Алматыда дәріхана басшысы тексеруге келген депутатты сыртқа қуып шықты

0
676

«Талапқа сай жұмыс істеп жатырмыз» дегенмен, дәрі бағасы бекітілген қағазды көрсетуден бас тартты.


Алматыда дәріхана басшысы тексеруге келген депутатты сыртқа қуып шықты

ERNUR.KZ. Алматыда дәріханалар препараттарды өз бағасынан екі есе қымбатқа сатып жатыр. Оған бүгін сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг қызметі көз жеткізді. Рейд кезінде әлеуметтік ара қашықтық сақталмағаны анықталды. Тіпті сағаттап кезекте тұрғандардың іздеген дәрілері табылмай, бары қымбат бағаға сатылып жатыр, деп хабарлайды КТК арнасы.

Тосыннан келген тексерушілерді күтпеген мұндағылар біраз әбігерге түсті. Тіпті дәріхана басшысының өзі сынай келген қызметкерлер мен депутатты далаға алып шықты. Сөйтіп, «талапқа сай жұмыс істеп жатырмыз» деп тыраштанғандар дәрі бағасы бекітілген қағазды көрсетуден бас тартты.


- Жоқ, мен рұқсат бермеймін. Барлығы жұмыс істеп жатыр. Кезекке тұрыңыз да, бағасын біліңіз. Біз тек қала әкімдігіне бағынамыз және тек соларға есеп береміз. Ал сіздерге мұнда айтып тұрмаймыз.


Дәріхана басшыларының рейдке келгендерді сыртқа қуып шыққаны былай тұрсын, тіпті жай ғана дәрінің бағасын білу үшін де кезек күту керегін айтты. Ұзын-сонар кезекте сағаттап тұруға тура келеді.

Осылайша әзер дегенде ішке кірген біздерге «бағаны бақылауда ұстап отырмыз, шекті бағада шектен шықпадық» дейді. Сондай-ақ, мұндағы кейбір дәрінің жоқтығына халықтың өзін кінәлап отыр.


- Парацетамол 125 теңге. Сумамед 5600, зитмак 4900 теңге. Бұл айтып тұрған бағаларым 500 мг. Тамифлю 9990 теңгеден болды. Бірақ қазір жоқ. Гипарен де жоқ. Сұраныстағы дәрілер келе салысымен, бір-ақ күнде таусылып кетуде. Өйткені адамдардың өзі көптеп сатылып, өзгелерге жетпей қалады, - дейді Бөлім меңгерушісінің орынбасары Оксана Aлиева.


Осылайша дертіне дауа іздегендер дәріханаларды кезуге мәжбүр. Таңертеңнен бері күн астында тұрып күткендердің іздегені табылмай, уақыты зая кетуде.


- Міне, бүгін сағат 10-нан бері дәріхана аралап жүрмін Бұл 15-ші дәріханам. Орталық дәріханаға келіп тұрмын. Ешқандай дәрі жоқ. Только парацетамол бар дейді. Іздеген дәрілердің ешқайсысы жоқ. Тек парацетамол, сол үшін үш сағат бойы кезекте тұрмын, - дейді қала тұрғыны.


Екінші дәріханада да жағдай дәл осылай. Ұзын-сонар кезек. Қаптаған қараша халық. Мұнда да қабағы қар жауған басшылық дәрінің бағасына шаң жуытпады. Ал сынай барғандар мәселені бұлай қалдырмаймыз деп ашулы.


- 1800 теңге тұратын антибиотиктің бір түрі, қазір 2600 теңгеден сатылып жатқанын байқадық. Барған дәріханалардан дәрілер бағасының бекітілген қағазын сұрадық. Барлығында жоқ деген жауап. Демек өз бетімен баға қойып, қымбатқа сатуы ғажап емес. Бұл жағдайды шұғыл түрде өзгертіп, шешімін табу керек. Енді әкімдік пен ішкі істер министрліктеріне ресми хат жолдайтын боламыз, - дейді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Ирина Смирнова.


Вирусқа қарсы препарат іздеген жұрт осылайша дәріханаларды күні-түні торуылдап жүр. Өйткені аурудың өршуіне байланысты көбісі үй жағдайында емделіп жатыр. Ал дәріханалардың өзі карантин талаптарын сақтамады деген тексерушілер ескертумен ғана шектелмейтінін айтады.