Ақтөбеде көпқабатты үйдің тұрғындары шу шығарды

0
904

"Ойын алаңы кішкентай, көлік қоятын жері аз", - дейді тұрғындар.


Ақтөбеде көпқабатты үйдің тұрғындары шу шығарды

Иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

ERNUR.KZ. Ақтөбедегі Батыс-2 ауданының тұрғындары арасы тығыз, ойын алаңы кішкентай, автотұрағы қарастырылмаған құрылысқа қарсы шықты, деп жазады ҚазАқпарат.

Жаңа ауданның тұрғындары құрылысқа рұқсат берген мемлекеттік мекеменің ісін түсінбей дал. Себебі жаңа құрылыс іске асса бесінші қабаттың тұрғындары терезеден келесі үйдің ішін анық көріп отырады. Ойын алаңы кішкентай, көлік қоятын жері аз. Әрі құрылыс жұмыстары кезінде техникалық қауіпсіздік ережелері сақталмаған.

«Тереземіздің алдынан төртінші үй салынып жатыр. «Жилище» тұрғын үй кооперативі үш үйді ғана көрсетіп, біз келісім бердік. Екі бесқабатты үй қарма-қарсы тұр екен, тіпті ұят, бесінші қабатты көршімізді көріп отырамыз. Балалардың ойнайтын жері де белгісіз. Жас отбасылар қоныстанса баланың ойнайтын жерін де таба алмаймыз. Құзырлы органдарға шағымданып, әкімдіктен де көмек сұрадық. Арызды тұрғын үй кооперативіне берген едік, жауап жоқ», - деді қала тұрғыны Мадина Қонақбаева.

Бірақ мемлекеттік мемеке өкілдері сараптама жасалғанын, екі үйдің арасы 6 метрден асса, өрт қауіпсіздігі ережесі сақталатынын айтып отыр.

«Компания құрылыс-монтаж жұмысының басталғанын айтты. Алдағы уақытта территория қоршалып, паспорты ілінеді. Мұнда үйлердің арасындағы қашықтық 6 метрден асады. Демек өрт қауіпсіздігі ережесі сақталған. Жер учаскесі берілген кезде жан-жақты көлік кіруге арналған жол болатыны қарастырылған. Балалардың ойын алаңы да болады. Құжаттары түгел, мемлекеттік сараптамадан өтіп, жұмыс басталған», - деді облыстық сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Оксана Сопрун.