Жол-көлік оқиғасы 17 тамызда «Алматы-Өскемен» автожолында болған.
ERNUR.KZ. Алматы облысында көлік апатынан екі адам мерт болды, деп жазады ҚазАқпарат.
Алматы облысының Полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл жол-көлік оқиғасы 17 тамызда сағат 22:00 шамасында «Алматы-Өскемен» автожолында болған.
«Алдын ала мәліметтер бойынша, «Тойота камри» маркалы автокөлігінің жүргізушісі Алматы-Өскемен автожолының бойымен солтүстік бағытта 46 км жүріп өтіп, алдыңғы сол жақ доңғалаңы тесіліп, соның салдарынан автокөлік 90 градусқа бұрылған. Осы сәтте оның артынан келе жатқан «Хюндай акцент» маркалы автокөлік жоғарыда аталған автокөлікпен соқтығысқан.
Жол апатының салдарынан оқиға орнында «Тойота камри» көлігінің жүргізушісі мен оның жолаушысы көз жұмды»,- делінген аталған ведомствоның баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Сондай-ақ, «Өтеген батыр» кентіндегі орталық ауруханаға түрлі жарақаттармен осы көліктің тағы бір жолаушысы жеткізілді. Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 345-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тиісті сараптамалар тағайындалды.