31 тамыз күні Қарасай ауданының Райымбек ауылында газбетонды блок шығаратын цехта жарылыс болған еді.
ERNUR.KZ. Алматы облысының Қарасай ауданына қарасты Райымбек ауылындағы газбетонды блок шығаратын цехта болған жарылыс бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп жазады ҚазАқпарат.
«Осы факті бойынша ҚР ҚК 156 бабы «Еңбектi қорғау қағидаларын бұзу» 3-бөлігі бойынша іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Аталған факті Алматы облысындағы Полиция департаменті басшылығының қатаң бақылауында», - деді Алматы облыстық Полиция департаментіндегі баспасөз қызметінің жетекшісі Сергей Незнаев.
Аталған қылмыстық кодекстің осы бабына сәйкес, кінәлі адам белгілі бір лауазымды атқару құқығынан 3 жылға дейін айырылып, бес жылға дейін бас бостандығынан шектеледі. Немесе дәл осы мерзімге бас бостандығынан айырылады.
Еске салсақ, 31 тамыз күні Қарасай ауданының Райымбек ауылында газбетонды блок шығаратын цехта жарылыс болды. Салдарынан цех ішінара бұзылып, түтін шығатын құбырдың бір бөлігі жеке тұрғын үй секторының аумағына ұшып түскен. Жарылыс орнында 1961 жылғы ер адамның денесі табылды. Аудандық ауруханаға әртүрлі жарақатпен екі адам жеткізілген еді. Ауруханаға жеткізілген 1981 жылғы науқас жансақтау бөлімінде 31 тамыз күні кешкі сағат 20:20 да қайтыс болды. Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің хатшысы Ләйлім Әубәкірованың сөзінше, ауруханада жатқан 1984 жылғы азаматтың да жағдайы ауыр. Ол травматология бөлімінен жансақтау бөліміне ауыстырылған.