150 науқасқа арналған ауруханада орташа ауыр деңгейдегі және ауыр жағдайдағы науқастарды емдейді.
ERNUR.KZ. Алматы әскерилері коронавирус жұқтырған науқастарды қабылдау үшін инфекциялық стационар жасақтады, деп жазады sputnik.kz.
"Коронавирус жұқтырғандар санының артуына байланысты жергілікті атқарушы органның өтініші бойынша Алматыдағы қорғаныс министрлігінің әскери клиникалық госпиталі инфекциялық стационар жасақтады", - деп хабарлады қорғаныс ведомствосы.
Стационар 150 науқасқа арналған. Сонымен қатар медициналық мекемеде 50 орын соматикалық патологиясы бар әскери қызметкерлерді емдеу үшін және әскери-дәрігерлік және әскери-ұшқыштар сараптамасын жүргізу үшін бөлінеді.
"Біздің әскери госпиталь екінші эшелонға жатады. Сондықтан инфекциялық стационарға орташа ауыр және ауыр дәрежедегі науқастар жатқызылады. Жеке құрам мұндай жағдайға дайын", - деді Алматыдағы әскери клиникалық госпитальдің басшысы міндетін атқарушы Әбдіуәли Палтушев.
Оның айтуынша, госпиталь мамандарының коронавирус жұқтырғандарды емдеу тәжірибесі бар. Медициналық мекемеде жасанды тыныс алдырту және гемодиализ аппаратымен жабдықталған реанимация бөлімі жұмыс істейді.
Еске сала кетейік, 2020 жылдың сәуірінен бастап әскери госпиталь дәрігерлері халыққа медициналық көмек көрсету жұмыстарына екі рет жұмылдырылды. Нәтижесінде 1 430 адам емделіп шықты, оның шамамен 30%-і – ауыр және асқынған деңгейдегі науқастар.
2021 жылдың шіддесінен бастап Нұр-Сұлтандағы Бас әскери клиникалық госпиталь коронавирус жұқтырғандарды емдеу үшін қайта іске қосылды.
Сондай-ақ Алматы, Талдықорған және Үшаралдағы үш әскери-емдеу мекемесі азаматтарды қабылдауға дайын. Аягөз, Талдықорған, Сарыөзек және Семей әскери госпитальдарында қосымша төрт инфекциялық бөлім жұмыс істеп тұр. ПТР-тестілеу жүргізу үшін Нұр-Сұлтанда және Алматыда екі стационарлық зертхана, сондай-ақ Ақтау мен Семейде мобильді зертханалық кешендер ашылған.