Ақтөбеде қант бағасы көтерілді

0
339

Ақтөбе облысында мамыр айы басталғалы қант бағасы қымбаттап жатыр.


Ақтөбеде қант бағасы көтерілді

ERNUR.KZ. Ақтөбедегі сауда желілері мен Орталық базарда қант бағасы көтерілді, деп жазады baq.kz.

Жуырда Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров биыл елімізде қант тапшылығы болмайтынын айтты. Министр еліміз бойынша қорда 90 мың тонна қант бар екенін, мамыр айынан бастап тағы 120 мың тонна қант әкелінетінін жеткізді.

Алайда Ақтөбе облысында мамыр айы басталғалы қант бағасы қымбаттап жатыр. Сәуір айының аяғында «Анвар» сауда желісінде қант бағасы 360 теңге болса, қазір 374 теңгеден сатылып жатыр. Ал Орталық базарда қанттың бір келісі — 390-400 теңге.

Қантты екі-үш келіден сатып алып жатырмыз. Әзірге баға қатты өскен жоқ. Дегенмен 2022 жылғыдай жазда баға шарықтап кетпесе екен деп уайымдап отырмыз.

Жыл сайын жаз айларында қанттың бағасы көтеріледі. Бұған да үйрендік. Дегенмен халыққа нағыз қажет кезде бағаны шарықтату обал ғой, — дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны Гүлім Ақтамбетова.

Зейнеткер қазір қолына 103 мың теңге зейнетақы алатынын айтады. Алған зейнетақысы дәрі-дәрмегі мен азық-түліктен ауыспайды.

Ал Орталық базар сатушысы Халима Асанова қанттың бағасы өссе, басқа тауарлардың да бағасы артатынын жеткізді.

Қазір қанттың бір келісі 390-400 теңге тұрады. Бұдан қымбаттаса, тосап та, кондитерлік өнімдердің де бағасы өседі. Жалпы, қазір қай тауардың да бағасы ұшып тұр, — дейді сатушы.

Ақтөбе облыстық кәсіпкерлік басқармасы басшысының орынбасары Думан Дәулетияровтың айтуынша, Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша өңірде 30 сәуір-6 мамыр аралығында 1 келі қанттың бағасы 378 теңгені құраған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 42 теңгеге арзан.

Қазіргі таңда тұрақтандыру қорында қанттың 599 тонна қоры бар. Өңірде қант бағасының қымбаттауы тіркелген жоқ, — дейді ол.