Алматы облысында бүтін бір ауыл бір ғана отбасының меншігіне айналған

0
772

Жайылымдық жер туралы мәселені көтерген мәжілісмен Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданындағы Асысаға ауылы жайлы айтты.


Алматы облысында бүтін бір ауыл бір ғана отбасының меншігіне айналған

ERNUR.KZ. Алматы облысында бүтін бір ауыл бір ғана отбасының меншігіне айналған. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында депутат Бақытжан Базарбек мәлімдеді, деп жазады Stan.kz

Жайылымдық жер туралы мәселені көтерген мәжілісмен Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданындағы Асысаға ауылы жайлы айтты.

"Асысаға ауылында 11 мың га жайылымды жер бар еді. 2013-2015 жылдар аралығында Болат Назарбаевтың қойған әкімінің заңсыз қаулысы салдарынан 11 мың га-ның 9 мың га жайылымды жері бір жанұя мүшелерінің жекеменшігіне өтіп кеткен. Яғни, әкесі – 2 300 га, үлкен ұлы – 1 370 га, ортаншы ұлы – 1 340, ортаншы қызы – 1 260 га, кіші қызы – 1 760 га және оның күйеуі 1 670 га жерді иеленіп алған. Осылайша, бүтін бір ауылдың жері бір ғана отбасы мүшелерінің жекеменшік және жер пайдалану құқығына өтіп кеткен", - деді депутат.

Бақытжан Базарбектің сөзінше, "Жер аманаты" республикалық комиссиясы оның 6 500 га жерін мемлекеттік меншік иесіне қайтарыпты.

"Бұл мысалды неге айтып отырмын? Жайылымды жерлердің мәселесі Қазақстанның түкпір-түкпірінде өте өзекті болып тұр. Біз "қоғамдық жайылым" деген ұғымды енгізіп отырмыз. "Қоғамдық жайылым" деген ұғыммен қоса, енді жемқорлыққа белшесінен батқан әкімдер қоғамдық жайылымды жерлерді ығай-сығайларға беруге құқығы жоқ. Себебі ол базаға қоғамдық жайылымдық жерлер ретінде енгізіледі", - деді мәжілісмен.

Ол нақты бір елдімекенде 5 жыл тұрған азамат енді қосымша ұпайға ие болатынын атап өтті.

"Жайылымды жерлерді егістік жерлерге айналдыруға болмайды. Сондай-ақ енді әкімдер жайылымды жерлерді резервке қоюға міндеттеледі. Жайылымды жерлерді кооперативтерге береміз және кооперативтерді қолдаймыз", - деді Бақытжан Базарбек.