Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев балаларды екі мекемеден Сүмбе мектебіне ауыстыруды тапсырды.
ERNUR.KZ. Алматы облысы Ұйғыр ауданындағы орта мектептердің бірінде бар болғаны 50 бала оқиды. Осындай аз оқушымен 32 мұғалім жұмыс істейді, - деп жазады Tengrinews.kz.
Бұл туралы Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің жұмыс сапары барысында белгілі болды.
"Бірлік Сүмбе мектебінде 125 бала оқиды. Жанасай негізгі мектебінде 50 оқушы бар, оларды 32 адамнан тұратын ұжым оқытады. Екі мектеп те жөндеуді қажет етеді, екінші мектеп 1956 жылы салынған", - деді білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаева.
Сонымен қатар, осы ауданның Сүмбе ауылында 750 оқушыға арналған басқа мектеп жұмыс істейді, онда 348 оқушы бар. Оқу мекемесінің ғимараты 1978 жылы салынған. Стоматология кабинеті бар. Негізгі спортзалдан басқа, түрлі тренажері бар фитнес-орталық ашылды, бокс залы жабдықталған. Салтанат Беспаеваның айтуынша, оқу орнында балалардың оқуына және жан-жақты дамуына барлық жағдай жасалған.
Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев балаларды екі мекемеден Сүмбе мектебіне ауыстыруды тапсырды. Босаған жерді қосымша білім беру мектебі ретінде пайдалану ұсынылды. Сонымен қатар, облыс әкімі жабылатын мектептердің педагогтарын ауданның басқа білім беру мекемелеріне жұмысқа орналастыруды тапсырды.