​Алдағы 3 жылда ғылымды қаржыландыру екі есе ұлғаяды

0
1 006

Ғылымды қаржыландырудың өсуінің арқасында енді конкурстар жыл сайын өткізілетін болады.


​Алдағы 3 жылда ғылымды қаржыландыру екі есе  ұлғаяды

Бүгінгі таңда Қазақстанда білім және ғылым жүйесін дамыту мемлекеттік саясаттың басым міндеті болып табылады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ғылымды қаржыландыруды ұлғайту мәселесі шешілді. Ғылымды қаржыландырудың жалпы көлемі таяудағы 3 жылда шамамен екі есе өседі, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында Асхат Аймағамбетов мәлімдеді.

ҚР БҒМ басшысының айтуынша, жаңа мемлекеттік бағдарлама аясында 2025 жылға қарай қаржыландыруды ЖІӨ-нің 1%-ына дейін арттыру жоспарланып отыр. Бүгінде жас ғалымдардың жобаларын гранттық қаржыландыруға арналған бірінші байқау аяқталу сатысында.
ҰҒК мүшелерінің құзыреттеріне қойылатын талаптар күшейтілді, олардың құрамы жаңартылды, жобаларды іріктеудің нақты критерийлері анықталды. Бүгінгі күні ұлттық ғылыми кеңестердің жұмысының транспаренттілігі артты. Ғылымды қаржыландырудың өсуінің арқасында енді конкурстар жыл сайын өткізілетін болады.
"Өткен жыл Білім және ғылым жүйесі үшін одан әрі даму векторларын анықтау тұрғысынан өте маңызды жыл болды. Біріншіден, еліміздің тәуелсіздік тарихында алғаш рет "Педагог мәртебесі туралы" ҚР Заңы қабылданды. Екіншіден, 2025 жылға дейін білім мен ғылымды дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Үшіншіден, білім беру жүйесін басқару, білім беру саласының басшыларын тағайындау тәртібі, сондай-ақ қаржыландыру жүйесін өзгерту бойынша нормативтік-құқықтық актілер қабылданды", - деп хабарлады Асхат Аймағамбетов ҚР БҒМ алқа мәжілісінде сөйлеген сөзінде.
Осыған байланысты ҚР БҒМ басшысы Парламент депутаттарына, Президент Әкімшілігіне, Премьер-Министрдің Кеңсесіне, педагогикалық қоғамға және осы стратегиялық маңызды құжаттарды қабылдауға қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді.

Сонымен қатар министр әкімдіктер мектептен тыс ұйымдар желісін дамыту және балаларды қосымша біліммен қамтуды ұлғайту жөнінде шаралар қабылдауы қажет екенін айтты.

«Сабақтан тыс уақытта балаларды қосымша біліммен қамту төмен деңгейде қалып отыр. Бізде мектепішілік үйірмелер мен іс-шаралар бойынша әдемі сандар бар. Мектеп деңгейіндегі білім беру үдерісінің барлық қатысушылары қатысатын қажетті және маңызды жобалар бар, бірақ бұл толыққанды көрсеткіш емес» - деп атап өтті Асхат Аймағамбетов.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ҚР БҒМ қосымша білім беруді қаржыландырудың жаңа тәсілін енгізу тұжырымдамасын дайындауға кірісті, атап айтқанда жан басына шаққандағы қаржыландыруға көшу мүмкіндігі қарастырылуда.
Бұл тұжырымдама жалпы талқылауға шығарылатын болады. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов әкімдіктерге мемлекеттік жекеменшік серіктестік есебінен мектептен тыс ұйымдар желісін дамыту және балаларды қосымша біліммен қамтуды ұлғайту бойынша шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті.