Алматы облысында ер адам сырғанақ теуіп жүрген бес адамды қағып, қашып кеткен

0
562

Алматы облысында тауда сырғанап жүрген бір отбасын көлігімен қағып мерт қыла жаздаған жүргізуші ұсталды.


Алматы облысында ер адам сырғанақ теуіп жүрген бес адамды қағып, қашып кеткен

ERNUR.KZ. Оқыс оқиғадан екі кішкентай бала зардап шеккен. Ал жүргізуші оқиға орнынан қашып кетіп кінәсін мойындамай отыр, деп жазады Stan.kz.

Полицейлер де алғашында қылмыс құрамы жоқ деп арызды қабылдамай қойған екен. Төбешіктен төмен қарай сырғанап бара жатқан баллонда жеті адам отырған. Бір сәтте олар қарсы алдынан шыққан көлікке соғылады. Оқыс оқиға осыдан екі апта бұрын алматылықтардың басым көпшілігі көңіл көтеруге келетін Рахат ауылындағы тау сілемдерінің етегінде болған.

Баллонның көлікпен соғысқан сәті видеода жоқ. Өйткені сол сәтте телефонға түсіріп тұрған Халмұрат Қамалов жақындарына көмектесуге ұмтылған. Айтуынша, туыстарының сынбаған жері қалмай, айнала қанжоса болыпты.

“Соқтығысқан кезде баллон жарылып кетті. Олар алдыңғы бампер мен дөңгелекке соғысықан. Інім дөңгелектің астында қалды. Мен оны көре сала, жүгіріп барып көліктің терезесін сындырдым. Жүргізуші соған қарамастан, түк болмағандай кетіп қалды”, – дейді Талғар қаласының тұрғыны Халмұрат Қамалов.

Сырғанақта бес адам зардап шекті. Көбісінің сүйегі сынып, миы шайқалған. Арасында 10 және 4 жасар бала бар. Қазір үшеуі үйінде емделіп жатса, Халмұраттың інісі мен жұбайы әлі ауруханада жатыр.

“Бірінші науқас 33 жастағы азамат. Оның оң қабырғаларының 3-ші қабырғадан 10-шы қабырғаға дейін сынығы пневмоторакспен асқынған. Және оң өкпесі зақымданып, оң жақ жауырын сүйегі сынған. Түскен кездегі жағдайы ауыр болды. Екінші науқас түскен кезде жағдайы орташа ауыр болды. Оң жақ жамбас сүйегінің басы шығып кеткен, жарақаттары бар”, – дейді Алматы қаласы жедел жәрдем ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Ермек Желдібаев.

Қазір екеуінің жағдайы оңалып келеді. Ал жүргізуші кінәсін мойындамай, керісінше, бізді кінәлайды дейді Халмұрат.

Полицейлер де іс қозғамай, сылбыр жұмыс істейді деп қынжылады. Қазір тәртіп сақшылары күдікті ретінде 34 жастағы Honda CR-V көлігінің иесін ұстады.

“Жедел іздестіруде 34 жасар жүргізуші күдікті болып танылып полицияға жеткізілді. Оған қатысты ҚР ҚК 345-бабымен қылмыстық іс қозғалды. Жол-көлік оқиғасы бойынша істі тергеуде толық және жан-жақты қамту үшін барлық сараптама тағайындалды”, – дейді Алматы облысы ПД ресми өкілі Ернар Сайдилдин.

Оқыс оқиғаның ақ-қарасын тәртіп сақшылары анықтайды. Ал зардап шеккен отбасы тауда көлігімен ойқастап жүріп бес бірдей адамды қаққан күдікті, ең болмағанда, ем-домға қажет шығынды өтеп беруін талап етіп отыр.