28 сәуірде прокуратураға "№1 әлеуметтік қызмет көрсету орталығы" мемлекеттік мекемесіндегі мүмкіндігі шектеулі балаларға қатысты зорлық-зомбылық туралы шағым түскен.
ERNUR.KZ. Ақтөбеде әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қызметкерлері ақыл-есі кем балаларды ұрып-соқты деген күдікке ілінді, деп жазады sputnik.kz.
28 сәуірде прокуратураға "№1 әлеуметтік қызмет көрсету орталығы" мемлекеттік мекемесіндегі мүмкіндігі шектеулі балаларға қатысты зорлық-зомбылық туралы шағым түскен. Орталықта ақыл-есі кем, церебралды сал ауруы, Даун синдромы мен олигофренияға шалдыққан балалар тәрбиеленеді.
"Прокурорлар бірден осы мекемеге барып, бейнебақылау камераларын қарап шықты. Тексеру барысында орталық қызметкерлері балаларды ұрғаны және өзге де зорлық-зомбылық әрекеттерін жасағаны анықталды", - делінген хабарламада.
Бұл фактіге қатысты Қылмыстық кодекстің 110-бабының 2-бөлімі (Азаптау) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қылмыстық істің материалдары тергеу жүргізу үшін Ақтөбе қаласының полиция басқармасына жіберілді.
Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, деп хабарлады прокуратура.