Әлеуметтік көмекке мұқтаждар азайып жатыр

0
550

Мемлекет тарапынан жасалып жатқан бұл қолдаулар кез келген адамға қолжетімді.


Әлеуметтік көмекке мұқтаждар азайып жатыр

Бүгінгі таңда елімізде тұрғындарды жұмыспен қамту проблемасын шешуге баса назар аударылып, ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Негізгі жұмыстарды облыс, қала мен аудандарда ашылған мансап орталықтары атқарады. Негізгі жұмыс іздейтін ақпарат көзі – «Электрондық еңбек биржасы», яғни www.enbek.kz порталы болып саналады. Осы сайтта жарияланған бос жұмыс орындары бойынша азаматтар өздеріне қолайлысын таңдауына болады. Сондай-ақ, қазіргі таңда мемлекет тарапынан тұрғындарды бос жұмыс орындарына жолдау, бизнес бастауға ниетті азаматтарды қолдау, жұмыс орнына субсидия беру және белгілі бір кәсіпке баулы сынды іс-шаралар атқарылуда. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан бұл қолдаулар кез келген адамға қолжетімді.


Мәселен, халқы тығыз орналасқан өңірлердің бірі – Түркістан облысын алып қарайық. Бүгінде аталған облыста жаңа өндіріс орындарын құру арқылы жүз жиырма мыңға тарта жұмыс орнын құру көзделген. Бұл мақсатқа жету үшін арнайы «Өңірді жұмыспен қамту бағдарламасы» бекітіліп, нақты іс-шаралар жоспарланған. Сәйкесінше, 2024 жылы облыстағы жүз сегіз мың адамды уақытша және тұрақты жұмысқа, төрт мыңға тарта адамды ұлттық жобалар және тұжырымдамалар аясында құрылатын жұмысқа жолдау, одан бөлек жеті мыңнан аса азаматқа қайтарымсыз грант және пайыздық үстемесі аз шағын кредит беру жоспарланған. Нәтижесінде осы жылдың сегіз айында жетпіс мыңға жуық азамат екі қолға бір күрек ұстап, жоспардың алпыс пайызға жуығы орындалған. Оның отыз мыңнан астамы тұрақты, отыз жеті мыңнан астамы уақытша жұмысқа жолданса, бір жарым мыңға тарта адам ұлттық жобалар мен мемлекеттік тұжырымдардың игілігін көрген.


Сондай-ақ, облыс аумағында төрт жүзге жуық жоба іскес асырылады деп жоспарланса, соның жартысынан астамы басталып, бір жарым мыңға жуық жұмыс орны құрылған. Ал, «Еңбек» бағдарламасы бойынша қырық бес мыңға жуық түркістандық жұмысқа орналасса, субсидияланатын жұмыс орындарына жолдау бойынша жиырма бес мыңнан аса адам жұмыс тапқан. Сонымен қатар, кәсіпке қолдау көрсету аясында 1800-ге тарта азаматқа грант пен жеңілдетілген несиелер тағайындалыпты. Айта кетерлігі, бұл бір ғана Түркістан облысындағы көрсеткіштер. Мұндай жұмыстар еліміздің барлық аймағында атқарылып жатқандығы көңілге медеу болады.


Жалпы, қазіргі таңда Қазақстанда жұмыспен қамту бағытына арналған түрлі бағдарламалар бар. Айталық, жоғары оқу орнын бітірген жас мамандарға «жастар практикасы» жобасы қарастырылған. Одан бөлек, зейнеткерлікке таяған адамдардың қызметін жастарға беру үшін «ұрпақтар келісімшарты» жобасы әзірленген. Ал, NEET санатына жататын жастар «Алғашқы жұмыс орны» жобасының игілігін көруде. Сонымен қатар, егде тартқан адамдар «Күміс жас» жобасы арқылы жұмысқа орналаса алады. Өзінің бизнес-идеясын іске асырғысы келетіндерге «Бастау бизнес» жобасы көмекке келіп, 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде грант ала алады. Одан бөлек, өзгелерге жұмыс ұсынамын деушілерге арнайы жұмыс орнын субсидиялау жүйесі қалыптасты. Оған қоса, ісін енді бастаған бизнес өкілдеріне жылдық үстемесі 2,5 пайызды құрайтын шағын несиелер беріліп жатыр. Ең басты әрі маңызды құжат өткен жылы қабылданған «Қазақстан Республикасының еңбек нарығын дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» бағдарламасы. Нәтижесінде еліміздегі жұмыссыз азаматтардың саны күн санап азаюда. Бұл әлеуметтік көмекке мұқтаж адамдардың санын қысқартуға да ықпал етері сөзсіз.


Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ