Ақтөбеде әйелі мен қызын өлтірмек болған мектеп директоры қоғамдық жұмысқа жегілді

ERNUR.KZ. Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қызы мен әйелін өлтірмек болған мектеп директорына қатысты үкім шығарды, деп жазады sputnik.kz.

Мектеп директорына тұрмыстық жанжал барысында әйелі мен өгей қызын өлтіруге оқталды деген айып тағылған.
Директордың айтуынша, ашу үстінде әйелін қорқытпақ болған, бірақ оны өлтіру қаперінде болмаған.
"Сотталушы өзін-өзі тоқтатып, жұбайының туыстарын көмекке шақырғанын ескеріп, жәбірленушілердің өмірін қию ниеті болмаған деген қорытындыға келді. Ол жәбірленушілерге, яғни жұбайы мен жүгіріп келген өгей қызының денсаулығына жеңіл дәрежеде зиян келтірген. Осы мән-жайларды ескере отырып, сот тағылған айыпты "Қорқыту" бабына ауыстырды", - деп жазылған сот хабарламасында.
Сот кінәсін мойындауын, шын ниетпен өкінуін, жас балаларының болуын, бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылмағанын жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде қарастырды.
Сотталушының қылмыстық құқық бұзушылықты масаң күйде жасауы қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жай ретінде тіркелді.
"Сот Д. - ны кінәлі деп танып, оған 120 сағат мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту жазасын тағайындады. Сотталғаннан жәбірленушілердің пайдасына 360 000 теңге көлемінде материалдық шығын және 2 миллион теңге моральдық зиян өндірілді", - деді Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.