Өрттен қайтыс болған жұмысшылардың отбасына 5 млн, зардап шеккендерге 1 млн теңге бөлінеді.
ERNUR.KZ. Ақтөбеде газ өңдеу зауытындағы өрттен қаза болғандарға 5 млн теңгеден көмек беріледі. Бұл туралы Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
«Тексеру жұмыстарының қорытындысы әлі шыққан жоқ. Бірақ мен барған бетте комиссия құрғыздым. Оны өздеріңіз жақсы білесіздер. Төтенше жағдайлар департаментінің жанынан мемлекеттік инспекция да жұмыс істеп жатыр. Сол жерде бірден қылмыстық іс қозғалды», - деді облыс әкімі.
Ол төрт азамат бірден Ақтөбеге жеткізілгенін айтты.
«Кейін үшеуін Астанаға жібердік. Өйткені жағдайлары күрделі болды. Екі азаматымыз қайтыс болды. Олар ауылға жеткізілді, біреуі Ембіден, екіншісі Мұғалжардан еді. Өте қиын жағдай. Бүгін ел алдында марқұмдардың отбасына тағы қайғырып көңіл айтамын», - деді Тоғжанов.
Облыс әкімі өрттен қайтыс болған азаматтардың отбасына қандай көмек көрсетіліп жатқанын айтты.
«Бұл жағдай қазір ерекше қадағалауымызда тұр. Мен барған бетте әрбір отбасыға 1 млн теңгеден бөлгіздім. Ал қайтыс болған азаматтардың отбасына 5 млн теңгеден бөлінеді. Сонымен қатар кәмелет жасына толмаған, 18 жастағы балалар болса, жоғары оқуда болатын балаларға да мемлекет тарапынан арнайы жәрдемақы қарастырылған. Оның бәрі заң бойынша бөлінеді. Мәселе менің ерекше қадағалауыма алынған», - деді әкім.
Айта кетейік, Ақтөбе облысындағы Жаңажол газ өңдеу зауытында өрттен зардап шеккен екі қызметкер қаза болған еді.