Әлемдегі әр үшінші ядролық реактор қазақстандық уранмен жұмыс істейді – "Қазатомөнеркәсіп" басшысы

0
695

​Бүгін "Қазатомөнеркәсіп" ҰАК" АҚ компаниясы 2023 жылғы қызметінің нәтижелеріне арналған баспасөз брифингін өткізді.


Әлемдегі әр үшінші ядролық реактор қазақстандық уранмен жұмыс істейді –

ERNUR.KZ. Баспасөз брифингінде компанияның өндірістік және әлеуметтік жауапкершілігі, ESG және қауіпсіздік сияқты барлық салалардағы қызметінің нәтижелері көрсетіліп, бизнес-процестерді цифрландыру және автоматтандыру бойынша инновациялар, сондай-ақ компанияның жобалары таныстырылды, деп жазады stan.kz.

Реактордың түріне қарамастан атом электр станцияларының барлығына уран қажет.

“Қазатомөнеркәсіп” АҚ басқарма төрағасы Мейіржан Юсуповтың сөзінше, Қазақстан бүкіл әлем бойынша энергетикалық қажеттіліктер үшін отынды қамтамасыз ете отырып, жыл сайын әлемдік уран өндірісінің шамамен 40%-ын шығарып келеді.

“Бұл әлемдегі әрбір үшінші ядролық реактор қазақстандық уранмен жұмыс істейтінін білдіреді. Әлемдегі ең ірі уран өндіруші ретінде біз бүкіл әлем бойынша атом электр станциялары үшін уранды тұрақты және сенімді жеткізіп отыруды жалғастыруға дайынбыз”, – деп атап өтті ол.

Сонымен қатар компания уранды сату географиясын кеңейтіп, клиенттер базасына Emirates Nuclear Energy Corporation (Біріккен Араб Әмірліктеріндегі АЭС операторы) қосылды. Былтыр алғаш рет Әмірліктерге уран сатыла бастаған.

Сонымен қатар, “Қазатомөнеркәсіп” Ресейге салынған санкцияларды бақылап отыр. Себебі Ресей Федерациясы аумағынан өтетін транзитке байланысты мәселе туындап қалмауы керек.

“Қазір әлем бойынша клиенттерге өнімді жеткізу бойынша компания қызметіне ешқандай шектеу қойылған жоқ. 2023 жылы Қазатомөнеркәсіптің еншілес және тәуелді ұйымдары жалпы сомасы 1,2 миллиард теңгеге 50 офтейк-шарт жасасты”, – деп нақтылады басқарма төрағасы.

Уран өндіретін ірі компания уран өндіру жобаларын шетелде, оның ішінде Африка, Моңғолия мен Өзбекстанда жүзеге асыру мүмкіндігін қарастырып жатыр.

“Бұл туралы ойлану үстіндеміз. Ерте кезеңдегі алдын ала келіссөз жүргізіп жатырмыз, түрлі географияны қамтып, осы бағытта жұмыс істеуге дайынбыз… Нақты айта алмаймын, бірақ жалпылама айтсам Африка құрлығы. Ол жақта “бізге қараңыздар” деп жатқан бірқатар ел бар, бірақ кей географияларда төңкеріс болуы мүмкін екенін ескереміз. Әлдебір соманы салуың мүмкін, аяқ асты төңкеріс болады да, алып қояды. Абай болу керек. Десе де, оны сызып тастамаймыз. Моңғолия, Өзбекстан, Америка”, – деді Мейіржан Юсупов баспасөз конференциясы кезінде журналистердің сұрағына жауап бере отырып.

Кейінірек ол әңгіме Танзания мен Намибия туралы болып отырғанын атап өтті. Оның сөзінше, компания Нигерде жұмысты бастау туралы алдын ала келіссөз жүргізіп жатқан жоқ. Айта кетейік, жақында болған мемлекеттік төңкерістен кейін франциялық Orano компаниясы елден кетуге мәжбүр болды.

Брифинг аясында ведомство басшысы журналистердің бірқатар сұрағына жауап берді. Тілшілердің бірі одан “Буденовское” кен орнының олигарх Александр Клебанов пен оның әріптесінен ресейлік “Росатом” корпорациясына не себепті, қандай сомаға сатылғанын сұрады. “Қазатомөнеркәсіп” ҰАК” АҚ басқарма төрағасы Мейіржан Бақытұлы уран өңдеу саласындағы келісімшартқа қатысты ешқандай пікір білдіре алмайтынын айтты. Себебі ол серіктестері жасаған келісімшарт, “Қазатомөнеркәсіп” бұл келісімшартқа мүше емес екенін айтты.