Алматы полиция департаментінің бастығы қызметінен босатылды

0
902

​Қанат Таймерденов Алматы полиция департаментінің бастығы қызметінен кетті.


Алматы полиция департаментінің бастығы қызметінен босатылды

ERNUR.KZ. Алматы полиция департаментіндегі дереккөздің мәліметінше, бүгін басқарма басшылары қатысқан отырыста Қанат Таймерденов басқа жұмысқа ауысуына байланысты қызметінен кететінін айтқан, деп жазады sputnik.kz.

Жаңа қызметке қатысты әзірге ресми мәлімет жоқ.
"Әрине, ол қызметін қай бағытта жалғастыратынын біледі. Бұл туралы ештеңе айтпады, өйткені ішкі істер министрлігінде субординация қатаң сақталады. Барлық тағайындауды ішкі істер министрі жасайды. Оны не өзі не министрліктің баспасөз қызметі арқылы жариялайды", - деді дереккөз.
Қанат Таймерденов ішкі істер органдарындағы қызметін 1995 жылы Алматы облысы Қаскелең ауданы ішкі істер басқармасы қылмыстық іздестіру бөлімі 2-бөлімшесінің жедел уәкілі болып бастаған.
2000 жылы Алматы облысы Қарасай аудандық ішкі істер басқармасының қылмыстық іздестіру бөлімін басқарды. Сол жылы Алматы облысы ішкі істер басқармасы криминалдық полиция қызметінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының ерекше маңызды істер бөлімінің бастығы болып тағайындалды.
Одан кейінгі жылдары Алматы қаласы мен Алматы облысы бойынша ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменттерінде басшылық қызметтер атқарды.
2017 жылдың желтоқсан айында Маңғыстау облысы ішкі істер департаментінің бастығы болып тағайындалды.
Ол 2020 жылдың қаңтарында Алматы полиция департаментінің бастығы болды. 2022 жылдың қаңтарындағы тәртіпсіздіктер кезінде Алматы қаласының коменданты болды.
47 жастағы полиция генерал-майоры қаңтар айында қоршауда қалған департаментке басшылық жасап, жан-жақтан шабуылға ұшыраған ғимаратты сегіз сағат бойы ұстап тұрды.