Жамбыл облысындағы Ынталы, Батыс Қазақстан облысындағы Киров және Түркістан облысындағы Қапшағай су қоймаларын қайта жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр.
ERNUR.KZ. Жаңа су қоймаларын салу және қолданыстағыларды қайта жаңарту көктемгі тасқындарға қарсы тиімді күрес жүргізуге, сондай-ақ ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп салаларында қолдану үшін қар суын молырақ жинауға мүмкіндік береді, деп хабарлайды ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі.
Қазіргі таңда Түркістан облысында «Бәйдібек ата» және «Қарақуыс» су қоймалары, ал Алматы облысында «Қызылжар» су қоймасы салынып жатыр. Ақмола облысында Жабай өзенінде су жинау қоймасы салынып жатыр, ал Шағалалы өзенінің арнасын тереңдету жобасы аясында үш шағын су қоймасының құрылысы жоспарланған. Жамбыл облысында «Андас» деп аталатын үш тоғанның құрылысы аяқталуға жақын.
Сонымен қатар Жамбыл облысындағы Ынталы, Батыс Қазақстан облысындағы Киров және Түркістан облысындағы Қапшағай су қоймаларын қайта жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр.
Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың тұжырымдамасына сәйкес, 2030 жылға дейін Қазақстанда 42 жаңа су қоймасы салынып, жұмыс істеп тұрған 37 су қоймасы жаңғыртылады. Бұл ауыл шаруашылығын тұрақты сумен қамтамасыз етуге, су тасқыны қаупін төмендетуге және трансшекаралық суға тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді. Солтүстік өңірлерде жаңа су қоймалары 1,5 млрд текше метрге дейін тасқын суды жинап, 216 елді мекенді су басудан қорғайды. Ал оңтүстікте суармалы жерлердің көлемін 295 мың гектарға ұлғайтуға жол ашады.
«Бүгінде 6 су қоймасын салу және 15 су қоймасын қайта құру бойынша жобалау-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр. Сонымен қатар министрлік инвесторларды тарту жұмыстарын белсенді жүргізуде. Қазірдің өзінде Ислам даму банкімен келісім бар. Соның аясында биыл 4 жаңа су қоймасы салынып, жұмыс істеп тұрған 4 су қоймасы қайта жаңартылмақ. Ислам даму банкімен ынтымақтастықтың екінші кезеңінде тағы 11 су қоймасын салу және 13-ін жаңғырту көзделген,– деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.